Кино және өнер
Ең алғашқы фильмдер қашан шықты?
Кино — өнердің бір саласы, кинематографияның техникалық негізде қалыптасқан көркем шығармашылық түрі. Тұңғыш киноның шыққан жылы 1895 жыл, ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер ойлап тапқан. Ол “жанды фотография” түрінде пайда болып, көп кешікпей көркем фильм, деректі кино және ғылыми-көпшілік киноға айналды. Тұңғыш фильмдерде баяндалатын оқиға таспаға ірі бөлшектермен түсіріліп, бір-бірімен астына жазылған мәтіндер арқылы ғана жалғасты. Кинода дыбыс болмағандықтан, актерлер сөйлейтін сөздің орнын театрлық шебер ойынымен, бейнелі ыммен толықтырды. Ал кейіннен 1920 жылы дыбысты фильмдер жарыққа шықты. 1930 жылдан бастап адамдар кинотеатрдан түрлі фильмдерді тамашалауға мүмкіндік алды. 1950 жылдардан бастап телевизияның пайда болуының арқасында үйде отырып-ақ қалаған туындыны көруге болатын болды. Одан бері цифрлық жүйенің дамығаны соншалық сол кезде адамның қиялына кіріп шықпайтын дүниелердің барлығын көруге жол ашылды.
Кино қалай түсіріледі?
Фильм жасау ісі шебер техниканы, қыруар қаржыны талап етеді. Әсіресе, фильм түсіру, жасау әрі оның көшірмелерін көбейтіп басып шығару аса күрделі процесс. Фильмді жасауға кинодраматург, режиссер, актер, оператор, суретші, композитор, продюсер, каскадер,экономист, менеджер,т.б. қатысады.
Фильм жасауда кинорежиссер жетекші рөл атқарады. Сондай-ақ фильм жасау ісіне техника саласындағы мамандар да (инженерлер, техниктер, лаборанттар мен өзге қызметкерлер) үлес қосады, алуан түрлі күрделі аппаратуралар мен аспаптар қолданылады. Монтаждау — кинематографиялық шығарманың бар істелген жұмысын тиянақтайтын кезең. Бұл процесс кезінде монтаждалатын кадрлардың ұзындығы (метражы) белгіленеді. Соның нәтижесінде фильмдегі оқиғаның логикалық жүйесі анықталады.
Нөмірлеуші шартылдақ не үшін керек?
Әр дубль жөніндегі ақпараттар көріністі түсірер алдында камераның алдында ұстап тұратын нөмірлегіш шатырлаққа толтырылады. Ол фильмнің қысқа үзіндісі басталғанын немесе аяқталғанын білдіру үшін қолданылады. Кино түсіру алаңында кейде ауа райына немесе актердің уақытына байланысты дубльдер өзгеріп отырады. Дубль — көріністің сөздермен және қимылдармен үзіліссіз түсірілген бөлігі. Фильм түсіріліп болғанша бірнеше дубль түсіріледі. Сәтті шыққан дубль арнайы редактордың көмегімен ретімен қойылады. Керек емес жерлерді кесіп тастайды.
Оскар — кинодағы ең үздік сыйлық
«Оскар» сыйлығы — АҚШ киноөнері академиясының жыл сайын өнер иелеріне беретін жүлдесі. Бұл АҚШ-тың ең танымал киноматографиялық марапаты. «Оскарды» тапсыру салтанаты әлемнің ондаған елдерінде тікелей эфирде көрсетіледі. Басқа кинофестивальдерден ерекшелігі «Оскар» әділқазылар алқасының шешімімен емес, Академия мүшелерінің жалпы дауыс беруінің нәтижесі бойынша табысталады. Қазіргі уақытта «Оскар» 24 негізгі номинация бойынша тапсырылады: «Үздік жыл фильмі», «Үздік жыл актері», «Үздік жыл актрисасы» аталымынан басталып «Үздік грим», «Үздік ән», т.б жүлдемен аяқталады.
Голливуд — ең ірі киноөндіріс орталығы
1920 жылыдардан бастап Голливуд өзінің техникаға толы үлкен студиялары, жазушылары, әрлеушілері, көркемдеушілері, продюсерлері мен режиссерлары бар әлемдегі ең ірі киноөндіріс орталығына айналған кинофильмдер астанасы атанды. Бүгінде Голливудтың түсірген кез келген фильмі үлкен сұранысқа ие.