Қазақ ғарышқа ұшқан күн…

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда күллі қазақ даласын, бүкіл түркі баласын қуанышқа бөлеп, алғаш рет ғарышқа қонды. Осыдан 32 жыл бұрын «Қанаттылар мекені, қазақ жері Байқоңырдан» Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ» ғарыш кемесімен «Мир» орбиталық кешеніне совет космонавт-зерттеушісі ретінде ұшты. «Союз ТМ» экипажында Тоқтармен бірге совет ғарышкері Александр Волков пен аустриялық ғарышкер Франц Фибек болды. Ғарышкерлер «Мир» кешенінде бір аптадан астам уақыт жұмыс істеді. 10 қазанда экипаж жерге оралды. Тоқтар Әубәкіровтың қазақ халқы үшін, Отанымыз үшін тарихи оқиға болған сапары, ғарышта болу уақыты 7 күн, 22 сағат, 13 минутты құраған.


Тоқтар Оңғарбайұлы кеңестік ең қуатты 50 әскери ұшақты алғаш сынақтан өткізген атақты сынақшы-ұшқыш. Әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген адам. Дүниежүзілік авиация мұражайында әйгілі он азаматтың арасында қазақтың батыр ұлының есімі үшінші тұр.
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры – Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы 1-май ауылында дүниеге келген. Әкесі Оңғарбай мен шешесі Қамия көзге көрініп, көз жұмған 9 ұлдан кейінгі перзентіне «енді осы жаманымыз аман болсыншы» деген ниетпен азан шақырып, атын Тоқтар қойыпты. Тоқтар ағаның айтуынша, әкесі Оңғарбай өмірден тым ерте кетіпті. «Жетi айға толар-толмас шағымда жанашырымнан ерте көз жазып қалсам да, ешқашан көңілім құлазыған емес. Көздеген мақсатқа қалай жету керектігін анам үйретті. «Қасыңдағыларға жақсылық жасай бер, түбі өзіңе қайтады. Саған қайтпаса да, сенің ұрпақтарыңа бақ болып қонады. Жақсылық ізсіз кетпеуі керек» деп үнемі айтып отыратын. Бұйығылау, оңаша-оқшау болмыспен өсіппін. Анам үш баланы өзі бағып-қақты. Кейін үлкен әпкем тұрмысқа шығып, бізді өз қолына алды. Қалаға келген соң, шешем біраз ауырып қалды. Амал жоқ, ауылға қайтуға тура келді. Көп қазақтың басында болған жағдай біздің отбасыны айналып өткен жоқ. Үйде нан мен май, қара судан басқа ештеңе болмайтын. 10 жасымнан ауыр жұмысқа жегілдім. Вагондарда жүк тасумен нәпақа таптық қой. Кешке әбден шаршайсың. Үйге қайтар жолда бір қолына суын, екінші қолына орамалын ұстап анаң тұрады. Кешке оқуға барамын. Оқу мен жұмысты бірге алып жүрдім» дейді естелігінде Тоқтар Әубәкіров. Сабақты өте жақсы оқыған Тоқтар анасы қайтқан соң, негізінен, апасы Бикен мен жездесі Нығметтің тәрбиесінде болады.
Алғашқы еңбек жолын Теміртау құйма механикалық зауытында бастайды. 1965 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен РСФСР-дың Краснодар өлкесіндегі Армавир қаласындағы ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищеге оқуға аттанады. 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін бітіріп, 1969-1975 жылдары Кеңес Одағы әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилия командирінің орынбасары болды. 1976 жылы А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросына қызметке қабылданды. Мәскеу ұшқыш сынақшылар мектебін 1976 жылы, Мәскеу авиация институтын 1979 жылы бітіреді.
Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының батыры деген жоғарғы атақты 1988 жылы алды. Бұл атақ дыбыстан да шапшаң ұшатын, әлі сынақтан өтпеген, заманауи үлгідегі «МиГ» ұшақтарын сынауды және оларды кеме палубасына қондырып, одан ұшып шығуды қамтамасыз еткені үшін берілген еді. Сол жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылы 2-сәуірде Кеңес Одағының Ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты.
Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Тоқтар осы сапарында өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросының 26 сынақшы-ұшқышының арасында жалғыз қазақтың ілігуінің өзі неге тұрады?! 26 ұшқыштың 9-ы сынақ кезінде апатқа ұшырап, қаза тапқанын ескерсек, Тоқтар Әубәкіровтің жасаған ерлігінің қандайлық құнды екенін аңғаруға болады.
Тоқтар Әубәкіров 45 жасында ғарышкер атанды. «Бірде Шымбұлақта шаңғы теуіп жүргенімде, жақын жолдастарым хабарласады. «Тоқа, неге бізге айтпайсың? Ғарышқа ұшқалы жатыр екенсің ғой» деп ренжиді. Мен аң-таңмын. Ертесіне Нұрекеңе (Нұрсұлтан Әбішұлы) бардым. «Менімен ақылдаспай неге мұндай шешімді қабылдадыңыздар? Бармаймын. Мен ұшқышпын, ғарышкер емеспін» дедім.

