Қарттар біздің қазынамыз
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері Халықаралық қарттар күніне орай қала зейнеткерлеріне азық-түлік себеттерін таратуды ұйымдастырды. Олар жалғызбасты қарттарға, ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, мүгедектігі бар зейнеткерлерге жүйелі түрде көмек көрсетеді. Бұл аулаларды тазалау, үй шаруашылығына көмектесу және азық-түлік жеткізу. Ал мереке күндері еріктілер азық-түлік себеттерін сыйлады.
Бір әлеуметтік себетте ең қажетті әрі пайдалы өнімдер, тұрмыстық тауарлар қамтылған. Іс-шараға барлығы 10-ға жуық ерікті қатысты. Қариялар ұйымдастырушыларға көңіл бөлгені үшін алғыс айтты.
Астанадағы IT университетінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Есіл ауданы әкімі аппаратының, Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің және «Ұзақ өмір сүру» орталығының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті.
Шараға 100-ге жуық зейнеткер мен студент жастар қатысты. Сонымен қатар концерттік бағдарламада этно-мәдени ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін паш етіп, қонақтарды қуантты.
Ұйымдастырушылар Халықаралық қарттар күніне орай өткізіліп жатқан бұл концерттің орны ерекше екенін айтады.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халықпыз. Бүгін сол қарттарымыздың мерекесін арнайы атап өту мақсатында қаламыздың ардагерлеріне арнап концерт қоюымыздың өзі де – үлкендерге деген құрметіміздің бір белгісі. Осы кісілер арқылы тәрбие алған жас ұрпақ ертеңгі халқымыздың болашағына жұмыс жасайды. Сондықтан да біздің қарпттармыз – жастардың қашанда жол сілтеушісі және қамқоршысы. Біз оларды сыйлап, құрметтеуді қашанда бірінші орынға қоюымыз керек деп ойлаймын», – деді Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Назгүл Ахметова.
Сонымен қатар Халықаралық қарттар күнінде елорданың Алматы ауданы әкімдігі зейнеткерлер үшін қаланың көрікті жерлеріне автобус экскурсиясын ұйымдастырды.
Алматы ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келушілер үшін Red Bus екі қабатты автобуспен сапар ұйымдастырылды. Олар елорданың көрнекті жерлерін аралады, соның ішінде Тәуелсіздік алаңындағы «Қазақ елі» монументі, елорда мен елдің символы «Бәйтерек», «Мәңгілік Ел» салтанатты қақпасы, бас республикалық мешіт, «EXPO» халықаралық көрме орталығында болды.
Экскурсия жылы және достық атмосферада өтті. Қатысушылар көрікті жерлерді белсенді талқылап, әсерлерімен бөлісті, естелік фотосуретке түсті. Іс-шараны ұйымдастырушылар қарттарға осындай экскурсияларды дәстүрлі түрде жүргізуді жоспарлап отыр.
Астана қаласы Байқоңыр ауданының Өндіріс тұрғын алабында да Қарттар күніне орай мерекелік іс-шара өтті.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ұйымдастырған концертте тек ойын-сауық бағдарламасы ғана емес, қала әкімдігіне қарайтын орталықтың ардагерлерге ұсынатын қызметтері туралы да кеңінен түсініктеме берілді. Мәселен, мұнда зейнеткерлер үшін тегін дене шынықтыру, үстел теннисі, қолөнер, хор үйірмесі, тыныс алу гимнастикасы бөлмесі ашылған.
Мерекелік іс-шарада Байқоңыр ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» директоры Мұхтар Еркетаев, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Айсұлтан Жақыпбек сөз сөйлеп, зейнеткерлерді мерекемен құттықтады.
«Зейнеткерлер егде тартқан шағында қоғамға керексіз болып үйде жалғыз отырып қалмай, ортамен араласып, денсаулығын нығайтып, көңілін көтеру үшін осындай орталықтар ашылып отыр. Ата-әжелер үйде немере баққаны да дұрыс, дегенмен, білім көкжиегін кеңейтіп, жаны мен тәнін шынықтырып, көзқарасын жаңа арнаға бағыттау үшін оларға «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» келіңіздер» деген кеңес айтар едім», — деді Байқоңыр ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Роза Байсалбаева. Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада осы орталыққа келушілер ән айтып, би билеп, мерекенің көрігін қыздырды.
Қарттар күніне орай Алматы ауданында орналасқан Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мекемесінде шахмат турнирі басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордада 2022 жылы ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» құрметті еңбек демалысына шыққан егде азаматтар бос уақытын тиімді өткізуге тырысады. Алғашқы жылы 6 мың адам ғана тіркелсе, қазіргі таңда орталыққа келушілердің саны 14 мыңға жуықтайды. Бұл жерде зейнеткерлер әлеуметтік-сауықтыру, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, бос уақыт өткізу бағытында әлеуметтік қызмет түрлерін ала алады.
Астананың Орталық саябағында да Халықаралық қарттар күні ерекше мерекеленді. Елорданың орталық саябағының қонақтарын №5573 әскери бөлімінің әскери оркестрі өз өнерімен қуантты. Үрмелі және ұрмалы аспаптардың орындауындағы патриоттық және халық әндерінің әуендері, әсіресе көңіл-күйді көтеріп, қатысушыларды қуантты. «Парасат» ансамблі де өз композицияларын ұсынды. Шығармашылық ұжымды 2018 жылы Үркер тұрғын алабының қарт тұрғындары
құрған болатын.
«Біздің ансамбльде ең жас қатысушы 60 жаста, ең үлкені 80 жастан асқан. Мен өзім 70 жастамын. Біз үшін бұл жай ғана қойылым емес, бұл жас шығармашылық пен қуанышқа кедергі емес екенін көрсету мүмкіндігі. Біз қала тұрғындарына өз өнерімізді көрсеткенімізге қуаныштымыз», — деп атап өтті «Парасат» ансамблінің мүшесі Роза Елюбаева.
Бағдарламаны «Үркер» аула клубының жас таланттары да қыздыра түсті.
«Мен атаммен бірге концертке арнайы келдім. Атамның құрдастарының шығармашылық белсенділігі бізді қатты таң қалдырды. Сондай-ақ біз Нұра ауданында жұмыс істейтін зейнеткерлердің демалыс орталықтары туралы білдік. Атам спортпен, шығармашылықпен айналысуы үшін оларға міндетті түрде жазыламыз», — деді Астана тұрғыны Нұрилла Айдосова.
Сонымен қатар Халықаралық қарттар күніне орай елордада қайырымдылық акциялары ұйым-дастырылады: басқарушы компаниялармен бірлесіп тұрғын үй кешендерінің аулаларында шай кештері өтеді, ал мұқтаж зейнеткерлерге азық-түлік көмегі беріледі.
«Біз қарт адамдар арасында көңіл-күйді сақтауға тырысамыз. Бүгін Нұра ауданы әкімдігінің шақыруымен біз оларды қолдауға келдік, концертті көріп, қандай жас екенімізді еске аламыз. Бәрімізге, қарттарға назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Ал жастарға амандық тілейміз», — деді Астана ардагерлер кеңесінің мүшесі Өтеген Айшуақов.
Г.Тұрлыбекова