«Jyr maidany» таланттарды танытты

Атам заманнан етек жайып, өсиет болып келе жатқан жыр мен өлең халқымыздың баға жетпес қазынасы екені бәрімізге мәлім. Дегенмен, бірақ… Оны қазіргі таңда поэзияны насихаттайды деген жастарымыздың санының азайып бара жатқандығынан көреміз. Ұлы Абай атамыздың 175 жылдығына орай «ABAI TV» арнасы ашылған болатын. Бұл 2020 жылдың айтулы әрі ерекше жаңалықтарының бірі. Сол арнада осы рухани мәдениетімізді дамыту мақсатында жыр десе ішкен асын жерге қоятын жастардың басын біріктіретін «Jyr maidany» атты жоба жарық көрді. Бағыма орай мен сол бағдарламаның жартылай финалының тізгінін иелендім. Жыр алаңының жүргізушісі болдым.

 

Бұл жобаның кереметтілігі сонша, «сен тұр, мен атайын» дейтін кілең жыр жүйріктері бақ сынасты. Еліміздің әр түкпірінен жыр деп келген жастарымыздың екпінін көріп, аяғымды тартыңқырап қалғанымды жасырмаймын. Іріктеу сынның өзінде 200-ге жуық талантты жастарымыз бас қосты. Енді ойлап қараңыз, 200 үміткер қанша ақынымыздың қаншама өлеңдерін оқыды?! Сонау Махамбет бабамыздан бастап, қазіргі Тәуелсіз Қазақстан дәуірі ақындарының жырларымен көрермен көңіліне жол тапты. Абай атамыздың 150-ге жуық өлеңін білетін дарынды жасөспірімдерді де көргенде таңдай қағасың. 20-дан асқан ересек адамдар да болды. Бар жұмысын ысырып келіп отырған, балапандарын жанына ертіп, жыр деп келген жас аналарға да сүйсіне қарадым. Небір тақырыпта жас ақындарымыздың тамаша өлеңдері оқылды. Ұмытылып, сағынып жүрген поэзияларымыз да қалыс қалған жоқ. Жыр, өлеңге қатысты тосын сұрақтардың, кедергілердің бәрінен мүдірмей өткен жастарға көзің тояды, айызың қанады.


Поэзияны түп тамырынан білемін деп айта алмаймын. Алайда, осы жобаның арқасында қаншалықты рухани байлық алғанымды білсеңіз ғой! Кідіріп қалса, намысқа тырысып, жырдан шашу шашамын деп алға ұмтылғандарды көріп бойыма шалқар шабыт келді. Осындай кереметке мен ғана куә болып койған жоқпын. Патша көңілді көрерменнен бөлек ағам секілді болып кеткен екінші жүргізуші Елдар да жыр майданын іріктеу кезеңінен бері жүргізіп, тартысқа түскен тұлпарлардың таласын тамашалап келеді.
Елдардан жыр майданы бағдарламасынан алған әсерін сұраған болатынмын. «Қазіргі қоғамда руханияттың күші әлсіреп бара жатқан сәтте Абай жылында Абай арнасының ашылып, сол арнада «Jyr maidany» бағдарламасының көрерменге жол тартқаны маған шабыт бергені айдан анық жәйт. Сонымен қатар сол бағдарламаның жүргізушісі болғаным мен үшін өмірлік үлкен тәжірибе. Тележурналистикаға алғаш қадам басуым осы арнадағы бағдарламамен тікелей байланысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты жастармен қосылып, өзім де ескі есті қазақ әдебиетін ойға оралтып оқыған сәттерім болды. Бұл бағдарлама маған болашаққа жоспарды жүйелі іске асыруға жол ашты.
Елдарға толықтай қосыламын. Расында, жыр мен өлеңнің жауһарына бөлендік. Мен де өзіме үлкен тәжірибе жинадым. Жырды серік еткен мықты жастар көп екеніне көзім жетті, бәсекелес бола алатын қарсыластарым бар екенін білдім. Дегенмен ортадан озып шығар жүйріктің болуы шарт. «Jyr maidany» жобасында қанша сынды артқа қалдырып, Қанағат Қанатұлы деген жігіт бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын.
Қанағат та жеңісінен кейінгі лебізімен бөлісті: «Қазақстанның барша поэзия сүйетін жастарының басын қосқан «Жыр майданы» жобасы жылы естеліктерімен есте қалды десек болады. Осы бағдарлама арқылы мен жаңа достар таптым, жаңа орта қалыптастырдым. Рухани қазынамды молайттым, жаңа өлеңдер жаттадым, бәсекелестікке үйрендім. Ең соңында жеңіске жеттім. Үлкен сыйлық алдым. Өмірімді жақсы жағынан өзгертуге септігін тигізген бағдарлама болды. Бағдарлама жалғасын тапса екен деймін. Сонымен қатар жүргізушілер, түсірілім тобы біздің жақын жандарымыз болып кетті. Әр сайыс басында жүргізушілер қолдау көрсетті. Жалпы айтқанда қазақылықтың иісі аңқыған, өзіміздің жанымызға жайлы бағдарлама екен.
«Жыр майданы» бағдарламасы тұрғысына тек қана жақсы көзқарас қалыптасты. Бүкіл қазақ халқының ыстық ықыласына бөленді. Айта кететін тағы бір дүние сайыскерлерімізге еліміздің қазіргі даңқты ақиық ақындарын көру мүмкіндігі бұйырды. Әр бағдарлама сайын белгілі ақын қонақ болып, сайыскерлердің аяқ алысын бағамдап, өздерінің пікірін, лебіздерін білдірді. Әр бағдарлама соңында өлеңдері ең көп оқылған ақындардың рейтингі көрсетіліп жүрді. Көш бастаған ақындар тізімінде Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев, Ақберен Елгезек секілді ақындарымыз болды.
Осындай салмақты әрі ауқымды жобаның жүзеге асуына түсірілім тобының сіңірген еңбегі зор. Мен «Jyr maidany» бағдарламасының ұзақ жылдар бойы жалғасын тапқанын қалаймын. Екінші реттік түсірілімін асыға күтетін боламын. Ал сіз жыр майданына келіп, бағыңызды сынап көрер ме едіңіз?

Айгерім ЕСЕНГЕЛДИЕВА, Алматы қаласы,
№26 мектептің 11-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