Нұрекең: «Білгірлердің барлығынан сұрастырдым. Бәрі бірауыздан дәл қазір ғарышқа ұша алатын Тоқтардан басқа еш қазақ жоқ деді. Сондықтан осылай деп шештік». Мен келіспей, сіресіп тұрып алдым. Сол кезде Нұрекең: «Тоқтар, дәл маған бұл керек емес. Президентпін. Бұдан артық не армандаймын. Саған да керек емес. Жетер жеріне жеттің. Бірақ ол қазаққа керек. Отыз жыл бойы халықтың аңсаған арманын жүзеге асыруға мүмкіншілік туып отыр» деді. Халқым үшін келістім. Ғарышқа ұшқан сәтімді ешқашан ұмыта алмаймын. Президентімізге қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!» деп рапорт жасадым.

Бір уақытта санау басталды. Ұшуға бір минут қалды. Зымыранға барып отырдым, люктардың бәрін тастай бекітіп, жауып тастады. Командир: «Кеттік!» дегенде, менің айтқаным: «Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!».
Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып барып, құр қол қайтқан жоқ.
Ол ғарышта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Аралдың экологиялық мәселесін алғашқы болып дайындап, дәлелдеген ғалым. Ғарыштан Арал аймағын фотоға түсіріп, кейін сол тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатынын, тұз ұшқан жердің түсі де өзгеше болатынын анықтаған алғашқы ғарышкер. Тоқтардың айтуынша, жерге оралғаннан кейін әлем ғалымдары «мұндай жаңалықтарды, осындай зерттеулердің нәтижелерін отыз жыл ішінде ешбір ғарышкер алып келмеген» деп баға берген екен.Тоқтар Оңғарбайұлы: – Ғарышты сөзбен жеткізе алмайсың. Кешегі асыр салып ойнаған жер, — дейді.
Тоқтар Әубәкіров КСРО-ға отыз жылдай қызмет еткен. Ғарышкердің айтуынша, қызметі құпия болған. Куәлігінде жай ғана әжүргізуші деп жазылған екен. Ғарышкер Қазақстан Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ, 1988 жылы ол Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындағаны үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған. Ал 1989 жылы Әубәкіров «МИГ-29К» дыбыстан да жылдам ұшатын ұшағын «Тбилиси» авиакрейсеріне қондырып, сол кемеден қайта көкке көтеріледі. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақ ұшқышының бұл ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қазақтың маңдайына біткен айбынды ұлды КСРО құлдырағаннан кейін де Ресей мемлекетінде қалу ұсынылған, АҚШ-та өз еліне шақырған, бірақ Халық қаһарманы туған елі қазақ халқының арасында, туған топырағында қалуды қалаған екен.
Халқымыздың мәңгілік мақтанышы, қазақтың дархан, кішіпейіл, ақжарқын, адал, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, ұлтының ұлы бола білген, даңқты батыр Тоқтар Оңғарбайұлымен «Егемен Қазақстан» газетінде кездесу болып, тұңғыш ғарышкер туралы жазылған журналист Талғат Сүйінбайдың екінші кітабының таныстырылымы өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, білікті дәрігер Серік Тоқпанов, Тоқтар Әубәкіров туралы жазылған «Тұңғыш» кітабының авторы, журналист Талғат Сүйінбай және «Egemen Qazaqstan» газеті мен өзге бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. – Алда үлкен мейрам – Республика күні келе жатыр. Айтулы мерекеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп, оны мемлекеттік, ұлттық деңгейге көтеріп отыр. Осынау тарихи күннің баспалдақтарын жасаған, мерейімізді асқақтатқан атаулы оқиғалар бар. Соның бірі – қазақ баласының ғарышқа көтерілген күні. Бүгін ортамызда осы оқиғаның басты қаһарманы – Тоқтар Әубәкіров отыр. Шын мәнінде ғарышкер ағамызды елдігіміздің бір рәмізі десек те болады. Сондықтан да бүгінгі кездесуіміздің тағылымы мол, – деп мазмұнды жиынды ашып берген «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы тұлғамен жүздестірген кездесуді жүргізіп отырды (egemen.kz).
Тұңғыш ғарышкердің әрбір тарихи сәтін кітапқа тізген журналист Талғат Сүйінбайдың «Тұңғыш» кітабын тұлғатануға қосылған сүбелі еңбек деуге әбден лайық. «Тұңғышпен» тиылмай, жақында аспан баласы туралы туындының екінші басылымын жарыққа шығарғалы отырған автор ғарышкерге арнап кітап жазудың қыр-сырын әңгімелеп берді: – Тоқтар Оңғарбайұлы ғарышқа ұшқан күннен бастап баспасөз бетінде түрлі мақалалар жарияланды. Менің де көп жазбам сол кезде жазылып, «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Кейін ғарышкердің өзімен сөйлесіп, мақалада қамтылған деректердің барлығын топтастырып, кітап етіп шығарсақ деген ұсыныс айтып, нәтижесінде, «Тұңғыш» кітабы туды. Қазір сол еңбек толықтырылып, жақында қайта жарық көргелі отыр. Екінші кітапта нақты деректер мен дәйектерден бөлек, ғарышкердің азаматтық, саяси көзқарастары, тұлғалық толғамдары да кеңінен қамтылды, – Талғат Сүйінбай. Ал тамаша тағылымды кездесуді түйіндеген Тоқтар Әубәкіров: – Қазақтың мінезі – намыс. Бүгінде сол мінездің өзгергені рас. Оған түрлі себептер әсер етті. Кеңес одағының құрамында болдық, түрлі қиындықтар мен нәубет жылдарды бастан өткердік. Жанымызды аман алып қалу үшін де мінезімізді өзгертуге, түрлі жолдарды таңдауға тура келді. Кезінде қазақты неге құртуға асықты? Өйткені қазақта намыстан нәр алған мінезі болды. Сол қасиеті басқаларды қаймықтыратын. Жылдар бойы халқымызды сақтап келе жатқан да сол қасиетіміз еді. Менің үстелімнің үстінде үнемі Бауыржан Момышұлының мүсіні тұрады. Батыр бейнесіне қарап, бір сілкініп аламын. Қазақ қандай болуы керек? Оны тануға, қазақтың мүлгіген санасын, іштегі сезімімізді оятуға Үкімет үлкен себеп болуы керек еді. Бірақ 30 жылдың ішінде ондай бастама болған жоқ. Бір қуанатыным – қазір қазақ оянып келеді. Іштегі сезімді, мінезді қанша жасырсаң да, ол уақыты келгенде міндетті түрде сыртқа шығады екен. Әрине, бар болса. Ал қазақта ол бар. Қазақты сақтап келген де, сақтайтын да – сол мінезі. Өйткені мінез – қасиет, мінез – кие, — деп әдемі әсер қалдырды. Аты қазақтың киелі қара сөзінің ең бір мәйегімен айшықталып, халық жүрегіне мәңгілік жазылған аспан баласы – Тоқтар Әубәкіров туралы әлі талай аңыздар айтылар, өзі де қарапайымдылығымен қазағының ортасында орамды ойларымен, тағылымды тағдырымен әлі талай үлгі-өнеге болып жүре беруіне тілектеспіз.

Дайындаған – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
Суретті түсірген – Ерлан Омар

ПІКІР ЖАЗУ