Қаламы қарымды журналист

Жазушы, драматург, әріптесіміз Кеңес  ОРАЗБЕКҰЛЫ асқаралы 60 жасқа толып отыр.

Кеңес Оразбекұлы Оңтүстік Қазакстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дарбаза кеңшарында туып-өскен. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Республикалық «Егемен Қазақстан» (1989-1991), «Ұлан» газетінде (1991-2004) ж. қызмет атқарған. 2004 жылдан Республикалық «Мөлдір бұлақ» журналы Бас редакторының орынбасары қызметінде 10 жылға жуық еңбек етті. 2013 жылы тікелей шығармашылықпен айналысуына байланысты басқа қызметке ауысты.

Шығармалары:
«Ертегі туралы ертегі» (1993), «Ай аттары қайдан шыққан?» , «Мүшел жас» (2002), «Наурыз көже» (2007), «Қанатты сөз-қазына» (2010), “Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нұрдың ерлік жорықтары» (2010), «Иол — мәңгілік ағашы» кітаптарының авторы. Алматы қалалық әкімшілігі (2005) мен «Бөбек» қоры ұйымдастырған (2006) республикалық бәйгелердің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» және Қазақстан Кинематогрофистер одағы жариялаған сценарийлер байқауы (2009) мен халықаралық «Дарабоз» бәйгелерінің (2009) жүлдегері.

Асығыс түбі — өкініш
Асығыс, қарбалас тірліктің шикі шығып, артынан әрқашан да өкініш тудыратыны бейнеленген Абай сөзі:
«Досыңа досың — қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол!
Асығыс түбі — өкініш,
Ойланып қалмақ — сабыр сол».

Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы
«Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік» деген халық мақалына мәндес қанатты сөз.
Бұл нақылды қаз дауысты Қазыбек би бір жиында біреудің әдепсіз, өнегесіз баласын көргенде:
— Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе!
Атың жаман болса,
Шыбын жанның азабы емес пе!» — депті.

Қазына — білімдінің басында
Білімнің өзі қазына, демек, қанша білімді болсаң, қазынаң да сонша мол, жан дүниең бай, рухың мықты болады деген сөз.
— Қазына кімде? — деп сұрапты Абылай хан Бұқар жыраудан.
— Бізден сөз кетті ғой, өзің айта берсеңші, — дейді жырау.
— Мен айтсам, қазына — байда, басқа кімде болушы еді? — депті Абылай.
— Е-е, білмедің, — депті сонда Бұқар. — Үш рет жұт болса, байда қазына қалмайды. Үш рет жау шапса, ханда қазына қалмайды. Қазына білімдінің басында, — дейді Бұқар жырау.

ПІКІР ЖАЗУ