ҚОЛЫҢДЫ БЕР, КӨКЖҮЗІ! (Түркиялық балалар жазушысы Ташеттин Шимшектің «Yeşil Gözlü Kardan Adam» кітабынан «Ver elini gökyüzğü» хикаясы)
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айта келіп: «…Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» дейді, – «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы».
Міне, сондықтан да, Министрлік 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялады.
Осы орайда ғалым, аудармашы Еркегүл Арыққарақызының түрік тілінен тәржімалаған таңдаулы әңгімелерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Бұл торды жақсы көрмеймін, олар мені аспанымнан айырды. Қанаттарымды қайырды.
Көңілімнің қалауынша қанаттарымды қаға алмаған соң не керек?!.. Өмір сүрудің не мағынасы бар?!..
Ал, мынау Сарықауырсын жағдайына риза. Шағым жасағанын еш естіген жоқпын.
-Оһ дейді, жем бар, су бар, бұл үйдің баласы Селим бізді өте жақсы көреді. Анасы, әкесі де жақсы көреді. Бұдан бқа тағы не қалайын?
Күн сайын бізді самалдыққа шығарады. Торды балконға асып қояды.
Көкжүзін тамашалаймын. Көңілім көтеріліп, ішім жайнап қалады. Ана жұртымды, Австралияны сағынып жүрмін. Бір көшпенді еркін құстың торға үйренуі сондай қиын! Мен мүмкін қолға үйренбейтін шығармын. «Бұлбұлды алтын торға ұстасаң да, аһ Отаным» депті. Менікі де сондай жәйт!
Аһ, Сарықауырсын! Неше рет айттым оған.
– Қашып кетейік дедім. Бізге ұшы-қиырсыз зеңгір көк жарасады. Алла-Тағала бұл қанаттарды бізге не үшін берді? Еркін ұшайық дедім. Бұтасы мол, көгалды, орманды алқаптарда өмір сүрейік дедім. Үнемі ұшып-қонып жүрейік дедім. Олай болса бұл тар қапаста не ісіміз бар еді?
Селим бізді жақсы көреді, жарайды. Анасы, әкесі де жақсы көреді, бірақ, біз де көкжүзін жақсы көреміз, солай емес пе?
Сарықауырсын айтады:
– Сыртта өмір сүру менің қолымнан келмейді. Жем тауып жеу, су тауып ішу оңай ма? Әрі ұя салу қандай бейнет!.. Мен ол іске жоқпын.
Белгілі болғаны мынау Сарықауырсын қолға әбден үйреніпті. Менің бұл жағдайға еш ниетім жоқ.
Тура он бес күн бойы жанымды салып, тордың есігін ашуға тырыстым.
Соңында үйрендім. Ішінен тұмсығымды шығарып тордың есігін ұстап тұрған ілгекті тұмсығыммен түртіп шығарамын, есік ашылады.
Енді қашамын. Ұшып кетемін бұл жерден. Сарықауырсын да менімен кеткенін қалаймын. Бірге ұшайық алысқа.
– Жоқ, — дейді, ол, — мен кетпеймін. Сен қаласаң кете бер, Жалғыз ұшып кете бер!
Не істейін саған?! Онда мен жалғыз кетермін. Сарықауырсын бірге кетпейді. Айтуын айттым, менен кінә жоқ. Қолымнан келгенді жасадым.
Не айтсам:
– Жоқ, Көкқанат, — дейді, — мен мұнда бақыттымын. Жем бар, су бар. Әр адам бізді жақсы көреді. Неге қашқың келеді, түсінбеймін.
– Мен де сені түсінбеймін, Сарықауырсын!.. Сен даяр тамақ, жылы жерге әбден үйреніп алыпсың!..
Соңында мен өзім қаштым.
Ей, кең дүние!
Қанаттарымды қаққанда айналаға тартылған сымдарға соғылмайды. Еркін самғаймын. Қалаған жаққа ұшамын. Соншалықты ұшыппын, тіпті қанатым талды. Бір самалдықтың теміріне келіп қондым.
Дәл сол кезде не болғанын білмеймін. Ұзын құйрықты, мұртты бір жануар жер бауырлап келіп, үстіме қарай атылды. Оның өткір тырнағынан әзер құтылдым.
Өзін танымаймын, менен не қалады? Маған неге ашуланды, түсінбедім. Мен оған ештеме жасамадым ғой. Ол жерден ұшып шығып, бір тамға қондым. Ол жерде қап-қара ірі құстар бар еді. Маған біртүрлі жақтырмай, оғаш қарайды. Олардың суық райын сезіп, қатты састым, шындап қорықтым да, тіпті біреуі маған жақындамақ болды. Оданда қаштым. Ол да маған ашуланды ма? Қай қылығым ұнамай қалды? Бірақ, мен оған жаман ештеңе жасамадым ғой.
Мен осылайша тоқтамастан, демалмастан ұштым. Әбден қалжырап жол жиегіндегі бір ағаштың бұтағына қондым. Енді жайланып отыра бергшенім сол еді, бір бала қолындағы айыр ағашты разенкемен маған қарай тас ытқытты. Сәл тез қимылдап ұша жөнеліп едім, оның атқан тасы мен қонған тамның топырағын бұрқ еткізіді. Кішкене сылбыр болғанымда қанатымды сындырар еді.
Сонда мені ешкім жақсы көрмей ме? Мен бәрін де жақсы көремін. Бірақ, олар мені көрсе болды тап береді…
Кейін ұша бердім, ұша бердім. Жақын туыстардан бір қызыл тотықұс таба алар ма екенмін дедім. Жоқ, Інжір тотықұсы болса да болар еді! Ол да жоқ. Олардың бәрі қайда кеткен, білетіндер бар ма?
