Қазақстандық блогерлерден пайдалы кеңестер
Бүкіләлемдік желіні ойлап тапқан Тим Бернерс Ли «weblog» деген атауды енгізген. Сәйкесінше, ең алғашқы блогер де Тимнің өзі. Бастапқыда блог ретінде автор жаңа сайттар туралы ақпарат, желі жаңалықтарын салып отырған. Сол кезде блогтың қазіргі таңдағыдай кең құлаш жаярын Тим Бернерс Ли елестетпеген де болар.
Бүгінде блог сөзінің аясында тек мәтін ғана емес, видео, фото да бар. Яғни, блогтың ауқымы өте кең. Видео түсірушілер өздерін vlogger деп атағанды жөн көрсе, сұлулық жөнінде кеңес берушілерді фэшн-блогер немесе бьюти-блогер деп атайды.
Қазіргі күні блогерлікпен жақсы пайда тауып жүрген жандар қаншама, әлеуметтік желіге тіркеліп, күнде жазба жазатынның бәрін блогер дейтін болдық. Бірақ бұл – дұрыс емес. Блогер – қоғамға танымал, айтар ойы бар және ең бастысы, арнайы блогтұғырда жазба жазатын адам. Бүгінгі күні елімізде қазақ тілді блог қанатын кеңге салды. Салалық блог жүргізу көпшіліктің хоббиіне айналды.
Көпшілік massaget.kz, kerekinfo.kz, aitaber.kz сынды блогтұғырларды жақсы біледі. Аталған блогтұғырлар қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Алды – алғашқы үздік 50 сайттың ішінде болса, соңы – үш жүздікке табан тіреген. Бұл – жақсы көрсеткіш. Яғни, қазақ тілді блогтың болашағы бар деген тоқтамға келуге болады.
Блогер қандай болу керек?
Журналистикаға алғашқы қадам бала кезден газетке мақала жазудан емес, блогтұғырға блог жазудан басталып жүргені де жасырын емес. Ал кейде журналистердің өзі блогерлікті кәсіп қылады. Ал енді танымал блогерлердің кеңесіне сүйеніп блогерде болу керек қабілеттер тізімін бөліссек:
1) Блогыңыз жөнінде жан-жақты білім алу;
2) Ақпаратты тауып қана қоймай, жеткізе білу;
3) Жазатын блог тұғырыңызды басқара білетіндей білім (консольдарын басқару);
4) Оқырманға не қызықты болатыны турасында зерттеу жүргізу;
5) Жауапкершілік сезімінің болуы.
Блогерлік табыс көзі бола ала ма?
Қазіргі таңда көпті мазалайтын сұрақтар сансыз. Атағы жер жарған білдей блогерлер құр атақпен күн көріп жүр ме? Әлде нағыз ақшаның айналып тұрған жері осы ма? Әлемдік тәжірибеде блогерлік арқылы табыс табуға болады. Және аз емес, үлкен табысқа кенелуге болатындығы расталған. Әр жазбаның өзіне тән құны да түрліше. Бізде орта есеппен әлеуметтік желідегі бір жазба құны – 50-100 доллар арасында. Одан бөлек, тек мақтаудан тұратын арнайы тапсырыстар да түсіп тұрады. Ол кезде тек жазба емес, көлемді материалдар жазу керек боп қалуы мүмкін. Блогерлер табысты мынадай жолдармен табады:
– Блогтурларға шығу (белгілі бір компанияның ұйымдастыруымен өтеді. Ақпараттық қолдау жасау);
– Тапсырыс материалдар (оқырман санына орай құны белгіленеді);
– Байқаулар (жылына 2-3 байқаулар өтіп тұрады).
Ал енді елімізге танымал блогерлерге шолу жасайық.
Елімізде танымал бес блогер
Өркен Кенжебек (журналист, блогер)
Өркен Кенжебек еліміздегі ең танымал және оқырманы көп блогердің бірі. Ол жазбаларында түрлі сала бойынша пікір жазады. Саясаттан бастап тарихқа дейін ойын айтады. Елде болып жатқан іс-шаралар туралы да өз пікірлерін білдірген. Мемлекеттер арасындағы айырмашылыққа да ойын айтқан. Сондай-ақ, Өркен күнделікті өмірде айтулы деген мәселелер жөнінде де жазбалар жариялайды.
