Киелі мекен Маңғыстау

Маңғыстау облысы – Қазақстан Республикасының оңтүстік-батысында орналасқан экономикалық маңызы зор аймақ. Маңғыстау облысы Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан және Иран елдерімен шектеседі. Облыс орталығы – Ақтау қаласы. Аудандар саны – бесеу. Маңғыстау облысының жер аумағы 165642 шаршы километрді құрайды. 2019 жылғы санақ бойынша маңғыстау облысында 678199 адам тұрады. Маңғыстау облысында орналасқан Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Қазақстанды теңізбен байланыстыратын жалғыз су бекеті.
Маңғыстау өңірі – ықылым заманнан құпиясын ішке бүккен, барша түркілердің ата жұрты. Бұл мекен ежелгі өркениет елі. Жерінің асты байлыққа, жерінің үсті тарихқа толы, 362 әулиеге мекен болған ұлы дала. Бұл өңірдің 11 мың тарихи ескерткіші мемлекеттің қорғауына алынған. Маңғыстау археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражай, тасқа салынған сурет-аңыздар мен діни ғимараттардың елі. Бұл өңірге алыс жақын елдерден әулиелерге зиярат етуге адамдар жиі келеді.
1985 жылы жарық көрген Қойшыбаевтың “Қазақстанның жер-су аттары сөздігі” кітабында Маңғыстау атауының шығуы туралы төрт түрлі дерек айтылады. Біріншісі, өңір атауы “мың қыстау” тіркесінен шыққан. Ал, екіншісі, ноғайдың “менк“ тайпасының атауы. Үшіншісі, көне түркі тіліндегі “мен қышлақ” жалғауы арқылы шыққан. Төртіншісі, “маңғыштағ” “құбыжықтар тауы” деген сөзден шыққан. Ал, халық арасында Маңғыстау атауының шығуын “мың қыстау”, “маңғыштағ”, “құбыжықтар тауы” дегенмен байланыстырады. Маңғыстау өңірі киелі тарихи орындарға бай. Сол себептен бүгін сіздерге бірнеше тарихи орындар туралы мәліметтер ұсынамын.

 

Бекет ата жер асты мешіті

Бекет атаның өмірінің соңғы кезінде тұрғызылған діни ғимарат. Бұл діни ғимарат Жаңаөзен қаласынан 180 шақырым жерде орналасқан. Мешіттің табиғаты адамды өзіне баурайтындай ерекше көркем. Діни ғимарат Оғланды жерінің ақ бор тасты тауынан ойып жасалған. Бекет ата Маңғыстауды мекендеген адай руынан шыққан қазақ халқының данасы. Мешіттің көлемі үш-төрт қанат киіз үйдің көлеміндей төрт бөлмеден тұрады. Төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Бірінші бөлме жоғарғы ортасынан жарық түсетін күмбез тәрізді нысан. Оның батыс жағында михрабы, ал оңтүстік-шығысында екі бөлме орналасқан. Оның біреуінде Бекет атаның өзі жерленген. Ата пайғамбар жасына келіп (63 жасында) қайтыс болған. Түпкі бөлмеде Бекет атаның көзі тірісінде жан дертіне шипа іздеп келген адамдарға дұға етіп, дем салған ағашы тұр. Бөлмелердің бәрі де дөңгелек пішіндес. Олардың биіктігі 2,7-ден 3,5 метрге дейін. Қабырғаларында шырағданға арналған ойықтар орналасқан.

 

Сисем ата жерасты мешіті

Маңғыстаудың ең ірі әрі ежелгі қорымдарының бірі. Сисем ата қорымы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Өтес селосынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан ежелгі тарихи орын. Ел аузында сақталған аңыздарға қарағанда, Сисем ата орта ғасырлардағы оғыз-қыпшақ кезеңінде ғұмыр кешкен Ислам дінінің алғашқы уағыздаушыларының бірі болған. Сисем ата қорымында Хиуа хандары және басқа басқыншыларға қарсы күрескен батырлар жерленген. Сүйінқара батыр Өргешбайұлы, Төлеп батыр Әнетұлы, Қонай батыр Кенжеұлы, Жетімек Жанұзақ батыр, Әнет би Текейұлы, Төлепұлы Мәмбетнияз би, Байбоз Боққараұлы, Назар Жарыұлы, Шотан батыр, Тастемір бай, Майлан, Құдайберген және Жанбоздан шыққан Матай, Өтеулі, Жаманқара батырларда осында жерленген.

 

Шопан ата мешіті

Шопан ата – қой түлігі мен шопанның пірі. Зерттеушілердің пікірінше, шамамен ХІІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген. Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті әрі сопылық ілімді таратушы. Шопан ата мешіті Ақтау қаласынан 200 шақырым жердегі Сенек кенті аумағында орналасқан. Шопан ата қорымы “Қазақстанның киелі 100 нысанының” қатарына кірген мәдени ескерткіш. Бұл қорым Батыс Қазақстан аумағындағы көне сәулет өнері. Шопан ата тарихи кешені де бірнеше бөліктерден тұрады. Шопан ата жер асты мешіті, Шопан ата мазараты, Шопан ата құдығы, түнеухана, асхана, жаңа замандық мешіт және шырақшы үйі. Шопан Ата жерасты мешiтi – бiр-бiрiне қосылған 12 шағын бөлмелерден тұрады. Мешіт әктасты жартастың қабатынан ойылып жасалған. Алғашқы кезде бұл ғимарат керуеншілерге жатын орны болған. Өйткені бұл жерден Ұлы Жібек жолының және Хиуа мен Хорезм керуені өткен. Кейiннен бұл құрылыс мешiт ретiнде қызмет атқарған, кейін уақыт өте келе балаларды оқытатын медресе болған.

 

Есбол Мухаметханұлы,
Сүлеймен Демирел Университеті журналистика факультетінің студенті

ПІКІР ЖАЗУ