Көк бөрінің ұрпағымын
Жалғас ҚАЗЫБЕК – Алматыдағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы, ІІІ Республикалық оқушылар айтысының, «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысының жүлдегері. Назарларыңа жас талаптың бірнеше өлеңдерін ұсынамыз. Жалғастың өлеңдерінде жастық жалын, ерекше қуат бар. Поэзия әлемінде биіктей бер, жас талап!
Көк бөрінің ұрпағымын
Тарихында жатқан көп шын тағылым
Самғатқан биік шыңға сұңқар ұлын.
Күштілігі көкжалдан кем түспейтін
Көк бөрінің көреген ұрпағымын.
Кең атырап даламен тыныстаған
Арасынан елдіктің қыл ұшпаған.
Өр рухымен сынбастай сағыменен
Тектілік пен намысты бір ұстаған.
Шырайлы шартарапта тыныстаған
Алдарына түп-түзу жол ұстанған.
Діні мен ана тілін құрмет тұтып
Емес олар кезінде орыстанған.
Босағасын жауына аттатпаған
Үймелетіп шыбындай қаптатпаған.
Ең бастысы ұстанып мәртебесін
Намыстарын ешқашан таптатпаған.
Малынан да бірінші арды ұнатқан
Кейін барып атақ пен алды мақтан.
Найзаларын жаудырып ақ нөсердей
Майдан кешіп түспеген арғымақтан.
Мен де дархан жерімде тұрақтаймын
Қыздарымды қарагөз жылатпаймын.
Қырдан байқар қырандай елім деп мен
Қазағымның көк туын құлатпаймын.
Құпия ғашық
Жылытады бойымды сыңғыр үнің
Аш дегендей әлемнің тың ғылымын.
Бірімізді-біріміз сүйсек егер
Ғашықтықтың сақтаймыз құндылығын.
Байлауымды өзіңсің тез кестірген
Мәжнүн бе деп маған көп сезбес күлген.
Нұрға толған шуақты жаным сені
Тағдырыма ризамын кездестірген.
Қайтып келмес махаббат қол бұлғады
Лаулағанда сезімім қор қылмады .
Майданындай махаббат мұхитының
Тасқындайды тұнық тым толқындары.
Жанымды сен аласың ұғындыра
Махаббаттың бекетін тұғыр қыла.
Ешкімге үн қатпайсың мен туралы
Ашпай жүрсің әлі де сырымды да.
Тапқандаймын сыңарым егізімді
Қайтарған соң өзіме кері ізімді.
Сырласым деп бөліссем қалауыммен
Түсінесің бірден сен лебізімді.
Қызығына тойғандай көреген ер
Шаттығыма шуақты бөлене бер.
Сырласымның есімі кім десеңдер
Ғашық жаным ол менің – ӨЛЕҢ ӨНЕР.
Түс
Жер ізін сіңдіргендей
Лебізін білдіргендей
Көңіл леп.
Құшақтап күлдіргендей
Пышақтап тілдіргендей
Өмір деп.
Дүл-дүлдің самғауындай
Бұлбұлдың таңдауындай
Салып ән.
Кірпінің барлауындай
Түлкінің арбауындай
Таңып аң.
Көсемнің байлауындай
Шешеннің сайрауындай
Біліп тіл.
Астықтың жайнауындай
Жастықтың қайнауындай
Күліп бір.
Басқаның өргеніңдей
Асқағын көргеніңдей
Қызық боп.
Бар ауыр өлгеніңдей
Қарауыл төнгеніндей
Шыжық көп.
Бақылап қарағандай
Жақын-ақ жанағандай
Құлайды.
Пісте деп санағандай
Тістелеп талағандай
Жылайды.
Денемді мұздатқандай
Тереңді сыздатқандай
Тылсым күш.
Кезгендей күз бақ қандай
Сезгендей тұз батқандай
Сыр сын түс.
Сарыарқам
Сарқылмас қазынаңмен қайралайын
Асқағыңды беталды байламайын.
Рухыменен түлеткен Қасымымды
Ыстық маған топырағыңнан айналайын.
Алаңдаймын өзіңе дағдылықты
Ризамын бергеніне тағдыр құтты.
Қасиеті Ұлытау тәрбиелеген
Ақберені Нұркендей Әбдіровті.
Құндылықты сендегі сақтайық тым
Ардағынды үмітті ақтай ұқтым.
Сай тасыңның киелі қасиетінен
Иісі қалды артында Сәтбаевтың.
Еткеніңдей атып сен оқ қысылмай
Татып дәмін тойған шөп тоқтысындай.
Тағдыр боран соққызса өңірімде
Істеп ұрған Головкиннің соққысындай.
Киелі байлығымсың дара тұрған
Иілген де өзіңе ала тұлғам.
Ерте алып нәр Құдайдың нөсерінен
Лайым ірі Шынкеев жаратылған.
Іле Балқаш ағынындай бір реңісің
Маралдың Ақадырда сүргені шын.
Ерініп батқан күнге қарасам мен
Кең өлкеде елімнің тілерісің.
