Қазаққа қасақана жасалған геноцид
Үш жүз жыл патшалық Ресей, 70 жыл советтік тоталитарлық солақай саясат қазақты тепкісіне алып, рухын жасытты, ұрпағын мәңгүрт етті. Әсіресе,ХХ ғасырдың 20-50 жылдарында Қазақстан жерінде қолдан жасалған алапат аштық пен советтікқан-қасапжоспармен жүзеге асқан саясиқуғын-сүргіннің зардабы ерекше болды.1920 жылдары болған ашаршылық пен 1931-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық кезінде миллиондаған қазақ өз топырағында аштан өлді. Ал 1937 жылдардағы сталиндік режим кезінде 100 мыңнан астам жерлесіміз қуғынға ұшырап, қазақтың сорпа бетіне шығар 25000 зиялысы жазықсыз өлім жазасына кесілді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың өз тарихындағы ақтаңдақ беттер ақиқатын білуге, ел еңсесі түсіп, есеміз кеткен кездердегі шырқыраған шындықты түйсінуге деген құлшынысы ерекше болды. Тәуелсіздікпен бірге қазақтың ерлік пен өрлік рухы оянып, мәңгілік елдікке басқан қадамы да нық еді. Зобалаңға толы қасыретті жылдар тарихын ұмытпау үшін, нәубет құрбандарына мәңгілік тағзым ету үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шаралар жүзеге аса бастады.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. 1997 жылы тұңғыш президент Н. Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
2020 жылы жазықсыз жапа шегіп, аштық пен тағдыр тауқыметін көрген боздақтарды ақтау үшін, тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Жазықсыз боздақтардың рухына құрмет көрсетіп, тағзым ету – қазақ жерін, қазақтың қасиетті топырағын басып, тіршілік еткен әрбір жанға парыз. Сондықтан мемлекеттік комиссия ақтаңдақ тарихымыздың ақиқатын халқымыздың жадында сақтау үшін ерінбей еңбектеніп жатқанын білеміз.
Биыл мамырдың 26-жұлдызында елордада ерекше бір жиналыс өтті.Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, «Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы», «Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві» ММ ұйымдастыруымен «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты дөңгелек үстел болып өтті. Еліміздің алыс-жақыннан келген ғалымдар, мұрағатшылар, билік органдарының өкілдері және арнайы құрылған комиссияның мүшелері мен БАҚ өкілдері қатынасқан дөңгелек үстел–өткен ғасырдағы алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жасалып жатқан ғылыми жұмыстарға арналды.
Жиналыстың кіріспе сөзін бастаған Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев тарих және болашақ, көз алдымыздағы саяси жағдайларға қысқаша тоқталып өтті. «Тарихқа жаңа көзқараспен қарау, болашаққа тың қадам басу. Бұл өз кезегінде халықтың рухани білімін, саяси өресін өсіреді. Келешек үшін сенімді шешімдер қабылдауға себепші болады. Жалпы өткен тарихымызға зер салсақ, әрбір хан билік жүргізген тұста азулы билеушілерден жеткен дәстүрді сақтай отырып, сол дәуірге сай заңдар жасады»,- деді Мейрам Еркенұлы.
