Қайта оралған «Әліппе»

Биылғы жаңа оқу жылының мен үшін айрықша ерекшелігі – 1-сыныпқа қабылдаған оқушыларымды «Әліппе» оқулығымен оқытуға мүмкіндік алғаным. Мен ғана емес, барша қазақстандық бастауыш сынып мұғалімдері де ерекше шаттыққа кенелді деп санаймын. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің білім жүйесіне енгізген көп жаңашылдығының бірі «Әліппені» қайта оралтуы дер едім.

 

Арабтың «А» әлиф, «Б» бе сөзінің төркінінен шыққан «Әліппені» бізге осыдан 110 жыл бұрын Ахмет Байтұрсынұлы жазып ұсынып еді. 1912 жылы төте жазу үлгісімен жазылған ғалым, ағартушы, Алаш қайраткерінің «Оқу құралы» Орынбор қаласында басылып, қазақ даласын сауаттандыру ісінде игілікке айналып еді. Қазақ ұлтына қара танытуға арналып, соған лайықтап жазылған Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» бірнеше мәрте қайта басылып, елді сауаттандыруға орасан септігін тигізді.
Біздің елімізде араб жазуын пайдалану 1929 жылға дейін қолданыста болса, 1929 жылы латын графикасына, 1940 жылдан бастап кириллица қарпіне көштік. Қазір енді қайта латынға көшу мәселесі кеңінен талқыланып, қолға алынып жатыр. Қай графикаға көшсек те мектеп табалдырығын аттаған балалар оқу жүйесіне «Әліппе» арқылы еніп келіп еді. 2015 жылы «Әліппе» оқу жүйесі жолынан ысырылып, орнына «Сауат ашу» пәні енгізілген еді. Бірақ ғасырдан астам уақыт жас ұрпақты білімге баулып, бағыт-бағдар берген «Әліппе» ауадай қажет еді. Өйткені ұстаздың алдынан сабақ алушы оқушы да «Әліппенің» арқасында әріптерді тану үшін суреттерді қарап, сол арқылы айналаға деген дүниетанымы кеңейіп, сұраққа жауап беруге дағдыланады. Өзіміз де мектеп табалдырығын алғаш аттағанда «А» деген әріппен танысу үшін «Әліппе» оқулығының 32-ші бетіне дейінгі көркем суреттермен танысып, көп нәрсені көңілге түйетінбіз. Бүгінгінің балаларына да осы тәсіл ауадай қажет еді. Дыбыстардың екі түрге: дауысты және дауыссыз болып бөлінетінін, дауысты дыбыстардың буын құрайтынын үйрендік. Әліппенің тартымдылығы сондай, әрбір әріпті өткен сайын сабақ күрделене түссе де, баланың қабылдауына, санасына сіңіруіне аса ауыр соқпайтын. Оқушыларды өзіне магниттей тартып тұратын ерекшелігі де бар.


Биыл мектеп табалдырығын аттаған №201 мектеп-гимназияның 1 «Б» сыныбының оқушылары, яғни менің шәкірттерім де білім айдынына қадамды «Әліппе» арқылы жасағандарына ерекше қуанышты. Өйткені «Әліппе» оқулығын оқыған әрбір бала отаншылдықтың қандай қастерлі ұғым, елін сүюдің жауапкершілігі қаншалықты ауқымды екенін бағамдай бастайды. Үлкенге ізет көрсетуді, өзіңнен кішіге қай кезде де қамқорлық таныту міндет екенін осы оқулықтағы көркем суреттер арқылы таразылап, санасына сіңіріп, түйсігіне тоқиды.
Ашылғанына екі жылдың жүзі ғана болған біздің №201 мектеп-гимназияның табалдырығын биыл аттаған бүлдіршіндердің қолындағы «Әліппе» оқулығы 1-сыныпқа барған әр баланың айнымас серігі, ажырамас рухани досына айналды десем, артық айтқандық болмас.
Мектеп директоры Шамова Арайлым Мәтжанқызы да ұжымдағы оқытушы-педагогтар қауымының қамын ойлап, білім ошағының беделін көтеріп, дәрежесін өсіру үшін ынтымақпен жұмыс істеп, біліктілігімізді арттыруға бағыттап келеді. Қазақта «жас келсе, іске» деген мәтел тегін айтылмаса керек. Арайлым Мәтжанқызы жас болса да өзіне жүктелген мектеп директоры деген қызметті абыроймен арқалап, ынтымақ, бірлігімізді бір арнаға ұйыстырып, жұмылған жұдырықтай ұстап келеді. Креативті идеяларымен, жаңашылдығымен үнемі әріптестерімізді қанаттандырып, қолдап-қуаттап отырады.
Бүгінгідей технология адам қиялы жетпестей жылдамдықпен қарыштап дамып жатқанда білімді ұрпақ қана бәсекеге төтеп беріп, өркендеу жолында адаспайды. Сол білімді ұрпақты баулитын мұғалімнің дәреже-деңгейі жоғары болуы міндетті. «Әліппе» оқулығымен мектеп есігін ашқан бүгінгі «тарыдай» бүлдіршіндердің оқуға деген ынтасы, білсем, көрсем, танысам деген ынта-ықыласы алабөтен ерекше. Неге? – Өйткені олар мектептің босағасынан қолдарына «Әліппе» оқулығын ұстап кірді. Қалай десек те, қалай ақтап алсақ та түрлі реформа, өзгеріс жүргенімен де «Әліппе» оқулығының орны да өзгеше, салмағы да басым тұрады. Өйткені ол – білім биігіне бастайтын бастайтын баспалдақтың алғашқы сатысы.
Өзім де бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан әр кезеңде сынып жетекшісі ретінде қабылдап алған балалардың қарым-қабілетіне, дарынына талдау жасап, бақылап отырамын. Биылғы жылы «Әліппеміздің» қайта ортамызға оралуы бүкіл еліміз үшін орасан сый болды. Содан да шығар, осы жылы оқуға қабылданған оқушыларымның ұмтылысы өзгеше. Сабақ оқуға деген ынта-ықыластары көңілімізді өсіріп, марқайтып отыр. Алфавитті үйрету жолында «Әліппе» тек оқушылардың досы ғана емес, біздің де таптырмас көмекші құралымыз болып қала беретініне нық сенемін.

Мөлдір Ұланқызы Қазбекова,
№201 мектеп-гимназиясының бастауыш
сынып мұғалімі, 1 «Б» сыныбының жетекшісі,
Алматы қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