Соншалықты ашықтым, сондай сусадым, шөлдедім!.. Біраз шөп тұқымын қайдан тапсам екен? Қайдан су тауып ішсем екен?
Үйде қапасқа салып беретін арпа, бидай, сұлы бар еді, тойғанымша жейтінмін. Күріш, нан қиқымы бар еді. Ай гүлі, орамжапырақ, ақжелкен… бәрі-бәрі алдымда дайын тұратын еді. Бұл жақта бар жерден іздесем де, таба алмай дал болдым.
Кеш болды. Қараңғылық түсті.
Құдайым-ау! Қайда кетсем екен? Бір уақыт паналайтын, үйім жоқ қой менің. Алдымен бір үйім болуы керек, ұя салуға тиіспін.
Осы кезде Селимнің әжесін бірден есіме алдым. Қаншалықты құстар жайлы әндер білуші еді…
«Бұл қандай құс еді ұя жасамаған,
Бастаған ұясын аяқтамаған» деуші еді бірінде. Менің қазіргі халімді тура ұғындырғандай. Басқа өлеңдері де бар еді әженің:
«Ұшыңдар құстар, ұшыңдар туған жеріме,
Қазір тауларында күлгін сүмбілшаш бар».
Кейде «Күмісхана» өлеңін тастамай айтушы еді:
«Аулаға бір құс қонды,
Жасыл еді қанаты».
Әженің нәзік, сезімтал үні әр құстың бойын балқытып, есін алар еді… Әжені, құс туралы өлеңдерді еске алатын уақыт па еді қазір? Болмаса оларды сағындым ба? Қой енді, тіршілігімді дұрыстайын. Онан Сарықауырсынды ойладым. Жемін жеп, суын ішіп, ұйқыға кеткен шығар. Онан ары бізді айналып үйіріліп қызықтап жүретін Селимді ойладым. Менің ұшып кеткенімді көріп қалай ренжіді екен, кім білсін? Мені тордан көре алмағанда өте қатты ренжігеніне сенімдімін. Бәлкім Әкесі де, анасы да, әжесі де ренжіді… Тіпті әжесі «мен құстар туралы әндерімді енді кімге айтамын?!» деп сұраған да шығар.
Олар мені өте жақсы көретін еді. Әттең, тек қана торға қамамағанда қайтер еді? Тоқтаусыз сайрап ұшып-қонып жүрерме едім?!.. Қалаған уақытымда шығып, орманды аралап ұшып, кейін үйге оралғанымда ғой.
Айтпақшы, сондай қарным ашты, қаным кеуіп қатты шөлдедім. Паналап жататын жерім де жоқ. Ауа райы да сондай суық. Дірдектеп тоңдым. Ыстық бір үй, жылы бір ұя керек-ақ! Кері оралсам ба екен?! Бірақ, маған қажеті, тұп-тұнық зеңгіркөк, иә еркіндік! Жоқ! Жемсіз өмір сүрермін, бірақ тұтқында тар қапаста өмір сүре алмаймын.
Көкжүзі, сен, мені күт! Жақын арада қайтадан келемін. Көріскенше!
Ең алғашқы істейтін шаруам бір ағаштың бұтағына ұя салу… Бұл жерге Сарықауырсынды да алып келемін. Ол, еркіндіктің дәмін білмейді. Қанаттарын барынша жайып қалықтаудың рахатын көрмеген. Көздерін бір тордың ішінде ашқандықтан бүкіл дүние оған тор болып көрінеді.
Сыртта қандай бір дүние бар, көре алмайсың. Мен көрдім және оларды жақсы білемін, ештеңеге қарамастан кең дала, жасыл орманды ұнатамын.
Осыдан кейін қаладағы үйге оралдым, қалу үшін емес, біражолата қоштасу үшін. Мені көріп Селимнің қуанышы қойнына сыймады. Ол орындық-креслоның үстінде секіре бастады. Едел-жедел жүгіріп барып, анасын, әкесін шақырды:
– Ана, әке! Қараңыздар! Көкқұсым кері оралды, — деді, — Көкқұсым мені жақсы көреді екен. Оны өте жақсы көретінімді ол біледі екен.
Ата-анасы да өте қатты қуанды.
– Көкқұсымыз, – деді әкесі, — көкжүзін аңсады, нағыз өз жұртын көріп қайтты. Ол еркіндіктің дәмін татты ғой, енді торға кірмес. Ол ұлына қарап сен кейін,
– Самалдыққа асқан кезде тордың есігін ашық қалдыр, бола ма балам? – деді. Оны тыңдаған Селим,
– Әрине, әкешім, деді. Көкқұсым ұшқысы келсе, оған кедергі бола алмаймын! Қалауынша ұшсын. Кейін бізді сағынса қайтадан оралар. Жем берермін, су берермін. Мынау келгенінің өзі керемет емес пе!..
Кейін Селим қауырсындарымды иіскеді. Маған аялап жем берді, алдымдағы астаушаға су құйды. Мені ұзақ-ұзақ сүйді.
Тағы біраз сүйсе Сарықауырсын сөзсіз қызғанар еді. Ой, Алла! Не деген жақсы адамдар еді! Ұшуыма ерік беретін болды.
Ертең мүмкін, Сарықауырсынды да бірге алып ұшып кетерміз. Шарықтап бірге ұшармыз көңіліміздің қалауынша!.. Тағы бір жолы Селимге алғыс айту үшін келіп кетерміз.
Содан кейін, бер қолыңды көкжүзі!
Бер қолыңды еркіндік!