Еңселі айбыны асқақ Сарыарқам
Нағыз тура табиғат діңгегісің.
Жан қалауы…
Қашан көрсем
Сезгендей
Боламын мен
Өткергенде жастықты
оралыммен.
Жабырқаған кезімде сыр кезгендей
Жарылғандай жүрегім тоңамын мен.
Қанап оның тілініп қанталауын
Сезесің бе
Мендегі жан қалауын?
Сәуле шашар күн нұрым қалағандай
Шыдап жүріп сезімді арқалауын.
Бұл менің
Ерекше ең ісім дейсің
Бәрі де жан қалауы үшін дейсің.
Соның бірақ лапылдап жануын сен
Маздағандай маралым түсінбейсің.
Басқаға
Алмайын деп
Жұлындырып
Байқағандай бойлауын бұрынғылық.
Жүресің бе
Құлазып қиналғандай
Менің асқар жаным мен сырымды ұғып.
Саған деген
Өлмеді
Өртенді үміт
Айналғандай сырменен өлкем күдік .
Таба аламын мен сенен
Таба аламын
Күш беретін көңіл мен көркемділік.
Жақсы жағын
өзгеден тыйған айсың
Жанға жара жабырқап жинамайсың
Қатты мені бәрінен
жек көрсең де
Жарылқаған болып сен қинамайсың.
Ойлағанда
Қалаймын алдамауын
Жүрек емес кері көп
Ар қанауын.
Музам сенсің –
Шабытым шарықтайтын
Болғандықтан сен менің жан қалауым.
Әке
Мәртебеңіз Әкешім айға асады
Ұлыңыз жолыңызға жайғасады.
Ізіңізден енді кеп мен туылдым
Тарлан боздың тұяғын тай басады.
Болсам деймін сізге мен ұл маңызды
Ішсем деймін сусындап жылғаңызды.
Қадіріңіз құтты әрі қымбат маған
Асқақ тұтам содан мен тұлғаңызды.
Әлі өмірде бақуат бақ табасыз
Тұғыр деген тұңғиық тақты аласыз.
Ертең Әке шыңға мен шыққан кезде
Бұл менің ұлым ғой деп мақтанасыз.
Жақсылықты жаныңа жетектейсің
Өміріңді жалғанмен өтетпейсің.
Кенжем ұлым деп мені еркелетіп
Айтқанымды Әкешім екі етпейсің.
Көк аспаным өзіңсің асқаралым
Болмасын тек қатулы қас-қабағың.
Өмірдің қиын әрі тарам-тарам
Шаршамайсың бұзудан тас қамалын.
Шарықта шабыт
Жас буын ойлап апақты
Баспалдақ өрер.
Арзымас алып атақты
Аспандат өнер.
Суырдай семіз салмақпен
Жас таптамаймын.
Алатау асқар ардақпен
Асқақта айбын.
Теңейтің өнер гауһарға
Жалғансың көңіл.
Жыр дейтін маржан жауһарға
Арналсын өмір.
Жүремін әнді отта да
Жарықта салып.
Шыға бер шыңға тоқтама
Шарықта шабыт.
Менің ағам
Жанарынан жалыны жарқыраған
Бөлек оның парасат парқы маған.
Бір мың жылда бір-ақ рет туылатын
Арқалаған айбын-үн алтын ағам.
Түзу біткен басқан әр баспалдағы
Жолбарыстай жаһанның жас тарланы.
Төзіміңе ағамның жетпейді ғой
Жұлдыздардың саны да аспандағы.
Жаныңа оның жақсылар жиғаны да
Көңіліне бар әлем сиғаны ма?
Жабырқаулы күйде өзі боп тұрса да
Күлкі сыйлап шаршамас дидарыма.
Құшағына кең пейіл сиған ай күн
Дейді әр кезде ешқашан қирамаймын.
Керек болса қазір-ақ туын тігіп
Бере алады шыңына Гималайдың.
Маңғаз сұлу сал-сері керім адам
Сақтай алар дұшпаннан елін аман.
Қастандыққа қасқайып қарсы тұрар
Ол әрине тек қана менің ағам.
ЖАТ
Жан-жағымды жайпармын
Жауатын жас жәй қармын.
Жазда және жасқанбай
Жауқазындай жайқалдым.
Асқан айбын алармын
Ашық айқын адалмын.
Армандары алпауыт
Алғыс алған адаммын.
Тыным тағы таппадым
Тәтті түйір татқаным.
Толассыз тек тоқтамас
Тасқындарды таптадым.
****
Жолымнан тұршы
Қарындас
Қамалдай тұрсың алынбас.
Бәрібір өтем
Нетсеңде.
Болсаң да ару бағынбас.
Ақыры өттім көрдің бе?
Бізде де бар ғой өр мүдде.
Кеттің ғой өзің
Әнекей
Махаббатыңды бөлдім бе?
Менен де қорек азық ал
Сөзімді тіпті
Қаз ұғар.
Өмірде нөмір керек қой
Менікін тыңдап жазып ал.
8-ді жазшы байқадым
707 қайтарым.
Әзірге осы болады
Қалғанын кейін
Айтамын.