Кітап оқу – ең асыл қасиет

Кітап оқу — менің сүйікті хоббиім. Мен әр жыл сайын 25-ші мамырдан кейін мектебіміздің кітапханасынан өзіме ұнайтын 7-8 кітап алып, үш айлық демалыста оқимын. Соның ішінде Абай жолының 4 томы бар. Бұл кітапты мен анаммен бірге оқыдым. Әрине, өте күрделі екен, бірақ түсінбеген жерімді маған әлемнің жарығын сыйлаған аяулы жаннан сұрап отырдым. Дей тұрғанмен, Абай атамыздың жүріп өткен жолын, жастық шағын түсініп, «Мыңмен жалғыз алысқан» данышпан екенін көзбен көргендей болдым.

 

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», деген мақалды білмейтін қазақ жоқ. Шынымен де білімнің бұлағына айналған кітапта күллі әлемнің кілті жатқан секілді. Осы мақаламдағыдай ерінбей, кітап оқып, бос уақытыңды бекерге өткізбей, әрқашан өзімізді дамытып, алдымызға мақсат қойып, соған ұмтылумыз керек. Бұрын ғылым мен білім дамымай тұрған кездің өзінде Абай атамыздың әжесі Зере әжеміз болашақ ұлы ақынға, «Кітаппен дос бол, көп кітап оқы», — деген екен.
Егер біз үнемі кітап оқып, іздену үстінде болсақ, білімнің арқасында қалаған нәрсеге қиналмай қол жеткізер едік. Абай Құнанбаев «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген. Осы орайда мен ерекше алғысымды өз ағайыма айтқым келеді. Ұстазым Дархан Құдайбергенов бізге мақала жазуды, эссе жазуды тіпті өлең жазуды, ұйқастың не екенін үйретті. Әр сабағында бәрімізді кітап оқуға баулиды. Кітаптың қасиетті қазына екенін түсіндіреді. Аудио жазбамен тыңдаған мәтін құлаққа қонымды болмайды, керісінше көз майыңды тауысып оқыған шығарма бірден адамның миына құйылады, және ой санада ұзақ сақталады деп түсіндіреді. Шынымен де солай екен. Ал қазіргі таңда қоғамның үлкен дертіне айналған ұялы телефон, әлеуметтік желілер кейінгі жас буынды қатты баурап алды. Жастар тұрмақ үлкен адамдар да осы дүниенің құрбаны болып барады. Мен осы тұрғыда өз достарыма, мені оқып отырған әрбір қазақ жастарына «кітап оқыңыздар!» деп үндеу тастағым келеді.
Біздің телефонымызды, киімімізді ұрласа да, ешкім басмыздағы білімімізді ұрлай алмайды. Ерінбеген адамға кәзіргі заманда білімді болуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан да ерінбей білім алуымыз қажет.
«Кітап — ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына» деген халық даналығымен мақаламды аяқтаймын. Кітап оқыңдар достар!….

Кабдулла Мариям, Алматы қаласы,
Әуезов ауданы, 119 мектеп-лицейдің
6 «б» сынып оқушысы
Жетекшісі : Құдайбергенов Дархан Мамытханұлы

ПІКІР ЖАЗУ