Бұдан ары жиналыс тізгінін п.ғ.д, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві директорының орынбасары Тілеуғали Қышқашбаев қолына алды. «Қасыретке толы өткен ғасыр қазақ еліне орны толмас шығындар әкелді. Солардың арасындағы ең үлкені Алаш зиялыларының қуғындалуы еді. Жәнеде 1930 жылдардағы ашаршылық. Ел басындағы зиялыларды қудалап, халықты дінінен, тілінен, дәстүрінен айыру арқылы халықты темір құрсауда ұстау – кеңес үкіметінің ең зұлым саясаттарының бірі болды. Елдік тарихымызды жоққа шығарды. Шындықты бұрмалады. Ұлттық сананы мәңгүрттендірді. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін тарихи ақтаңдақтар қайта қаралып, өткенімізді жаңа көзқараспен зерттеп, зерделеу басталды. Кеңес үкіметі кезінде құпия болып келген архивтердің негізінде ақ-қарасы ашылып, Алаш арыстары ақтала бастады. Мемлекет тарапынан қаулылар жарияланып, заңдар жасалып, зерттеу комиссиялары құрылып аталмыш кезеңді ғылыми тұрғыдан зерттеу басталды. Міне бүгінгі дөңгелек үстелімізде зерттеуші ғалымдар жиналып отыр.Мен бүінгі ғылыми практикалық дөңгелек үстелімізге қатынасушыларды сол өткен күндерде қуғын-сүргінге ұшыраған ардақты азаматтарымыздың рухына бас ие отырып, бір минут үнсіздік жариялауға шақырамын»,- деді.
Келесісөздің кезегі қоғам қайраткері, саясаткер Әлихан Байменовқа берілді. «Бүгінгі конференцияның тақырыбы біздің ұлтымыз үшін айырықша маңызды деп ойлаймын. Бұл тақырып– біздің ұлтымыздың жадынан өшпейтін тақырып. Себебі бүгінгі күннің өзін алсақ, біз кімбіз деген сұраққа жауап іздегенде, біздің бүгінгі болмысымзды қалыптастыруда қандай тарихи кезеңдер, қалай әсер етті дегенде, 20-ғасырдың бірінші жартысының орны ерекше болмақ. Бас-аяғы 20-30 жылдың ішінде ұлттың келбеті, болмысы түбегейлі өзгерді. Ұлт өзінің табиғи даму үрдісінен ауытқып, үлкен империя аумағында өткен әлеуметтік қанды да қатыгез эксперименттердің құрбаны болды. Менің ойымша бүгінгідей үлкен басқосуларда тек қана нақты дәлелді келтірумен шектелмей, сонымен бірге олармен тұтасқан біздің ұлтымыздың болмысына, дамуымыздың траекториясына, құндылықтарымызға, қалай қалыптасуына әсер еткенітуралы тереңірек айтылса деймін. Яғни ғылыми бағыттағы зерттеулер тек сандық көрсеткіштермен ғана өлшенетін көрсеткіштер ғана емес, бір қарағанда көзіңе көрінебйтін сапалық өзгерістерді де зерттесе деймін. Сонда «біз кімбіз» деген сұраққа толық жауап беруге үлкен үлесін қосар еді. Менің ойымша не болды? деген сұраққа жауаптар көбірек айтылуда. Неге солай болды? деген сұраққа біздің қоғамдық санада қашу байқалады. Қалай болды? Оның салдары қалай болды? Ұлтымыз қалай өсіп-өнді? деген сұрақтарға сіздер маман ретінде тереңірек үңілсеңіздер біздің қоғамдық сананың дамуына үлкен үлес болар еді»,- деді Әлихан Мұхамедұлы.
Дөңгелек үстелде баяндама жасаған ғалымдар өздерінің зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ алда істелуге тиісті мәселелер жөнінде де тoлымды ойларын ортаға салды. Жиналысқа қатысқан ғалымдардың барлығы бір ауыздан өткен ғасырдағы қазақ даласында орын алған нәубеттерді ғылыми тұрғыдан талдау жасау және келешек ұрпақтың жадында сақтау үшін жан-жақты зерделеніп, әділ бағасы берілуі керектігін айтып тарқасты.
Бүркітбай Аяған: Біздің ғалымдар ғана советтік тоталитарлық солақай саясат зобалаңын ғылыми негізде зерттеп жатыр
Кезекті дөңгелек үстел барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, профессор Бүркітбай Аяған мырзамен болған шағын сұқбатты назарларыңызға ұсынсақ…
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін неліктен мемлекеттік комиссия құрылды?
