Қасым Аманжолов өлеңдері

Нар тәуекел

Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!

Жығылам деп жүре алмаймын жәй басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жалт қарап, жай басып.

Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын не етермін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін.

 

Қуанышқа, бақытқа

Қуанышқа, бақытқа
Құшағыңды еркін жай.
Біздің ұлы уақытта
Қуана біл баладай.

Еңсе көтер, еңбек ет,
Жеттік сонда табысқа.
Құлашыңды кең сермеп,
Серпіле түс жарыста!

Жастық отың сөнбесін,
Жігеріңмен жарқылда!
Қарттық саған келмесін,
Тарылма да сарқылма!

ПІКІР ЖАЗУ