«Кең болсаң, кем болмайсың»
Жадыраған жаздың кезі. Айнала иісі мұрын жаратын ғажап гүлдерге толы. Құстардың әсем дауысына жететін үн бар ма десеңізші?! Саябақта серуендеген адамдар, жүгіріп, асыр салып
ойнап жүрген балалар да бар. Айша әжесі екеуі жаздың кешкі салқынымен серуенге шыққан болатын. Сан түрлі әңгіме айтып келе жатқан еді. Бір кезде алдынан қайыр сұрап отырған
бір мүгедек әйелді кезіктіреді. Әжесі бірден жақындап, қолындағы бар үш алманы және қалтасынан майда тиынның бәрін әлгі әйелге берді.
Мұны көрген кішкентай Айша біраз ойға шоңып, таңырап қарап қалған.
— Әже, сіз ол кісіні танисыз ба?
— Жоқ, құлыным.
— Онда неге сіз ол кісіге маған алған алманы және тағы да ақша бердіңіз?
— Өмірде неше түрлі адамдар болады, бірінің жағдайы болады, ал кейбір адамдарда мүмкіндік болмайды. Сол себепті, құлыным, әрқашан қолыңда барды, қажетсінетін адамдарға бергенің дұрыс.
Ол таныс болсын, бөгде адам болсын, мүмкіндігі жоқ болса, сен қайырымдылық жасасаң, ол өзіңе қайтарылады. «Кең болсаң, кем болмайсың», осыны есіңнен шығарма, ақылдым.
— Жарайды, әже, түсіндім,-деп жымиып, асыр салып ойнап кетті. Күн де батып қалған еді.
— Кешкі ас ішетін уақыт болды Айшажан, жүре ғой, үйге кірейік, — деп немересін қолынан жетектеп, үйге қарай бет түзеді.
Дастархан басында Айшаның әкесі мен әжесі әңгіме айтып отыр еді, Айша олардың әңгімесін бөліп сөйлей бастайды.
— Құлыным, «жасы үлкендердің сөзін бөлуге болмайды, бұл – әдепсіздік», және «әрқашан үлкеннің алдында ізетті бол, ол – үлкенге деген құрмет» — деп үнемі ақылын немересіне айтудан жалықпайтын әжесі сөзін аяқтады.
— Түсіндім, әжетай, кешіріңіздер!
-Ақылдым сол. Өмірден көргені мен түйгені мол әжесі тәрбиелеген Айша өте ақылды да тәрбелі болып бойжетті. Кішкентайынан әжесінің басқан ізін аңдып, бауырына тығылып, етегіне оратылып, ақыл-парасатын тыңдап өскен Айша үлкен азаматша болып, өзі «қайырымдылық қорын» ашады. Себебі, жақсылық жасасаң өзіңе қайтарылатынын және ол үлкен сауап екенін әжесі үнемі айтып отыратын еді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Айша әжесі айтқан ақыл мен көрсеткен өнегелі істерін ешқашан ойынан шығарған емес және әрқашан әжесіне алғыс айтудан жалықпайды. Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі.
Нұрай ҚАБЫЛ,
Алматы қаласы