Интернет алаяқтық көбейіп барады

Алаяқтық дегеніміз – ерте заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады. Бүгінде интернет алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып алаяқтардың арбауына түскен алданушылар саны күн санап өсуде.

 

Интернеттің дамыған кезеңінде алаяқтардың арбауына түсіп жатқан балалар да аз емес. Балалардың қауіпсіздігі де ерекше алаңдадатын өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы таратқан мәліметтерге қарағанда, қазіргі күні алаяқтық қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалатын болыпты. Ғылыми тілде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды. Бүгінде халықтың көбі, әсіресе оң-солын танып үлгермеген жастар интернетке жіпсіз байланғанын ескерсек, алаяқтардың да сол ауылды торуылдайтыны түсінікті жайт. Елде әлеуметтік желідегі ойын түріндегі алаяқтық сайттар мен аккаунттарға тіркелем деп алданатындар көбейді. Интернет алаяқтардан сақ болу шараларын қатаң сақтап, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодты, құпия сөздерді ешкімге хабарламауды, әр түрлі жағдаймен алаяқтардың ұялы телефонға қоңырау шалып, терминалдардан ақша аудару туралы өтінішіне алданып қалмау қажет. Ұялы телефонға бөгде қосымшаларды орнатпау маңызды.

Ішкі істер министрлігі ұсынған статитика бойынша елімізде жыл сайын 4,5 мың интернет алаяқтық жасалады екен. Еліміздің банктері мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрі туралы мәлімдеме жасап отырады. Интернет алаяқтар қазір елдің ақшасын интернет-мессенджерлер арқылы үптеп кетуге тырысады екен. Қаржы жобаларын ұсынып, өзін брокермін деп таныстыратын алаяқтар да қаптап кеткен. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларға қатысты алаяқтық жиілеп кеткен. Азаматтар жинаған ақшаларын қаржы жобаларына саламыз деп алданып жатады. Одан өзге әлі алмаған тауарына немесе қызметке ақша жіберіп, алданып жатады.

Ең күрделі, әрі көп жасалатын қылмыс түрлері – пәтер ұрлығы мен алаяқтық. Алаяқтық негізінен интернет жүйесі, яғни Инстаграм, OLХ секілді қосымшалар арқылы іске асып жүр. Аңқау халық сондай парақшалардағы жалған ақпараттарға сеніп қалады. Алатын затын, басқа нәрселерді қолмен ұстап көрмей тұра, ақшаны алдын ала аударып жібереді. Ақшасынан айрылғанына көзі жеткен соң ғана шағымданып жатады. Алаяқтықтың тағы бір түрі, мысалға, «100 мың теңге жіберсең, екі жүз мың қылып қайтарып аласың» дейтін немесе арзан автокөлікті саудаға шығарып, алдын ала бастапқы сомасын төлеуді ұсыну секілді жалған ақпараттар. Оңай олжаға кенелуді, арзан көлікті иеленіп қалуды көздеген аңқау халық сол кезде қалайша алаяқтың құрбаны болғанын аңдамай қалады, сол себепті де тұрғындарға айтарымыз: оңай жерде ақша болмайды! Ешкім де өзінің мүлкін арзанға бере салмайды! Осыны ойланғандары абзал. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады. Мысалы бір адам өзінің автокөлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», – дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», – дейді сатушы. Бірақ, анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан, сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», – дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», – дейді. Негізі, интернет-банкингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ, бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені, осы код арқылы әлгі адамның интернет-банкингіне кіріп, оның есеп-шоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады.
Бұдан бөлек, Халық банкінің банкоматтарында «Қолма-қол ақшаны картасыз алу» жаңа қызметі қолжетімді болды. Енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда, осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданған екен. Алаяқтар алдымен адамдардың сеніміне кіріп алады да, сосын «келген парольді айтып берсеңіз» дейді. Парольді қолына алған алаяқ оның шотындағы ақшаның бәрін өзіне аударып алады немесе қолма-қол шешіп алады.
Интернет-дүкендермен байланысты алаяқтықтар да көп кездеседі. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес. Мысалы, соңғы кездері «iPhone-6» немесе «iPhone-7» телефондарын өтірік жарнамалап: «5 телефон ғана қалды, негізі 260-300 мың тұрса, біз өз бағасына 180 мыңға береміз», – деп қызықтырады. Соған алданғандар алаяқтарға «QIWI-әмиян» («QIWI-кошелек») арқылы ақшасын аударады. Міне, бұл енді банк арқылы емес, QIWI-әмиянмен жасалатын интернет-алаяқтықтың түрі.

