Кітап – білім бұлағы
Қазақта «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген аталы сөз бар. Адам өмірінің ең көп уақыты өсіп, есті болып, есеюмен өтеді. Кез келген адам алдымен өзінің өмірге деген көзқарасын оқып-білу арқылы қалыптастырады. Сондықтан «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп те ескертеді дана қазақ. Ал біз қай кезден бастап оқи бастаймыз. Өздеріңіз білесіздер, адам оқып, біліп тумайды. Хакім Абай, Абай Құнанбайұлы өзінің Он тоғызыншы қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді. Яғни адамның есеюі, оқып, білуі адамның көргенімен, есті адамдардың сөзін тыңдап, тұлабойына сіңіруі арқылы қалыптасатынын айтады.
Адамның оқуға деген құштарлығы туабітті қабілеті мен айнала ортасының әсерімен қалыптасады. Алғаш қолына кітап алып, оқуға бейімделу, әріп танып, оқуға ынталануы алдымен адамның ішкі жігері мен рухани толысуға деген бейімділігіне байланысты. Бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған үлкен проблеманың бірі – балалардың, жастардың, адамның оқуға деген құштарлығының жоғалуы. Әсіресе, кітап оқуға деген ынтаның төмендеуі. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі туындап, мектептен, тіпті балабақшадан бастап кітап оқуға деген ынтаны ояту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өйткені кітап оқымаған адамның, ой-өрісі өспейді, білім көкжиегі тар болады. Мәдениеті қалыптаспайды. Адамзат дамуының динамикасы бұзылады. «Кітап оқу тоқтаған жерде, ойлауда тоқтайды» деген даналық тегін емес, өте дәл йтқан деуге болады.
Алдымен кітап оқу мәдениеті деген не? Жастардың кітап оқуға деген ынтасы неге төмендеп кетті? деген сұрақтарға жауап іздейтін болсақ, статистикаға, мамандардың пікіріне сүйенуге тура келеді. Мысалы: Қазақстан халқының қанша пайызы кітап оқиды дегенге келетін болсақ, зерттеулерге сәйкес еліміздегі әрбір екі адамның біреуі кітап оқымайды деген статистикалық дерекке көз жеткіземіз. 2021 жылы ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнамаға қатысқандардың 52,6 пайызы ешқашан қағаз кітап оқымағанын айтса, 65,2 пайызы электронды кітап оқып көрмегенін айтқан. Зерттеу нәтижесіне сәйкес халықтың 11,7 пайызы ғана кітап оқиды деген тұжырым жасалған.
Ал кітап оқу мәдениеті дегеніміз оқырман мәдениеті, яғни оқырманның кітап арқылы әлемді танып, табиғат құпияларын ой елегінен өткізіп, өзіне қажет білімін толықтырып, өзін жетілдіруге ғылымға бет бұруына жол ашады. Кітап оқу адамның логикасын, алғыр ойлау қаблетінің қалыптасуын, адамның өмір сүру дағдысын тәрбиелейді, рухани дамытады.
Сонымен қатар қоғамның оқуға деген ынтасы неге төмендеп кетті деген сауалға, қазіргі таңдағы «тез дамып келе жатқан ақпараттық технология, интернет, гаджет, смартфон кінәлі» деген жауапты жиі естиміз. Бірақ ХХІ ғасыр, дүние жүзі цифрлы технологиялар арқылы қарыштап дамып, күннен күнге электронды жүйенің қыры-сырына терең бойлап, әлемді бір 5 ғана «түймеменің» тетігіне тәуелді етуге бет бұрып жатыр. Сондықтан біз неге цифрлы технологиядан үркіп, өзіміздің кейбір кемшіліктерімізді сымсыз, жансыз гаджеттерге теліп, кінәліні іздеуге әуестенеміз. Керісінше неге ақпараттық цифрлы технологиялар арқылы кітапханаларды, кітаптарды заманауи үлгіге бейімдемейміз. Соңғы кездері жиі айтыла бастаған қазақша контентті дамыту мәселесін де жастардың, жасөспірімдердің оқуға деген құштарлығын арттыруға бағыттамаймыз деген сұрақтар туындайды.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн» деп, халықтың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырған-ды. Сондай -ақ «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының да негізгі бір бағыты сауатты, салауатты, зейінді, зерделу ұрпақ тәрбиелеумен ұштасады және кітап оқуға баулу арқылы интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру міндетін жүктейді. Ол үшін баланы балалық шақтан бастап оқуға баулудың маңызы зор. Кітаптың қадірін ұқтырудың жөні бөлек. Жоғарыда айтқанымыздай, Президентіміздің тапсырмасына орай, Оқу-ағарту министрілігі «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Жобаның мақсаты – оқушыларды кітап оқуға бейімдеу арқылы білім мен рухани асыл құндылықтарды санасына сіңіру, тұлға тәрбиелеу, бәсекелі нарықтық қоғамда креативті ойлау дағдысын қалыптастыру болып табылады.
Иә, «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». «Адамзат ақыл-ойының жиынтығы – кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық» депті даналар. Сол сандықтағы алтын қазынаны бойға сіңіру үшін, кітап әлеміне кіру үшін оқу керек. Оқумен білімі толысқан адам ғана, Шәкәрім Құдайбердиев айтқандай,
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл,
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл… деген өсиетіне лайық тұлға болып қалыптасады. Адамның кітаптан алған ғибраты – өмір белестерінде өзінің айнымас серігіне айналып, тура жолдағы шам шырағы, бағыт-бағдарына айналады. Сондықтанда даналар, «Кітап бетін ашпайтын ұрпаққа, болашақта есігін ашпайды» депті.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