Блогер: «Оқырмандарымның басым көпшілігі 25-34 жас аралығындағы адамдар. Олардың көпшілігі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбе тұрғындары. Ал осы оқырмандардың басым көпшілігі ер адамдар», – дейді.
Тимур Бектұр (интернет-маркетолог)
– Тимур Бектұр өз жарияланымдарында IT-технология және оның маңызы, тарих, дін сияқты мәселелерді қозғайды. Сондай-ақ, басынан өткен қызықты оқиғаларды әңгімелеп, оқырмандарына жеткізеді. Тимур сонымен қатар YouTube желісіндегі арнасын жүргізеді.
Блогер: «Facebooke-те тұрақты отырмаймын. Тұрақты түрде тек Instagram-ды қолданамын. Оған қоса Telegram арнасында техникалық және түрлі саладағы жаңалықтар жазып тұрамын», – деп атап өтті.
Аршат Ораз (блогер)
Қазақстандағы танымал блогерлердің қатарында Аршат Ораз да бар. Ол өз сөзінде:
– Блогер деген өзінің ойларын, қоғамдағы оқиғаларға көзқарасын, өзінің қызығушылықтарын жеке блогында немесе желіде бөлісетін адам. Егер тапсырыс өзіме қызықты болса, принциптеріме қарама-қайшы болмаса барамын. Сондай-ақ, адам тауып беру үшін де маған жиі хабарласады, ондай кезде айтылған тақырыпты жаза алатын, қызығатын блогерлерге хабарласамын.
Блогерлік кей ұсақ шығындарымды жауып отырады. Мысалы, бір постқа 15 мыңдай аламын, блог-турлар 50-70 мың.
Спорт тақырыбында жазатын блогер ретінде 2012 жылы Польша мен Украинадан өткен футболдан Еуропа чемпионатына тегін барып келдім. Өткен жылы Сочи Олимпиадасында 10 күн болдым. Қазақстанда бірнеше облысты араладым. Облыс әкімдерімен, министрлермен кездестім.
Осы салада жүргендіктен, қалыпты жағдай ретінде қараймын. Алайда, блогер ретінде танымал бола бастаған сайын жауапкершілігі де көбейе береді. Ең алдымен қоғам алдында азаматтық жауапкершілік артады және әр сөзіңді өлшеп жазатын боласың.
Нұрбек Бекбау (блогер)
Блогер Нұрбек Бекбау да блогерлікке қызығатындарға өз ақылын айтты. Ол: «Блогерлік дегеніміз – журналистикаға ұқсас хобби ғой. Хобби деп отырғанымның себебі – тек осы блогерлікті кәсіп қылған ешкім жоқ. Барлығының негізгі жұмыстары бар. Мәселен, танымал блогер Яша (Яков Федеров) қазпочта қызметкері, Өркен Кенжебек – ол «Хабардың» журналисті деген секілді. Блогерлік дегенді былай түсінемін: кейбір дүниелер яки құбылыстар болады. Ол жайында өз ойыңды айтқың келеді. Бірақ ол сен істейтін қызметтің форматына сыймайды», – дейді.
Айжан Кульмуханбетова (блогер)
Блогер Айжан Кульмуханбетова өзінің блогерліктен табатын табысы жайында баяндады:
– Егер тапсырыс беруші интернет саласында өте сауатты болса https://www.publicfast.com/ сайты бойынша есептеп төлейді, бұл сайт тек әлеуметтік желілер бойынша жұмыс жасайды. Көбіне тапсырыс берушілер достық ниетпен шақырып, ақпараттық қолдау көрсетуіңді өтінеді.
Мен көбіне тапсырыс берушінің ұсынған бағалау жүйесімен келісем, бірақ нарықтағы бір посттың бағасы 5000 теңгеден кем емес екенін ескеремін.
Табыстарым толық қажеттілігімді өтемейді, тек ұсақ-түйектерімді өтейді. Блогерлікпен тапқан қаржымды негізгі қаражат деп қарамаймын, тек қосымша табыс көзі ретінде қалады.
Осылайша «Мөлдір бұлақ» блогерлік өмірге шолу жасады. Қазақстандық танымал 5 блогердің кеңесі сіздерге аз да болса, бір пайдасын тигізер деген сенімдеміз.
Ақнар Мәуленқызы