Қазақ брендтері

Көне заманнан бері қалыптасқан, ежелден келе жатқан Қазақстан халқының осынау ерекшелігі неде? Бүгінде әлемге бренд ретінде, дүниежүзінің игілігіне не ұсына алады? Қандай мінез-құлқы, нендей қасиеті басқаға үлгі болады? Кемшілігі бар ма? Ол кемшілікті қалай жоя аламыз? Осы сұрақтардың жауабын қарастырып көрейік!

 

Бренд дегеніміз – бәсекелестікке ұмтылған, белгілі бір іске қосылған саланың немесе сауданың, ұйымның басқалардан ерекше, айрықша өзіндік белгісі мен өзгешелігі бар екендігін көрсету мақсатында құрылған символ. Қазіргі таңда бренд сөзі де, ісі де сәнге айналды. Әрбір мемлекет өз қолданбаларының атын шығарудың шоу деңгейіндегі көрінісі ретінде брендтті қолданады. Бүгінгі күні немістер дәлдігімен, үнділер мәдениетімен, Америка көздің жауын алатын зәулім ғимараттарымен, орыстар менталитетімен, қытайлар білім беру жүйесімен, жапондықтар күрескерлігімен, электронды құрал-жабдықтарымен ерекше. Жақында ғана Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланды. Осы уақыт ішінде Қазақстан жаһанға қай қырынан көп танылды? Әдебиет, мәдениет, өнер, спорт саласында спортшыларымыз талай бәсекеде көк туымызды желбіретіп, көз қуанышымыз болғаны рас.
Ел көлемінде бренд жасау үшін, күш-қуатты, еңбекті, үлкен қаржыны жұмсауға тура келеді. Бұл жерде бастысы, толық зерттеуден өткен дұрыс идея рөл атқарады. Осы орайда Қазақстан қаржыны аяп жатқан жоқ. Еліміздегі өтіп жатқан жаһандық кездесулер, қысқы Азиада ойындары, 2017 жылы өткен EXPO көрмесі т.б. бәрі де тек елдің танылуы үшін, еліміздің брендтерін көрсетуге бағытталған шаралар. Ел ретінде қалыптасуы үшін жасалып, миллиардтаған доллар қаржы кетіп жатыр. Біз әлемге мақтанышпен бренд ретінде, түп тамыры тереңде жатқан ата-бабамыздың арманы болған мәңгілік ел идеясын, талай жылдардан бері әртүрлі тектес ұлттармен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз бұл да өзгелер қызыға да қызғана қарайтын мықты, үздік тұсымыз.


Қазақстанның азаттық символы – Алтын адамды. Астана қаласындағы «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументі және Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі. Ғылыми-техникалық прогрестің белгісі – Байқоңыр ғарыш айлағы, қазақ халқының ескі көшпенді өмірін көрсететін «Көшпенділер» фильмі, жасанды мұз айдыны бар әлемдегі ең ірі «Медеу» спорт кешені, дүниежүзіне танымал демалыс орындары Шымбұлақ, Бурабай және т.б. ғажайыптарымызды ұсына аламыз. Бұлар талай жылдардан бергі күш-қуат пен ерен еңбектің айшықты айғағы. Дегенмен, халқымыздың бірегей ұлт болып қалыптасуы үшін, әлі де бірнеше шарттар мен ережелерге бағынып, тек материалдық қана емес, рухани тұрғыда жетілген қасиеттерді қалыптастыру қажет. Еліміздегі саяси тұрақтылықтың жоқтығынан үкіметке берілген қаржының дұрыс жұмсалмауы осал тұсымыз. Жемқорлық жайлаған қоғамымызда мұндай үлкен сомадағы қаржыны игеру дұрыс жолға қойылмаған. Осы керітартушылықтың кесірінен өзге мемлекеттердің тұтынушы жәшігімен біздікін салыстырып көрген Өскеменнің қоғамдық кеңес өкілдері «Қазақстан әлемдегі ең кедей елдердің қатарында» деген тоқтамға келген. Өскемендегі анализ және жоспарлау институтының маманы Олег Чугунковтың айтуынша, Қазақстанның қазіргі жағдайы әлемдегі ең кедей Чад республикасы мен Африканың жағдайымен теңескен. Мысалы Германияда азық-түлікке ай сайын жұмсалатын қаржы 500 доллар, Жапонияда 317, Италияда 260 болса, елімізде 72 доллар. Әрі жағдайы төмен отбасылар өте көп. Халыққа бөлінген қаржыны жол-жөнекей жемей, дұрыс мақсатта, тиімді нәрселерге жұмсау керек.


Ал қазақтың қазақилығын танытатын, басқаға үлгі боларлықтай мінезі – қайсарлық, ержүректік, намысқойлық, әділетсіздікке көздері жеткенде кез келген қамалды бұзатын ерекше мінезі бар. Мұның дәлелі ретінде ұлы Желтоқсан көтерілісін айта аламыз. Бұл біздің әлемге паш ететін, тарихы тереңде жатқан ең керемет брендіміз. Бұл оқиғаны еске ала отырып, сол уақыттағы ата-бабаларымыздың бойындағы батылдықты, намысшылдықты, өз ұлтына деген патриоттық сезімін байқаймыз. Қазіргі кезде де осындай өз ұлтына деген сүйіспеншіліктері шексіз. Адал қызмет ететін жастарымыз көбейсе, міне, сонда ғана, мәңгілік, дамыған елдердің қатарына қосылу мүмкіндігіміз артары сөзсіз.
Қорыта келгенде, Ел болып қалыптасу үшін ең әуелі бірлік, ынтымақтастық, ішкі татулық пен саяси тұрақтылық керек. Әрі өз мүддемізді ұмытпауымыз керек. Осы жағдайда ғана қазақ брендттері мінсіз қалыптасып, жаһандық деңгейде дамып, одан әрі әлемге таныла бастайды. Біз қазақ деген халықпыз. Қазақилығымызды сақтап, ата-бабаларымыздың үмітін ақтау, парызымыз.

 

Дильназ Мухаммедова,
жас тілші, Еңбекшіқазақ ауданы,
Азат орта мектебінің 11-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