Қазақ киносының қазіргі келбеті қандай?

Қазіргі таңда отандық кинолар әртүрлі жанр аясында көптеп түсірілуде. Олардың өзін коммерциялық немесе бұқаралық кино, тарихи, идеологиялық кино, авторлық, фестивальдік кино деп бірнеше топқа бөлуге болады.

 

Жеке-жеке тоқтала кететін болсақ, коммерциялық кинолар елде әлі де болсын қатты танымал емес. Жасыратыны жоқ, Голливуд киноларынан үйренетін дүниелер жетерлік. Тарихи кинолар туралы сөз қозғайтын болсақ, Қазақстанда оларға деген сұраныс артуда, сонымен қатар соңғы жылдары өте қуантарлығы, өзіміздің тамыры тереңге жайылған, тағылымы мол тарихымыз жайлы керемет туындылар жарық көруде. Бірнеше мысалдар келтіре кетейін: «Қазақ хандығы.Алмас қылыш», «Қазақ хандығы.Алтын тақ», «Томирис», «Анаға апарар жол». Жоғарыда айтылған фильмдердің бәрі дерлік рейтинг жинай алды. Жеке өз басым, мен олардың бәрін дерлік аса зор ықыласпен көріп, ерекше әсер алдым.
«Қазақ хандығы» фильмінің сюжетінде Керей мен Жәнібек хандар бастаған қазақтардың Дешті Қыпшақтан бөлініп, өз алдына тәуелсіз де егеменді ел болуына ұмтылғандығы суреттеледі. Әрине, олар бірден өз дегеніне жете қойған жоқ, азаттықтың ақ таңын аңсаған халықтың бастан өткізген қанды шайқастары, ықылым замандары ауыз толтырып айтарлықтай көп болды. Актерлік ойын, түсірілімге таңдалған локациялар, сценарийі өте тамаша!

Кадр сыртындағы адамдардың еңбектерінің де, киноның жақсы шығуына септігін тигізгендігіндігі де анық, оны елеусіз қалдыру жөн емес деп санаймын. Олардың жетістіктерін де тізе кетейік, мәселен «Томирис» фильмі ағылшын тіліне аударылып, үлкен экрандарда көрсетілу үстінде. Ағылшынша атауы: «The legend of Tomiris». Мұның өзі біз үшін таңданатын да, таңғалатын жайт. Отандық кинематографияның жарқын жетістігі деп білемін! Фильмде Ұлы Даланының ұлы патшайымдарының бірі де бірегейі, ақылды да, айбатты Томирис атты сақ көсемінің өмірі баяндалған. Бұралаң өмір соқпақтары Томиристі тығырыққа тіреседе, ол әрдайым жол таба біліп, өз елінің ертеңі үшін күресті. Қиындыққа төтеп беріп, ерік-жігерін мұқалтпай ұстап тұра алды. Оның көрегендігі мен данышпандығына, қайтпас-қайсарлығына таңдай қақпайтын жан кемде-кем шығар, сірә!

«Анаға апарар жол» фильмінде тарихи оқиғалар, драма және классика көрініс тапқан. Көрерменнің жүрегіне жетуінің де бірден-бір себебі осы болар. Негізгі желісі қазақ халқының басына түскен ауыр кезеңмен тұспа-тұс келген: ұжымдастыру, жұт, соғыс және соғыстан кейінгі жылдар. Картинаның басты кейіпкері Ілияс ерекше рухты, ерлік пен отансүйгіштік мінез көрсетеді. Тағдырдың ауыр соққыларымен бетпе-бет келеді: балалар үйі, сұрапыл соғыс, тұтқынға түсу, жазасын өтеушілер лагеріне тап болады. Осынау ауыртпалықтарды еңсеруге оған анамен жүздесу мақсаты күш береді. Фильмді көріп отырған сәтімде көзімнен еріксіз жас ақты. Әр адамды толқытатындығына сенімім кәміл.
Авторлық кинолар елімізде өте көп ұсынылуда, бірінен соң бірі шығып жатыр. Бәріне ортақ нәрсе – комедия жанры.Менің ойымша, күнделікті күйбең тірліктен шаршаған адамдар өздерін сергіту, көңілдерін көтеру үшін осы комедия жанрындағы киноларды көргісі келеді. Сондықтан да болар олардың сұранысқа ие болып жатқандығы. Ең танымалдарының бірі: «Бизнес по-казахский». Ол Қазақстанда «Мстители» киносынан да танымал болды. Шыны керек, фильм өте қызықты және де «Бизнес по-казахский в Америке», «Бизнес по-казахский в Африке», «Бизнес по-казахский в Корее» деген бөлімдері бар. Бір-бірімен байланысты емес, әрқайсысында әртүрлі оқиғалар баяндалады.Айта кетерлігі, фильмдердің барлығы, өз атауына сай, сол елдерде түсірілген, бұл да киноның танымалдылығына әсер еткен факор деп есептеймін. Бүгінгі кезде «Бизнес по-казахский в Турции» киносы түсіріліп жатыр. Қазақ киносының қазіргі келбеті осындай, кинематография саласына тек сәттілік пен табыстар тілейміз!

Аружан РАХЫШ, жас тілші, Жамбыл облысы,Шу ауданы

ПІКІР ЖАЗУ