IV Азия пара ойындары: Олар — нағыз батырлар
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарында Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы 41 медальмен командалық есепте 11 орынға тұрақтады. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып, 22 қазаннан 28 қазанға дейін жалғасқан байрақты бәсекеде 43 мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы 22 спорт түрінен бақ сынады.
Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі хабарлағандай, жарысқа елімізден 131 спортшы барды. Олар дзюдо, жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, отырып ойнау волейболы, садақ ату, тхэквондо, оқ ату, шахмат, бочча, каноэ, велоспорт және академиялық есу секілді 14 спорт түрінен бәйгеге түсті. Ел намысын қолдан бермеген спортшыларымыз 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль олжалап, 3 Азия және 4 Азия Пара ойындарының рекордын орнатты.
Атап айтар болсақ, Азия пара ойындары алғаш рет 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында байрағын көтерді. Азия ойындарынан кейін ұйымдастырылатын параазиядаға Қазақстан ұлттық құрамасы сол жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен III Азия пара ойындарында спортшыларымыз параазиада тарихында тұңғыш рет 33 медаль, 5 алтын, 15 күміс, 13 қола медаль жеңіп алды. Осы көрсеткіштің нәтижесінде, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 13 орынды иеленген-ді.
Қазірге дейін Қазақстан құрамасы 2014, 2018 жылдары тек пара жүзу спортында ғана алтын алған болатын.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, ел намысын қорғап, үмітті ақтап, жүлделі оралған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай ынталандыру сыйлықақы беріледі. Параазияда чемпионы атанған спортшыға мемлекет тарапынан 10 мың, күміс медаль иегеріне — 5 мың, қола медаль иегеріне 3 мың доллар беріледі. Сонымен қатар алтын медаль иегерін жарысқа дайындағаны үшін оның жаттықтырушысына – 5 мың, күміс жүлдегердің бапкеріне – 3 мың және қола жүлдегердің жаттықтырушысына 2 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлықақы тағайындалды. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранын әуелетіп, халқымыздың мақтанышы-на айналған параспортшылардың ерік-жігеріне бас иіп, құрмет көрсету заңдылық. Осы орайда пара велоспортта ел қоржынына олжа салған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сейтжан Кенжеғұлмен хабарласып, жеңісімен құттықтаған едік.
– Рақмет! Әрине қуаныштымын. Халықаралық деңгейдегі жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Бұл менің ғана жеңісім емес, менің пилотым мен тренерімнің де жеңісі. Халықаралық деңгейдегі мүндай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Тернерім Николай Виталиевич болмаса, жақсы нәтиже көрсете алмас едім, пилотым Антон Лаврентьев болмаса, бұл жарысқа мүлдем қатыса алмайтын едім. Осы кісілерге алғысым шексіз. 2022 жылдың қараша айынан бастап велокоманданың бас жаттықтырушысы Николай Зайцев мені Пара Азия ойындарына дайындады. Николай Виталиевичтің еңбегінің арқасында өте жақсы нәтижеге жеттім деп есептеймін. Жаттықтырушымды 30 қазан тренерлер күнімен құттықтаймын. Қазақтың туын желбіреттім, ендігі кезекте қазақтың туы мен әнұранын алғашқы орында асқақтатсам деген арманым бар, — деді Сейтжан Кенжеғұл.
Астана қаласының
құрама командасы – ең үздік
Ал Астана қаласының құрама командасы спорттың 4 түрінен өнер көрсетті. Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтың айтуынша, сары құрлықта өткен байрақты бәсеке еліміз үшін өте сәтті өтті. Себебі, еліміз өз тарихында жүлде саны мен сапасы жағынан барлық рекордтарды бұзды. Екіншіден, Қазақстан алғаш рет пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг спорт түрлерінен алтын жүлдеге ие болды.
«Облыс арасында медаль саны бойынша көш басында астаналық пара спортшылар жайғасты. Астана қаласы – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальге ие болды. Пара дзюдодан өнер көрсеткен 24 жастағы Ақмарал Науатбек пен 38 жастағы Ерғали Шамей жеңіс тұғырынан көрініп алтын медаль иегерлері атанды. Дәл осы спорт түрінен 30 жастағы Асылан Нұрдәулетов күміс жүлдегер атанса, 35 жастағы Бауыржан Арыстанбеков қола жүлдеге ие болды. Бүгін, міне, өздеріңіз куә болғандай Сиязбек Далиев аралас комплекстік эстафетада командалық сайыста қола жүлде еншіледі. Биылғы Пара Азия ойындары Астана қаласы үшін жақсы көрсеткіш деп айтуға болады», — дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Байрақты бәсекеде астаналық жеңімпаз параспортшылары арасында чемпион атанған Ақмарал Науатбекке хабарласып, сұқбаттасқан едік. Ақмарал Науатбек пара дзюдодан J2 cанаты бойынша 48 келі салмақта өнер көрсетіп, финалдық белдесуге дейін қарсыластарын айқын ұтты. Алтын медаль үшін күресте Қытай қызы Ли Личинді жеңіді. Жарыстан кейін сұхбат берген Пара Азия ойындарының чемпионы жеңісін барша қазақ еліне арнады. «Жеңісімді Қазақ еліне арнаймын. Келе жатқан Республика күні құтты болсын!» — деп жүрекжарды қуанышымен бөлісті.
