Қасым ханның мейірімді уәзірі
Бір заманда Қасым деген хан болыпты. Оның екі уәзірі бар екен. «Осы уәзірлерімді бір сынайыншы» — деп ойлайды. Ол уәзірлерінен:
— «Сендер маған айтыңдаршы: бай адамдар кедей адамдарға көмектеседі ме, әлде кедейлер байларға көмектеседі ме? Қайсысы мейірімдірек келеді?» — деп сұрайды.
Сонда бірінші уәзір: «Байлар мейірімді келеді, себебі байларда ас та, мал да, пұл-ділдә да бар. Сондықтан байлар кедейлерге көмектеседі» — деп жауап береді.
Екінші уәзір: «Аузы асқа, ауы мінер атқа жарымаған қу тақыр кедейде қандай мейрімділік болсын, әрине, байлар кедейлерге көмектеседі» — деп жауап қатады.
Бірнеше күн өткеннен кейін Қасым хан бірінші уәзірінің үйіне жарлы жолаушы болып есігін қағады, басындағы ескі тақиясын шешіп: «Мен шаршап-шалдыққан жарлы жолаушымын, құдайы қонақ болып қонып шығайын», — дейді.
Уәзір: «Саған менің үйімде орын жоқ. Дереу кет немесе ит айтақтап қазір өзім қуып жіберемін», — дейді.
Содан екінші уәзірінің үйіне барады. Бір түнеп шығуға орын сұрайды. Ол уәзірі де ат-тонын ала қашып, есігінің түндігін көтерместен, қуып жібереді.
Амалы таусылған Қасым хан жаяу-жалпылап жолға түседі, түн ортасында айдалада тұрған жалғыз, сыртында қырық жамауы бар лашық үйге кездеседі, ақырын есігін қағып: «Мен шаршап-шалдыққан жолаушымын, үйіңе қонып шығуға болады ма?» – дейді.
Есігін айқара ашып, алдына кедей шығады. «Әрине болады, төрлет, кіре ғой» — деп, қуана Қасым ханды жұпыны, тозған лашығына кіргізеді.
Малтасын ысытып, ас береді. Ертеңіне Қасым хан сыртта жайылып жүрген кедейдің бір тоқтысын көреді де, бұйымтайын айтады.
«Сен маған мына тоқтыңды берші». Сонда кедей: «Өзі жалғыз қойым еді, құдайы қонақ екенсің, ала ғой», — дейді де, жалғыз тоқтысын Қасым ханға жетектетіп жібереді.
Кедейдің ақкөңіл әрекетіне риза болған Қасым хан: «Менің атым – Қасым хан. Сен хан сарайына кел, мені сол жерден табасың. Мені сұрасаң, нөкерлерім өздері маған ертіп әкеледі» — дейді.
Келесі күні хан екі уәзірін шақырып алып, жарлының ескі тақиясын көрсетеді. Уәзірлер ханның кедей кейпінде олардың үйлеріне барғанын бірден түсінеді де, кешірім сұрап, ақталады. Бірақ хан: «Мен көрдім байлардың қандай мейірімсіз екенін, екеуіңді де уәзір тағынан босаттым», — деп қуып жібереді.
Бірнеше күннен соң Қасым хан нөкерлерін жіберіп, жалғыз тоқтысын сыйлаған кедейді өзінің хан сарайына алдыртады. Хан кедейді салтанатпен күтіп алып, оған өзі сыйлаған тоқтысын қайтарып береді және ат басындай алтын сыйлайды. Кедейді сол күннен бастап өзінің уәзірі етіп сайлайды.
Сол уақыттан бастап хан ордасында мейірімді уәзір таққа отырып, бірнеше заман тату, тыныш дәурен сүріпті. Ханның әділдігі мен мейірімділігіне байланысты ел арасында «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» — деген нақыл сөз содан қалған деседі.
Жазып алған:
Туғанай АЙТҚОЖАЕВА,
№ 21-мектептің оқушысы,
Жезқазған қаласы.