Қазалы

Қазалы – Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке би, Жанқожа батыр мен Ақтан батыр, Жылқайдар мен Жетес би, Ашабай мен Сырлыбай, Үмбет би мен Қарасақал Ерімбеттей шешендер мен әйгілі ерлердің, билердің мекені.
Сыр өңірінің тарихы ежелгі Қазалы жерінен бастау алады. Қаланың Қазалы аталуының өзіндік шығу төркіні бар. Қазалы атауы өте ерте замандардан бері аталып келе жатыр. Шежіреші қарт Өмірзақ Ахметовтың және зерттеуші-жазушы Шайхислам Серікбаевтың айтуынша, 12 ата Байұлының бірі Алтынның Құсқұл, Қазалы, Шүңгір, Жапалақ деген төрт баласы болады. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама кезіндегі ел босып жүрген жау-гершілік заманда Алтыннан тарайтын Қазалы әулеттері рулы ел болып Сырдың жағасында, қазіргі Қазалы қаласының орнында отырған. Олар сауда-саттыққа арналған шағын базар ашып, қалашық салады. Қалашық сол жерді мекендеген Қазалы руының атымен «Қазалы» деп аталып кетеді. Кейін орыстар ішке еніп, Сырдария бойында форт ашып, 1847 жылдардан бастап қаланың іргетасын қалағанда, бұрынғы ізімен Қазалы қаласы деп атайды.
Ендігі бір пікірлердің ішіндегі көкейге қонымдысы: Қазалының «қаза» деген сөзден шыққандығы. Бұл жердегі қаза сөзі кең ұғымда қолданатын біреудің дүниеден озуы емес, «Қаза» деп ертеректе балықшылар балық аулау үшін пайдаланған қарапайым құралды айтады. Ол кезде қазіргідей ау, қабадан, жылым сияқты жіптен тоқылған құралдар болмағандықтан, адамдар қамыстан, ішінде нарлықта өскен жуан қамыстан қаза деген құралды жасап, ағыс бар жерді қоршап, сол арқылы балық аулаған. Балық ұстайтын қаза көп болғандықтан, бұл өңірді Қазалы деп атаған.
Патшалық Ресей де, кешегі Кеңес өкіметі де Қазалы қаласының іргетасы 1853 жылы қаланған деген негізсіз деректер қалдырған. Көптеген энциклопедиялық анықтамалықтарда да осы мерзім көрсетілген. Зерделеп қарағанда, бұл мәлімет шындыққа сай келмейді. Олай дейтініміз: 1853 жыл – патша үкіметінің қазақ жеріне отарлау саясатын орнықтыру үшін Қазалыда әскери қамал салған жыл. Оған дейін 1852 жылы қазіргі Арал ауданының жеріне Райым әскери қамалын салған болатын. Ресми құжаттарда Райым бекінісін №1 форт, Қазалыдағы әскери бекіністі № 2 форт деп атаған. 1853 жыл Орынбор губерниясының губернаторы, генерал-майор Перовский Қазалыға келіп, осындағы әскери қамалда бір ай бойы әскерін демалдырып, жаттығудан өткізеді. Ақмешітті алуға әзірлік жасағаны тарихи жазбалардан белгілі. Ол кезде Ақмешіт Қоқан хандығының қол астында еді. Перовский бастаған зеңбірекпен қаруланған патша әскерлері Ақмешіт қаласын алу үшін кескілескен шайқастар өткізіп, қоқандықтарға ойсырата соққы береді. Орынбор генерал-губернаторының осы ұрыста айрықша қолбасшылық талантын көрсеткеніне риза болған ақ патша Ақмешіт қаласын генерал Перовскийдің есімімен атау жөніндегі бұйрыққа қол қойған.
Қазалы қаласының тарихы Ресей патшасы әскери қамал салған 1853 жылдан емес, одан да әріден басталады. Оған келтірер дәлел: Қазалы қаласында ілгеріде Кіші жүздің ханы – Әбілқайырдың Ордасы орналасқан. 1867 жылы № 1 форт Қазалы қаласы деген атқа өзгертіліп, Ресей мен Орта Азия елдерінің қарым-қатынас орталығына айналды. 1872 жылы Қазалы қаласы уезд орталығы болған. Бұған қазіргі Қармақшы, Арал аудандарының территориясы кірген.
Қазалы тарихи – мәдени ескерткіштерге бай өлке. Ауданда ескерткіштердің, жалпы саны жүзден асады. Бабаларының көзіндей атам заманнан бүгінгі күнге дейін жеткен сол ескерткіштердің әрқайсысының өз тарихы бар.
Алтынай АМАНТАЙҚЫЗЫ.
Қызылорда облысы.

ПІКІР ЖАЗУ