Ал «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандырының атынан жолдаған бірнеше сұрағымызға Ақмарал төмендегідей жауап берген еді…
– Қуанышыңыз құтты болсын! Жеңістен кейінгі көңіл-күйіңіз қалай?
– Рақмет! Көңіл-күйім тамаша. Мен Қазақ еліне алтын медальді алып келгеніме өте қатты қуанып тұрмын.
– Сізге де рақмет! Қарсыласыңыздан қандай әдіс-тәсіл арқылы ұттыңыз?
– Қарсыласымды өзімнің сүйікті әдісіммен жеңідім.
– Дзюдо спортына неше жасыңызда келдіңіз? Бапкеріңіз кім?
– Дзюдоға мен 11 жасымда келдім. Қазір айналысып жатқаныма 13 жыл болды. Бапкерім Анапин Айдын.
– Жақсы. Алдағы арман-мақсаттарыңыз қандай екенін білсек бола ма?
– Алдағы арманым, мақсатым әрине олимпмиада шыңы. Келесі жылы – олимпиада жылы. Сондықтан қазірден бастап аянбай еңбектеніп, дайындаламын. Арманымның орындалуына бар күшімді саламын.
– Армандарыңыздың орындалуына тілектеспін. Осылай сұрақ-жауап түрінде өрбіген әңгімеміз Ақмаралдың журналымыздың оқырмандарын арналған ақ тілегімен аяқталды. – «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандарына сабақтарыңды жақсы оқыңдар, қандай іспен айналыссаңдар да алдарыңа үлкен мақсат қойып, еңбектеніңдер. Армандарың асқақ болсын! Армандар орындалады дегім келеді, — деп, жас оқырмандарымызға жүрекжарды тілегін арнады.
Азия пара ойыншылары елге оралғаннан кейін астаналық пара спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қабылдады.
Кездесу барысында Есет Байкен қала әкімі Жеңіс Махмұдұлының алғысын жеткізіп, елорда намысын асқақтатқан спорт саңлақтарын Азия пара ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтады. Сондай-ақ Есет Берікұлы Азия Пара ойындары еліміз үшін өте сәтті өткенін тілге тиек етті. – 22-29 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындары еліміз үшін сәтті өтті. Қазақстан өз тарихында жүлде саны мен сапасы жағынан барлық рекордтарды көрсетті. Екіншіден, еліміз алғаш рет пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг спорт түрлерінен алтын жүлдеге ие болды.
Жеңімпаздар қатарында, біздің пара дзюдодан өнер көрсеткен Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шамей жеңіс тұғырынан көрініп алтын медаль иегерлері атанды. Асылан Нұрдәулетов күміс жүлдегер атанса, Бауыржан Арстанбеков қола жүлдеге ие болды. Биылғы Азия Пара ойындары Астана үшін жақсы көрсеткіш деп айтуға болады,- деді Есет Байкен. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары саңлақ пара спортшыларға алдағы жарыстарға да сәттілік тілеп, үлкен жетістіктің мықты рух пен үздіксіз шынығудың және үлкен еңбектің арқасында келетінін атап өтті. – Сіздер еліміздің мерейін тағы бір мәрте көтердіңіздер. Сіздердің арқаларыңызда көк туымыз халықаралық деңгейде жеңіс тұғырында желбіреді.
Азия пара ойындарындағы бүгінгі жеңістер-болашақ паралимпиадаға маңызды қадам. Алда талай биік белестерді бағындыруларыңызға тілектеспін! Сенім үдесінен шыға білетін білекті де жүректі спортшыларымыздың қатарынан таймаңыздар, — деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Астаналық пара спортшыларды ұлықтау рәсіміне Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Астана қаласы әкімдігінің «БЖСМ, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің» басшысы Азамат Тагаев және Қазақстан Республикасының Пара дзюдо федерациясының вице-президенті Медет Байкен қатысты. Есет Берікұлының айтуынша, жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық. – Бұл ретте бапкерлердің еңбегі ерең екенін айта кету керек. Бүгінде кез келген спорт түрінен бәсекелестік өте жоғары. Сол себепті, біз үшін әр медальдың, құны жоғары. Сіздер тек Астана қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышысыздар! — деді қала әкімінің орынбасары.
