«Кәусардың» жеңісі (КӨКПЕКТІЛІК ЖЕТІГЕН АНСАМБЛІ 1-ОРЫН АЛДЫ)
Биылғы жылдың 30 қараша күні Семей қаласындағы №1 балалар музыка мектебінің ұйымдастыруымен өткен Нұрилә Азильханова атындағы І Республикалық байқауында Көкпекті ауданының намысын қорғаған «Кәусар» жетігеншілер ансамблі 1-орын жеңіп алып ел қошеметіне бөленді. Олар Көкпекті аудандық оқушылар шығармашылық сарайындағы жетіген үйірмесінің мүшелері.
Байқауда бақ сынаған жетіген үйірмесінің жетекшісі Мәншүк Мүбәрәкқызының шәкірттері таланттарының арқасында бағы жанып жүлдегер атанады. Көкпекті ауылындағы жетіген үйірмесі таяуда ғана ашылған еді. Өз ісін шебер меңгерген музыка маманы Мәншүк Мүбәрәкқызы Көкпекті аудандық оқушылар шығармашылық сарайында екі бағытта жұмыс істейді. Онда домбыра үйрету және жетіген үйірмесі бар. Жетіген үйірмесінің ашылуына мұрындық болған Көкпекті аудандық оқушылар шығармашылық сарайының директоры Асқар Дүйсенбекұлы алдағы уақытта жетіген аспабымен сүйемелдеп ән шырқайтын ерекше ансамбль құруды мақсат етіп отыр.
Жетіген үйірмесінің ашылған күннен бастап оқушылар толағай табыстарға жетуде. Оған тағы бір дәлел республикалық байқаудағы жеңіс. Бұл сайысқа Қазақстанның бірнеше облысынан жетігеншілер келіп қатысты. Әсіресе Павлодар, Қарағанды облысынан келген өнерпаздардың деңгейі мықты екенін айтып келді сайысқа қатысқан өнерпаздарымыз. Қазіргі уақытта оншақты балаға жетіген аспабын үйретіп, жиырмадан астам оқушыға домбыра үйретіп, тынбай дарынды шәкірт тәрбиелеп отырған Мәншүк Мүбәракқызының айтуынша: «Әрбір ішектің дыбысына мән беру, әрбір ішектен дыбыс шығару өзінше бір күрделі жұмыс. Жетігенге деген махаббат, үлкен табандылық болса, оны алып ойнап кетудің ешқандай қиындығы жоқ. Тек әр істі бастап, оны әрі қарай жалғастыру үшін өте үлкен еңбек керек», – дейді.
Ансамбль номинациясы бойынша “Кәусар” жетігеншілер ансамблі 1 орынды иеленді. Сонымен қатар Домбыра номинация бойынша кіші топ құрамынан Қуаныш Аңсар 3-орын, орта топ құрамында Мұратқанов Рақым 3-орын иеленді.
Үйірме жетекшісін және жас өнерпаздарды құттықтаймыз!
Фархат Маратұлы,
Абай облысы, Көкпекті ауданы