Интернет-алаяқтықтың бір түрі – фишинг. Бұл – интернет пайдаланушының жеке мәліметтерін (логин мен пароль) жасырын алу болып табылады. Қаскүнемдер алдымен танымал брендтердің немесе банктердің атынан жаппай электронды хаттар таратады. Негізі, айта кететін нәрсе, электрондық адресіңізге өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттарды ашпаған жөн, ашқан күннің өзінде ол жерде көрсетілген сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Ондайларды мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек және міндетті түрде вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданған жөн.

Мысалы, сізге байланыс операторларының атынан осындай жалған хат келеді. Егер сол хаттың ішінде көрсетілген сілтемені бассаңыз болды, сіздің компьютеріңізге вирус кіріп кетуі мүмкін. Тіпті, вирус кірмесе де, сілтеменің ішінде «Қауіпсіздікті сақтау үшін логин мен пароліңізді қайта енгізіңіз немесе өзгертіңіз» деген сияқты жазу болады. Ол жерге өзіңіздің логиніңіз бен пароліңізді жазсаңыз – осы мәліметтеріңізді қаскүнемдердің қолына ұстаттыңыз деген сөз. Бұл жерде алаяқтар интернетте, әлеуметтік желілерде танымал демеушілердің, қайырымдылық қорларының атынан мұқтаж адамдарға көмек көрсету туралы жарнамалар береді. Өздері сол қорлардың сайтының не аккаунтының тура көшірмесін жасайды. Көп адамдар оның жалған сайт екенін білмей қалуы мүмкін. Тек, реквизит номерлері ғана басқаша болады. Көмек көрсеткісі келген адам қорлардың шын сайтына кірдім деп ойлап, ақшаны алаяқтардың шотына аударып жіберіп жатады. Сондықтан, қорларға қаражат аударамын деген адам алдымен оның иелерімен сөйлесіп, аударылатын есепшот нөмірін тексеріп алып қана көмек қолын созуы тиіс. SMS-алаяқтық бұл да соңғы уақытта көп болып жүрген алаяқтық қылмысқа жатады. Мәселен, сізге телефон немесе теледидар секілді бағалы заттар сататын белгілі компаниялардың немесе туристік фирмалардың атынан хабарлама келеді не телефон шалады да: «Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз», «Шетелге жолдамаға ілігейін деп тұрсыз» деп қызықтырады.
Мысалы тұрмыстық техника сататын белгілі дүкеннің атынан «Құттықтаймыз! Сіз жүлделі болдыңыз! Толық ақпарат алу үшін мына нөмірге хабарласыңыз» деген SMS-хабарлама келеді. Қазекең мұндай батпан құйрықты құр жіберсін бе, ол не жүлде болды екен деп звондаса: «Сіз біздің тауарларымызды алған тұрақты клиентіміз болып келесіз. Біріншіден, сізге сол үшін алғыс айтамыз. Екіншіден, біз өз клиенттеріміз арасында жүлде ойнаттық. Соның ішінен сіз ұтып тұрсыз. Сізге плазмалық теледидар сыйламақшымыз. Енді оны сізге жеткізу үшін 5 мың теңге жол шығынын төлеу қажет», – дейді. Ол QIWI-әмиянмен ақшаны аударып жібереді. Сәлден кейін тағы қоңырау шалып: «Кешіріңіз, біз қателесіппіз, 5 мың теңге тек рәсімдеу үшін ғана екен. Ал, жол шығыны – 10 мың теңге», – дейді. Бұл болса: «Жарайды», – деп оны да аударады. Сосын бұдан мекенжайын сұрап, 4-қабатта тұратынын білгенде: «Кешіріңіз, 4 қабатқа шығару үшін жұмыскерлерге әр қабатына мың теңгеден 4 мың теңге төленуі тиіс», – дейді. Әлгі кісі: «Мен өзім-ақ барып алып кететін едім ғой», – десе, «Жоқ, біз өзіміз апарып береміз», – деп тағы 4 мың теңгені аудартып алған. Онымен тоқтамай тағы бір-екі мәрте хабарласып, ақша төлеудің жолдарын айта бастаған. Алданғанын сезіп ашуланып ұрса бастағанда телефон тетігін дереу қойып, сол күйі ол нөмер сөндірулі болған. Осындай алаяқтықтарға бүгінде елімізде көп адам алданып қалып жатыр. Өмірде болып жатқан интернет-алаяқтық жағдайлары статистикада тіркелген көрсеткіштен әлдеқайда көп екені белгілі. Бірақ, адамдар оған мән бере бермейді.