Жиында Есет Байкен Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған жаттықтырушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етті. Спортшылар да өз кезегінде еңбектің еленіп жатқанына ризашылық білдіріп, қала басшысына естелік сыйлық табыс етті. Біз де жеңімпаздарымызды нағыз батырлар, нағыз жеңімпаздар деп мақтан тұтамыз.
Қадірлі оқырман назарларыңызға Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының жүлдегерлері мен жүлделері тізімін ұсынсақ:
Пара каноэде Бибарыс Спатай KL2 және VL3 санатында қос күмісті қанжығасына байласа, Жалғас Тайкенов KL3 санатында күміс жүлдегер атанды. Ал Жаныл Балтабаева KL3 санаты Максим Богатырев KL1 санаттары бойынша қола жүлдеге ие болды.
Пара пауэрлифтингте Давид Дегтярев Азия пара ойындарында алғашқы алтын медальді жеңіп алды. 54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол 186 кг бағындырып, Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Ал 41 келіде Тұрсынай Қабыл мен 73 келіде Раушан Қойшыбаева күміс медаль жеңіп алды. 45 келіде Гүлім Құрманбаева мен 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рахметжан Хамаев қола жүлдені қанжығасына байлады.
Пара дзюдо күресінде жерлестеріміз Ақмарал Науатбек (45 кг/ J2), Ерғали Шамей (73 кг/ J1) және Олжас Оразалыұлы (73 кг/ J2) алтын медальді жеңіп алды. Күміс жүлдеге Асылан Нұрдаулетов (73 кг/ J1), Жанбота Аманжол (-90 кг/ J2), Зарина Раифова (70 кг/ J2) және Ерлан Өтепов (+90 кг/ J2) ие болды. Ал Бауыржан Арстанбек (-90 кг/ J1), Даяна Федосова (52 кг/ J2), Динара Куджулова (70 кг/ J1), Ғалымжан Смағұлұлы (-90 кг/ J2), Ерлан Конкиев (+90 кг/ J2), Талғат Ажгалиев (+90 кг/ J2) және Ануар Сариев (60 кг/ J2) қола жүлдені еншіледі. Ұлттық құрама дзюдо күресінен командалық есепте екінші орынға жайғасты.
Пара жеңіл атлетикада қазақстандық Дастан Мұқашбеков ядро итеруден алтын медаль иегері атанды. Ол -15,74 м нәтижесімен Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Сондай-ақ, осы санатта қазақтандық Иван Зелезняк 12,39 м нәтижесімен қола медаль жеңіп алды, ал екінші орын БАӘ спортшысына бұйырды.
Пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали екі алтын жеңіп алды (100 м брасс және 200 м комплекстік стиль). Оған қоса 200 м комплекстік жүзуде Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Диас Кенжебек 100 м қашықтықты 1:05:42-де жүзіп өтіп, Азия және Азия пара ойындарының рекордын орнатып, ел қоржынына 7-ші алтын медальді қосты. Ал Нұрәлі Советқанов 100 метр брасста, Роман Потапов 100 метр шалқалап жүзуде және 4х50 м аралас комплекстік эстафетада өнер көрсеткен Зульфия Габидуллина, Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева және Айсұлтан Кулкаев қола медаль жеңіп алды.
Пара таеквондода Нышан Өмірәлі (80 кг) мен Камиля Досмалова (57 кг) күміс жүлдегер атанса, Мариям Салимгереева (65 кг), Нұрлан Донбаев (80 кг) пен Алишер Гариполлаев (+80 кг) қола жүлдегер атанды.
Шахматтан ерлер командасы қола медаль жеңіп алды. Жұптық команда сапында Алимжан Аяпов пен Серік Солтанов өнер көрсетті.
Пара велоспортта Сейтжан Кенжеғұл мен оның пилоты Антон Лаврентьев қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, жекелей уақыт есебіндегі бәсекеде Сейтжан ел қоржынына тағы қола медаль салды. Волейболды отырып ойнауда ұлттық құрама спортшылары күміс жүлдеге ие болды. Спортшыларымыз жартылай финалда алаң қожайындары Қытай елінің командасын 3:2 есебімен жеңіп, финалдық кездесуде әлемнің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы Иран мемлекетіне 3:0 есебімен есе жіберді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