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы мемлекеттік деңгейде қолға алынғанына екі жылдан асып барады. ҚР ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» арнайы жарлық шығарды. Қазақстан секілді жаппай репрессияға ұшыраған елдер көп. Дегенмен қазірге дейін бірде бір посткеңестік елде мұндай деңгейде қаралып жатқан жоқ. Не Орталық Азияда, не Ресейде. Яғни саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мұндай бастама, ТМД елдерінде болған жоқ. Біздер секілді қуғынды, қолдан жасалған аштықты көрген Украина еді. Олар архиветрді ашып жіберді. Біраз жұмыс істелді. Біздің бір айырмашылығымыз мемлекеттік деңгейде қаулы шығарып, топ құрып, ғылыми негізде кірісіп жатырмыз. Мұның кереметтігі сол.
–Тәуелсіз ел ретінде мемлекет басшысы «АҚТАЛСЫН» деген бұйрық шығара салса жетпейтін бе еді?
–Істі болған қыруар адамдардың арасында шын қылмыскерлер де бар. Соларды айырып қарастыру керек. Дегенмен бұл жалпы істі болғандардың 5-7 пайыздайы болуы мүмкін. Ұрлық жасаған, адам өлтірген, басқада қылмыс жасағандар кездеседі. Сондықтан ғалыми зерттеулер барысында архивтен кездескен мұндай істерді бөліп тастап отырамыз. Онан кейін сексоттар бар ғой. Бірін-бірі көрсеткендер бар. Оларды қалай көрсетесің? Сондықтан ондай істерді категорияға бөліп қарастыру керек. Олар «құпиясыздандыруға» жатпайды. Дегенмен 80-90 пайыздайы кінәсіздер. Сондықтан комиссия бұларды бөліп тастап отырады. Екіншіден, ғылымға керек. Комисияның ойы зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін заңды құжат дайындауға ықпал ету. Кәдімгі заң қабылдай ма, Парламент шешім қабылдай ма. Ендігәрі біздің қазақ даласында мұндай нәубет болмасын деген арнайы саяси акты керек. Сондықтан сіз айтқандай «ақтай салу, аша салу» деген жараспайды.
– Жұмыстың басталғанына екі жылдай болды. Алайда пандемия кезіне тура келді ғой, Жұмыс қашанға дейін созылуы мүмкін?
–Құдай қаласа биыл жыл соңына қарай болмаса келер жылдың басына қарай толық аяқталады. Ғалымдарға рақмет айтыңдар! Пандемия кезінде қалбалақтап жүріп архивтен шықпадық. Менің тобымда әйел адамдар бар еді. Аядым.Алайда барлығымыз тұмшаланып отырып жұмысымызды жалғастыра бердік. Қаңтарда да тоқтаған жоқпыз.
–Сізердің жұмыстарыңызға кедергілер кездескен жоқ па?
–Біз ҰҚК-ның ІІМ-нің сот, прокуратура органдарының архивтерінде жатқан құжаттарды зерттеп шықтық. Бір қызығы ҰҚК-ның адамдары өте жақсы көмектесті. Ал маған Ішкі істердің архивінекіруде кедергілер болды. Ашпауға тырысты. Сонан ашуым келіп, «айналайын, не тығып жатырсың? Сенің тығып отырғаның жоқ мемлекеттің қағаздары ғой. Ол біздің ата-бабамызды құртқан мемлекет болатын…Сендер неменеге соны қорғап отырсыңдар…» дедім. Полковник пе, майор ма шені бар бір жігіт екен. Дегенмен біздің полицейлердің түсінігіне таң қаласың. Бұлар адамды адам деп санамайды. Қылмыстары ашылып қалады деп қорқатын сияқты. «Қаңтар қырғыны» кезінде соны дәлелдеп шықты ғой. Үлкен саясатты түсінбейді, өз көлеңкесінен өздері қорқады. Ұру, соғу, аямай сабау…. Сонан түзелгендей болды. Біздің жұмысқа Президент аппаратының көмегі көп тиді. Офис орталығы көмектесті. Басқы жақта өзгерістің бар екенін байқадық.
–Рахмет!
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