Қазақта бұрын психолог неге болмаған?
Психолог – өмірдің әртүрлі қиындықтарына (оқуда, отбасында, қарым-қатынаста, өмірлік жол таңдауда, өзін-өзі дамытуда туындаған меселелерде немесе жанжалдық жағдайларда) тап болған адамдарға кеңес беруші маман. Ол сіздің басыңыздағы бар проблемаңызды шешіп бермейді, оларды дұрыс жағынан бағалауға, түсінуге үйрете отырып, мәселелерді шешу жолдарын қарастырады.
Енді менде бір қызық сұрақ туындап отыр. Қазақта бұрын неге психолог болмаған? Әлде бұл бұрында қиындықтар, қиын мәселелер болмаған деген сөз бе? Мен осы сұрақты психолог маманға қойып көрген болатынмын. Баймолдина Алтынай: «Менің ойымша, ол кезде ғылым мен техника дамымаған кез еді, қазір техника дамыған заман, бір-бірімен сөйлесудің, қарым-қатынасқа түсудің орнына ұялы телефонына үңіліп, виртуалды әлемге басымен кіріп кеткен адамдар да бар! Адам қарым-қатынасқа түспесе, ішкі жан-дүниесімен бөліспесе әлеуметтік ортаға да бейімделу қиынға соғады, жүйке жүйесі сыр бере бастайды, адамда мазасыздық, депрессия пайда болады, адам оқшауланып, тұйықтала бастайды.»
Осы сұрақты жасөспірімдерге де қойып көрдім. Барлығының ойлары бір-біріне ұқсас болғанымен, әрқайсысынан жеке түйін жасауға болады. Бірі: «Бұрынғы уақытта бәрі мүлдем басқаша болған. Бөгде ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ барлығын өздері ақылға салып шешкен немесе өз жақындарының арасында талқылаған. Өздерінің мәселесін ешкімге жария еткісі келмеген болар. Себебі ол кезде заман тіптен басқаша болған. Сол кездегі психологтар ата-әжелеріміз болған шығар, мүмкін»,-десе, енді бірі: «Бұрынғы заманда қазақ халқында немесе басқа халықта психолог болмаған. Егер адам қиналатын болса, онда оған үлкен данагөй әжелер және ақсақалдар өз кеңестерін айтқан, қолдап отырған. Себебі олар көпті көрген деп есептелген. Тіпті мен де кейбір қиындықтар туындаған жағдайда өзімнің сырымның барлығын әжеме ақтарамын»,-деп қорытындылады.
Ал дәл осы сұрақты орта жастағы адамдардан сұраған кезде, көптеген депрессия, стресс интернет желісінде көп отырғанның әсерінен болатындығын айта кетті. Ойланып қарасақ жастардың көп бөлігі интернет желісіне тәуелді, кейде онсыз өмір сүре алмайтындай көрінеді. Бүгінгі таңда интернет желісі көптеген жастардың сенімді серігіне айналды. Статистика бойынша әлем халқының 57% бетпе-бет кездесіп, тілдесуден гөрі интернет арқылы, дәлірек айтсақ, әлеуметтік желілер арқылы «әңгімелескенді» жөн көреді екен. Кейбір интернетке тәуелді балалар ата-анасының тілін алмауы мүмкін, міне, дәл осы жағдайда психолог маманның көмегі ауадай қажет. Ол балаға тәуелділіктен арылуға ғана емес, өмірлік ұстанымдардың қаншалықты маңызды екенін түсінуге де көмектеседі.
Әлемде қанша адам болса, соншалықты пікір болады. Бірі заман өзгерді десе, бірі адам өзгерді дейді. Осыдан кейінгі қорытындым: психолог қай заманда болмасын, адам өміріне қажетті маман. Бұрында бұндай мамандық атымен жоқ болса да, осы қызметті атқаратын отбасы мүшелері, достар, жанашыр жандар болған.
Анель НАРЫМБАЕВА, жас тілші, Алматы облысы, Талғар қаласы, №49 мектептің оқушысы