Ермек БАЛЖІГІТ: Қазақстанның ән өнерін әлемдік деңгейге көтергім келеді

– Бала Ермек өнер жолына қалай келді?
– Ең алғаш үлкен сахнада ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазақ жері» атты әнді 5 жасымда Республика сарайында орындағанмын. Өнер қаннан сіңген қасиет болса керек, отбасым да, араласатын ортамыз да өнерге өте жақын болды. Одан бұрын да үйде жүріп Ерболат Құдайбергеновтың әндерін бірге қосылып айтатынмын.Майкл Джексонның әнін тыңдап өстім. Дәл сол секілді билеуге тырысатынмын. Оны әкеме телефонына түсіруін өтінетінмін. Ерболат аға «Салтанат» деген әнін сыйға тартты. Кейін «Мен Ермекпін» деген әнді жазып берді. Өнер жолына алғашқы қадам осылай басталды.
– Небәрі 5 жасыңда өзіңнің әніңмен, биіңмен, өжеттілігіңмен әп сәтте көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгердің. Сенің сол кездегі бейнеңді әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Одан бері 10 жыл өтті. Не өзгерді?
– 10 жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Тек «әнші боламын» деген арманым ғана өзгерген жоқ. Көп тәжірибе жинадым. Дәл қазір жасөспірімдік кезеңдегі дауысымның өзгеруіне байланысты уақытша жоғары ноталарды алып, ән айтуға болмайды. Дауысымды сақтап жүрмін. Адам өскен сайын өмірге деген көзқарасы, ой-пікірі, мінез-құлқы өзгере бастайды ғой. Бұрынғы кезбен салыстырғанда мінезімде салмақтылық пен ұстамдылық басым бола түскендей.
– 9-шы сыныпты ойдағыдай аяқтап, студенттік өмірге аяқ бастың..
– Бүгінде Алматы қаласы, Чайковский атындағы музыкалық колледжінің студентімін. Мұнда гитара класында оқимын. Бұл аспапты таңдаған себебім, өз әнімнің қандай нотада, қандай аккордта жазылып жатқанын білуім керек. Гитараға деген қызуғушылығым өте жоғары. Бұл аспаппен көп ән жазуға болады. Бос уақытымда қиялымнан туған дүниелерді студияда жазып алуға тырысамын. Әрине, әкеме жете алмайтыным анық, бірақ бұл маған ән жазуда жақсы тәжірибе болары сөзсіз. Бір-екі жазған әндерімді әкем көріп, жақсы бағасын беріп жатқанда қуанып қаламын.
– Мектепте оқыған кезіңді сағынасың ба? Сенің танымалдылығың бағаңа әсер етті ме?
– №40 жалпы білім беретін орта мектепте 1-сыныптан бастап оқыдым. Бұл мектепте оқығаныма қуанамын. Екінші анамыздай болып кеткен ұстаздарымды қимаймын. Сыныптастарымды, достарымды қатты сағынатын боламын. 11-сыныпты аяқтағым келген еді. Бірақ мен музыкалық білім алуды ерте бастаған дұрыс деп шештім. Түрлі байқауларға қатысқанда достарым үнемі қолдау білдіріп жанымнан табылатын. Ұстаздарым мені әнші ретінде емес, қарапайым оқушы ретінде қабылдады. Бағаны да әділ қойды. Мектепте жүргенде «жұлдыз ауруымен» ауырған емеспін. Мен ондайды жек көремін.
– Дәл қазіргі сәтте репертуарыңда неше ән бар?
– 20-дан аса ән бар. Болашақта әлі де көп әндер жазылады.
– «Бала дауысында» жеңімпаз атандың. Бұл сайыс қандай сәттермен есіңде қалды?
– «Бала дауысы» –»Жандану әлемі» қорының қолдауымен өтетін Қазақстандағы ең ірі республикалық байқау. 2016 жылы мен Алматы қаласының атынан қатыстым. Еліміздің әр қиырынан жиналған балалар 1 ай бойы «Бөбек» орталығында дайындалдық. Менің тәлімгерім – Жанар Дұғалова болды. Ол кісі ақылын айтып, білгенімен бөлісіп, үлкен қолдау білдірді, сенім артты. Қарапайымдылығына риза болдым. Қатты жақсы көріп кеттім. Байқауға қатысуға келген балалар тез бауыр басып кеттік. Бір-бірімізге бәсекелес емес, жақын дос, аға-іні, әпке-қарындас ретінде қарадық. Сайыстың соңғы кезеңі аяқталғанда, бір-бірімізді қимай, жылаған сәттер болды. «Бала дауысы» – әр қатысушыға жеңіске деген ұмтылысты, достыққа деген адалдықты, ізденіс пен еңбектің жемісін көруді үйреткен, әр баланың өміріне үлкен өзгеріс әкелген ең керемет жоба болды. Менің өмірімдегі естен кетпес ерекше естеліктер «Бала дауысы» байқауына қатысқан кездерім деп айта аламын.
– Жазғы демалысты қайда өткізесің?
– Ауылда демалғанға ештеңе жетпейді ғой! Шетелде де болып көрдім. Бірақ ауылдың таза ауасы, салқын желі, керемет табиғаты бәрібір өзіне тартып тұрады. Хантәңірінің етегінде орналасқан ауылыма қанша рет барсам да табиғатының сұлулығына көзім тоймайды.
– Спорттың қай түрімен шұғылданасың?
– Кішкентай кезімнен коньки тебуге қатты қызығатынмын. Суға жүзуді қатты жақсы көремін. Арада біраз уақыт үзіліс болса да, қайта бастауға ниеттімін. 5-сыныптан күреске бардым. Бапкерім жарыстарға қатысуға ұсыныс білдірген еді. Бірақ өнер жолын таңдағаннан кейін күрестен қол үздім. Спортпен шұғылдану – кез келген ер азаматтың міндеті. Қай салада жүрсең де спорт серігіңе айналуы тиіс деп ойлаймын.
– Арманың қандай?
– Арманым – кәсіби музыкант болу. Болашақта халыққа сапалы, жақсы дүниелер ұсынғым келеді. Қазақстанның ән өнерін әлемдік деңгейге көтерсем деймін. Елімізде де мықты әншілердің бар екенін дәлелдегім келеді. Бұйырса бар күш-жігерімді осы жолға арнап, арманыма жетемін деп сенемін.
– Біз де тілекшіміз! Көп рахмет!
P.S. Ермектің сөйлеген сөзі, ұстамдылығы, қарапайымдылығы, еліне деген сүйіспеншілігі – ата-анасының берген жақсы тәрбиесінің жемісі екенін көрсетеді. 5 жасында жарқ еткен «кішкентай жұлдыз» енді өз тыңдармандарына жаңа қырынан танылады. Ол болашақта қазақ өнерін алға сүйрейтін нағыз таланттардың бірі болатынына сенеміз.

Сұхбаттасқан Гүлім ЕРКІНБЕК

ПІКІР ЖАЗУ