Мәселен, сіздің компьютеріңізге немесе смартфоныңызға вирус кіреді де, браузеріңізді бұғаттап тастап, ол жерге өзінің браузерін жүктеп қояды. Сіз оған кіргенде бағдарламалардың бәрі толықтай істен шығады да, экранға: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлайды. Сіз осындай заңсыз сайтқа кіргеніңізге байланысты компьютеріңіз бұғатталды. Сол үшін айыппұл төлейсіз (10-15 мың теңге), сонда сізді бұғаттаудан шығарамыз», – деп жазылады. Осыған көп адамдар, әсіресе, интернеттегі әр сайтқа қызығып кіре беретін жасөспірімдер тап болып қалады да, үйіндегілерге айтпау үшін көрсетілген шотқа ақша төлеп жатады. Естеріңізде болсын, мемлекеттік органдар компьютерді не смартфонды бұғаттамайды. Ішкі істер министрлігінің бұндай хабарламаларға қатысы жоқ.

Интернет-алаяқтықпен айналысып, мұндай қылмыс түрін жасаған адамның мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ақпараттық жүйелерді пайдаланып алаяқтық жасайтындарға алданып қалмау үшін интернетте керемет тауарлардың жарнамаланып жатқанын көргенде оны сатып алуға бірден талпынбаған дұрыс. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық болмайды. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Ал, жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі «дүкеннің» егжей-тегжейін қарап тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады.

Тағы бір мәселе әрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені, ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіздің бағдарламаларыңызға тікелей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады. Банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, жеке тұлғаларға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін.
Өйткені, телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Алаяқтық схемасы қарапайым: кез келген адаманың әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Мұндай деректер әсіресе Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген. Егер интернет-алаяқтарға алданып қалғанымызды білген жағдайда алаяқпен ұрысып-керіспей, онымен байланысты мейлінше созуға тырысу керек. Шұғыл түрде өз картаңызды бұғаттап, банктік қосымшадағы жеке кабинетіңіздің, электрондық поштаңыздың, әлеуметтік желілердегі аккаунттарыңыздың паролін ауыстыруды кейінге қалдырмаңыз. Оған қоса, егер алаяқтар сіздің шотыңыздан ақшаны шешіп үлгерсе, дереу өз банкіңізге, сондай-ақ құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Банк картаны бұғаттап, қайта жаңасын шығарады.

Сондай-ақ, алаяқтардың сіздің атыңызға жалған қарыз ресімдемегеніне көз жеткізу үшін, міндетті түрде кредиттік бюроларда, ХҚКО-да немесе egov.kz сайтында дербес кредиттік есепті алып, оны мұқият қараңыз. Алданып, оның алаяқ екенін білген болсаңыз: «Қазір менде ақша жоқ еді, бір жерден алып келейін, жарты сағаттан кейін немесе ертең хабарласа аласыз ба?», – деген секілді онымен қарым-қатынасты созудың амалын жасау қажет. Яғни, ол телефондарын өшіріп, мүлдем
жасырынып кетуіне жол бермеуге тырысқан жөн.
Сол секілді терминалмен төлеген чектерді, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап, дереу арада құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Бұл мәліметтер алаяқты тезірек құрықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек. Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.

Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз. Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар. Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.

Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi-нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз. Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз, ал егер Сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз. Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері мен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз. Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер айқындалған жағдайда KZ-CERT қызметіне хабарлаңыз.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