Қоғамдық ойды қозғаған Қожаберген

Қожаберген Толыбайұлына – 350 жыл

Бір бойына сан түрлі қасиет қонған Қожаберген Толыбайұлы – ақын, жырау, батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері.
Тарихшылардың ұйғарым-дерегі бойынша ол Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Толыбай жалы деген жерде 1663 жылы дүниеге келген. Әкесі Толыбай да батыр, би, елге әйгілі ат сыншысы болған. Ол жастайынан нағашысы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының ұрпақтарының қолында өсіп, Үргеніш, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқиды. Сауаттылығының, зеректілігінің арқасында ол өзіне дейінгі ақын-жыраулардың өлең-жырларын көп оқиды. Араб-парсы тілдерін жетік меңгергендіктен, медреседе жүріп, Шығыстың жарық жұлдыздары атанған Низами, Науаи, Жәми, Физули, Фирдоуси, Сағди, Рудаки шығармаларын оқып, солардан ғибрат алады. Бұған қоса, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри және өзінен бұрын өткен Әбілғазы баһадүр хан сияқты ғұламалар жазып қалдырған шежірелермен таныс болған.
Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы түрікмен елдері арасында елшілік қызмет атқарған. 1688 жылы Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожаберген жырауды бүкіл қазақ, ноғай, қарақалпақ әскерінің қолбасшысы етіп сайлайды. Үш ғасырға созылған қазақ-қалмақ шапқыншылығының халқымыздың өміріндегі ауыр кезең болғанын, мұнда жан берісіп, жан алысқан, қаншама қан төгілген шайқастар болғанын тарихтан жақсы білеміз. Тауымыз шағылып, амалсыз елден, жерден ығысып, «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырайтынымыз осы тұста. Сол аласапыран кезеңдегі елдің аумалы-төкпелі зар заман мен қатпар-қатпар тарихи оқиғаларды «Елім-ай» атты эпопеялық дастанында ғажайып шындықпен бедерленеді.
Көлемі мен ауқымы мол жеті бөлімнен, 3683 шумақ, 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастанын асты-үстін қопарып зерттесе де, бірнеше ұрпақ ғалымдары түгесе алмайтын құнды жәдігер, қазыналы қойма екені даусыз.
Қожаберген жыраудың жан-жақты терең білімі мен үлкен дарынын қазақтың ұлы мемлекет қайраткерлері Әз Тәуке де, Абылай хан да тиімді әрі орынды пайдалануға тырысқан. Әз Тәуке хандық құрған тұста елдің ата заңындай болып әйгілі «Жеті жарғы» дүниеге келеді. «Жеті жарғыны» жазуда Қожаберген кеңесші немесе атақты билердің айтқандарын көшіріп беруші ретінде емес, белсенді авторының бірі ретінде шешуші рөл атқарған. Сөйтіп, Қожаберген Әз Тәукенің сенімі мен үмітін ақтап, «Жеті жарғыны» ақ былғарыға жаздырып, ханның өзіне тапсырады. Мұның бір данасы бүгінде Түркияда Стамбулдың Сүлейман атындағы Канони кітапханасында сақтаулы екені айтылып жүр.
Тарихи деректердің айғақтауынша, Қожаберген 1710 жылдың жазында өзінің салиқалы жасқа таяп қалғанын, ұзақ жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздіксіз қатысып, шаршағанын алға тартып, Тәуке ханнан өзін Ордабасы қызметінен босатуды сұрайды. Әз Тәуке әуелі қош көрмесе де, кейін қоймаған соң әзер дегенде келісім береді. Сонда Қожаберген баһадүр ақ батасын беріп, өз орнына Бөгенбай батыр Ақшаұлын қазақ, ноғай, қарақалпақ жұртының біріккен әскерін басқаратын Бас қолбасшы етіп сайлайды. Қожабергеннің батырлығы мен ерлігі Бұқар жыраудың «Ұстазым» атты толғауында кеңінен баяндалған.
Қожаберген бабамыздан қалған рухани мұраның шексіз екенінде дау жоқ. Қазақ халқының қабырғасы қайысқан заманда мұңын таратқан «Елім-ай» әні бір төбе, «Күлдірмамай», «Қойлыбай көреген», «Қарасары балта керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл» дастандары, «Ақсауыт», «Ғасыртас», «Дүние», «Жігіттік» сияқты толғаулары мен «Қарғыс атқан қалмақ-ай», «Сылаң Сыр», «Балқан, Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен ноғайдың қоштасуы» өлеңдері, «Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Шұбырынды», «Сұлама» күйлері – осының бәрі тарихтың қойнауынан құнды деректерді суырып алуға сұранып тұрған мол дүниелер.
Қожаберген жырау ұзақ жасап (қай жылы қайтыс болғаны белгісіз – КО) Қызылжар төңірегінде қайтыс болған.
Дайындаған К. ОРАЗБЕКҰЛЫ.

ПІКІР ЖАЗУ