Қауырсын

 

Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда бір қауым ел өмір сүріпті. Санаулы үйлер болмаса, шетінен ауқатты адамдар. Өмір заңы. Кедейлер байларға жалшы. Солардың айтқанын істейді. Маңдай тер, табан ақы ешуақытта әділ бағаланбайды. Соған қарамастан, кедейлердің бала-шағасына Құдай береді. Және бірнеше кедей отбасы бір-бірімен өте тату болыпты. Тату болмағанда ше?
Бірде кедей отбасы қатты қапаланып, «Осы байдан басқа адам жер бетінде құрып қалып па? Басқа жаққа көшейік» — деп жинала бастайды.
Мұны естіген басқалары да:
— Кетсек, бәріміз бірге шығайық. Жолда қанша уақыт жүретініміз белгісіз, ит-құс бар, кішкентайларымыз бар, — деп таң атпастан жолға шығады.
Байдың көзіне көрінбей, алыстап кету керек. Байдың әділетсіздігі жанына әбден батқан. Басқасын айтпағанда, балаларды аяса қайтеді? Өзінің де балалары бар емес пе?
— Байдың әйелінің қомағайлығы соншалық, саудагерлер келгенде, кедейлердің әйелдерін лашығынан шығармайды екен.
— Бар жақсыны сендер алып қоясыңдар. Е-е,
бейбақтар сендерге пұл бермесем, не сатып аласың? — деп сақылдап, келемеждеуден шаршамайтын.
Оның мағынасыз сөздерін тыңдаудан жалыққан жалшылар бір Алладан ғана көмек сұрайды. Сол шақта ауылға мұғалім келіп, бала оқыта бастаған. Ол да баяғы байдың киіз үйінің бір бұрышына орналасқан. Ұстазға күн көрсетпей, «кедейлердің бірде-бір баласын мектепке кіргізбе» — деген бұйрықты берген байдың әйелі болатын.
— Сіз кешіріңіз, жеті жасқа толған бала білім алуы керек, мен сол үшін келіп тұрмын.
Ешкіммен санаспайтын бай әйелінің мінезіне шыдамай, мұғалім де дәл осылардай кетіп қалып еді. Кедей баласы тозығы жеткен киіз үйдің жанына шығып, адым жерге атпен, есекпен, тіпті қала берді жалшы арқалап бара жатқан байдың балаларына таңдана қарайтын.
— Мені ешкім көтермей-ақ қойсын. Мен төрде де отырмаймын. Табалдырықта отырсам да, ілім алсам, — деп армайдайтын. Мектепке қызықаны соншалық, байдың үйіне кіріп кетіп, оның баласының қалам, дәптерін қолына алып көрді. Әліп-биін ақтарды.
— Білім деген қандай ғаламат! Мына заттардың өзі қандай күш беріп тұр… Сәби жаны қиялға беріліп кеткені сондай, байдың әйелінің бажылын да естімеген еді. Тек есіктен итеріп жіберіп, омақаса құлап, жаны ауырғанда баж ете түскен.
— Шіркін-ай! Мен білімділер еліне барып, тұрсам ғой. Кітабым, қалам-қағазым болса…. Мен оларды бауырларыма түгел үлестіріп берсем…. Ілім-білім алып, үлкен ғалым боламын. Ата-анамды кедейліктен шығарамын. Бізде де мал болады. Алыстан келген саудагерлерден қажеттінің бәрін сатып аламын.
— Көр де тұр, добым да, ойыншықтарым да, киімдерім де болады.
— Кедейдің лас балалары ауру жұқтырады. Қасына жоламаңдар, — деген байдың әйелі өзіміздің қандай дәрежеге көтерілгенімізді көрсе ғой.
Тәтті қиял арманшыл баланы ұйқыға баурап алды. Түсінде шынында да, керемет білімділер елінде жүр екен. Ерекше киініп алған. Мұның қолында қауырсын қалам. Адамдардың барлығы кезекке тұрып, мұң-мұқтажын айтып жатыр, айтып жатыр. Бұл болса, бір адамның сөзін қалдырмай жазуда. Оларға уәде беріп қоятын сияқты.
— Балам, өркенің өссін!
— Нағыз халықтың баласы екенсің!-деп баталарын беріп кері бұрылып барады. Әкесі оятты.
— Балам, сен түнде ұйықтамай, орманға барып келдің бе?! Қолыңдағы қауырсын қайдан….
Қандай ғажап! Қолында тоты құстың қауырсыны. Тура түсінде өз қолымен жазып отырған қауырсын осындай еді.
Міне, енді басқа елге барып, қоныс тебеді. Мектепте оқиды. Алла тағалам арманына жеткізсе, мына қауырсын қаламмен талай дүние жазады.
Жанастан Кучукова

ПІКІР ЖАЗУ