Керек кеңестер

Жауапкершілікті өзіңе ал. Жеңілістерің мен сәтсіздіктерің үшін ата-анаңды, достарыңды, жақындарыңды кінәлама. Себебі, сенде үнемі таңдау еркіндігі бар. Өз өміріңнің капитаны болып, тізгінін қолыңа ал.
Уақытты тиімді пайдалан. Сенде 24 сағат уақыт бар,оны керек емес нәрселерге жұмсама. Әр күніңе жоспар құрып, орындауға асық. Сонда уақытың бостан-босқа өтпейді.
Ағылшын тілін үйрен. Қазіргі таңда «ағылшын тілі» жаһандану тілі екендігін бәріміз жақсы білеміз. Саяхаттау үшін, түрлі беделді халықаралық компанияларда жұмыс істеу үшін бұл тілді меңгеру керек.
Өкінбе. Жарыстан орын алмай қалдың ба? Мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмадың ба? Өткен істерге өкінесің бе? ЖОҚ! Бұлай істеуші болма. Бір есік жабылса, келесісі ашылады. Бұрынғы болып кеткен оқиғалар үшін өкінудің мүлде қажеті жоқ. Әр істің қайыры бар екенін ұмытпа!
Кітап оқы. «Артық білім кітапта» деп ұлы Абай атамыз бекер айтпаған. Кітап оқу: білім көкжиегін кеңейтеді, мотивация сыйлайды, сөз қорын толықтырады. Сол кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге жылап, құдды бір ғажайып әлемге түсіп кеткендей сезінесің! «Ал егер кітап оқуды ұнатпасаң, сен онда өз кітабыңды таппағансың» деген екен әйгілі Хәрри Поттер романының авторы Джоан Роулинг…
Ашық бол. Кез-келген ортада өзіңді көрсете біл, адамдармен тіз тіл табысып, достасып кет! Бұл адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі деп ойлаймын. Мүмкін кейін сол адамдардың саған да бір көмегі тиіп қалар, сондықтан да жасқаншақтықтан бойыңды аулақ салуға тырыс.
Ерте тұр. Барлық балалар мен жасөспірімдерге таныс нәрсе: Түн ортасына дейін телефон қарап, түсте бірақ ояну… Негізі бұл түбегейлі дұрыс емес. Өйткені, ұйқы режимі бұзылады және көздің көру қабілеті нашарлайды.
Спортпен айналыс! Денсаулықтың бәрінен маңызды екендігін ұмытпа!
Таңертең жүгір, бір сәт тыныштықта қалып медитация жаса. Спортпен шұғылдансаң денең шымыр болып, жаның да сау болады.
Сүйікті ісіңмен айналыс. Адам өзінің жақсы көретін жұмысымен айналысқанда, барынша шабыттанып, икемі барына қуанады екен .Албұл кез-келген жанның өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, қуаныш сыйлайтындығы рас. Байқасаңыздар, көптеген жандар өз «хоббиларын» табысты кәсіп көзіне айналдыруда. Сен де солай жасай аласың!
Мамандықты дұрыс таңда. Өз бойыңдағы қасиеттерді саралап, оны жіпке тізіп, жақсылап ойлан. Болашақта өзіңді кім ретінде елестете аласың? Барлығын қарастыр, мамандық таңдауға арналған тестер тапсырып көр (профориентация), оның саған көмегі тиетіні анық. Неге мұны айтып отырмын? Өйткені, бүгінгі кезде көбі өз мамандығымен айналыспайды. Мүмкін болса 2-3 мамандықты қатар игерсең болады.

Аружан РАҚЫШ,
жас тілші,
Жамбыл облысы

ПІКІР ЖАЗУ