Қолымнан бір тастаған емеспін

Менің жаныма бір нәрсе жетпейтіндей тұратын. Ата-анам біздерге барлық жағдайды жасап отыр. Жоғары сыныптасың деп, алтын сырға, алқа да сыйлады. Соның бәріне қуандым. Құрбыларыммен қатысатын сабақтан тыс уақыттағы үйірмелерден де жалықтым. Анам:
— Қызым, неге тұйықсың? Денсаулығың болмай жүр ме? — дейтін.
Бірде кітапханада ардагерлермен кездесу болады деп бардық. Ерте келіппін. Кітапханашы апай:
— Оқу залында газет-журнал оқи отырыңдар, — деп алдымызға баспасөз басылымдарын қойды.
Көзім түрлі-түсті әдемі журналға түсті.
— «Мөлдір бұлақ!», «Мөлдір бұлақ!».
Парақтап шықтым, бірақ оқымадым. Қайта ақтардым. Міне, мен жаныма жетпеген нәрсені таптым. Ол — адам баласының рухани азығының бірі екен.
Арада оншақты жыл өтті. Қазір өзім де ұстазбын. Журналымды қолымнан бір тастаған емеспін.
Саида МҰХАМЕТЖАНОВА,
Х.Иассауи атындағы №123 гимназия мұғалімі,
Алматы қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