Қоғамдық келісім – ынтымақ кепілі
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен, zoom платформасында: «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шараға Атырау облысы ҚХА ардагерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесінің өкілдері, Журналистер клубының мүшелері және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшелері қатысты.
Исатай ауданы бойынша ҚХА сарапшысы Е.Насимуллин қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтуда ҚХА-ның қоғамдық құрылымдарының ерекшеліктерін, «Былина» ЭМБ Аналар кеңесінің жетекшісі Л.Садыкова азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда отбасылық құндылықтардың маңыздылығын, ҚХА Атырау қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Р.Сәрсенов Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы атынан Б.Байсалбай қазіргі таңда жастардың өңірімізде Ассамблея жұмысына қосып жүрген үлестерін айтты.
ҚХА Журналистер клубының мүшелері атынан сөз алған ардагер журналист Л.Монастырская еліміздегі бірлік пен келісім жолында Журналистер клубының мәдени коды қандай болу керек деген ұғымға тоқталды. Ал Аналар кеңесінің жұмысын саралаған Құрманғазы ауданы бойынша ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова аудандағы Аналар кеңесінің жұмысы мен ауылдық жерде тұратын өзге ұлт өкілдерінің қоғамдық-мәдени іс-шараларға деген қызығушылығын жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері А.Воронцова ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішіндегі этникалық бірлестіктердің жеткен жетістіктері бойынша мағұлмат берді. Баяндамашылардың ұсыныс-пікірлерінен ой түйіп, шараны қорытқан қатысушылар «Жаңғыру жолы» жастарының жұмыс бағыттарының нақты жүйемен жүзеге асырылуы үшін әлеуметтік-азаматтық белсенділіктің маңыздылығын атады. Сондай-ақ, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда Аналар кеңесінің қызметі мен «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жұмысын облыстық ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының іс тәжірибиесінде қолдану туралы ұсыныстар талқыланды.
Жаннат Вахитовна Асабаева, Атырау облысы