Қазығұрттан ән қалықтатқан
Жастар сыйлығының лауреаты, сазгер, әнші Өктем Алтаев бүгінде ата-ана жолын жалғастырып, жастарды өнер аламанына баптауда.
— Кең байтақ сахара даламыздың әр өңірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстанның табиғатын ешбір жермен салыстыруға болмайды, — деп бастады бізбен әңгімесін Өктем Алтаев. – Байқадыңыз ба, оңтүстіктің топырағына таланттар дәнін еккендей, өнер жұлдыздарының көпшілігі бізден. Расында да солай. Әнші, сазгерлер жайлы айтқанымызда, балалардың есіне бірден «Вальс королі» Шәмші Қалдаяқов ағамыз оралады. Оның бер жағында танымал өнер жұлдыздарының есімдерін атай беруге болады. Олардан басқа, әзіл-сықақ театрлары қаншама. «Шаншар», «Шымкент-шоудан» кейін шығып жатқан бірқатар театрлардың оңтүстіктен екенін білесіңдер деп ойлаймын. Енді, мақаламыздың кейіпкері Өктем ағаларыңа қайтып оралайық. Қазығұрт ауданының Шарапхана елді мекенінде 1967 жылы туып өскен. Жетісай қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітірді. Өнерлі отбасында тәрбиеленген бала, ата-анасының өнер жолын жалғастыруды мақсат етеді. — Біздің анамыз Сара 1954 жылы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында жасөспірімдер арасында өткен ән байқауында жүлделі орын алады. Әкеміз Есіркеп болса, облыстағы белгілі журналист еді. Өнерге өрлеген ағаларым Мұхтар, Асқар, Сапар анам және мен бірігіп «Алтаевтар» отбасылық ансамбілін құрдық. Әннің сөзін әкем, әнін өзіміз жазамыз, — дейді Өктем. Бүгінде Өктем Алтаевтың жеке продюсерлік орталығы бар. Ұлы Бақжан 2007 жылы Италияда өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанады. Қазір Астанадағы музыка академиясында оқиды. Қыздары да өнерлі. Өктем ағаларың өздерің әндерін жиі естіп жүрген «Мырза» тобын тәрбиелейді. Республикалық жас әншілер байқауларында өнер аламанында баптаған шәкірттері топ жарып келеді. Африза АЙТБАЕВА.