Һұд пайғамбар

abay_aga12

Құран Кәрімде аты аталған Һұд(а.с.) пайғамбар-дың есімі – жұмсақтық, бейбітшілік және тыныштыққа ұйытқы болушы деген мағынаға келеді. Ол Ад деген жиырма үш тайпадан тұратын үлкен қауымға пайғамбар болып жіберілген еді. Бұл қауым хазіреті Нұқтың баласы Самның әулетінен тараған, Нұқ дүниеден өткен соң 800 жылдан кейін болған оқиға. Ад қауымы қазіргі Иемен, Оман мемлекеттерінің арасындағы өлкеде өмір сүрді. Бұл өлкенің топырағы өте құнарлы, ғажайып бау-бақшаға толы болатын. Тарихтағы әйгілі «Ирам бақтары» деген сөз сол кезден қалған. Осындай бай мемлекеттің халқы сымбатты денелі, ұзақ жасайтын адамдар болатын.

Олар тастарды кесіп, қашап, келісті үйлер салып, құрылыстар тұрғызатын. Ад халқы осындай дүние қызығымен Құдайды ұмытты. Хазіреті Нұқтың топан су оқиғасына көп заман өтпесе де оны естен шығарып, өз күштеріне сеніп такаппарланып кетті. Және өз қолдарымен жасаған Самад, Сада атты тас пұттарына табына бастады. Олар Құдайдан қорықпайтын өңшең қатігез еді, әлсіз адамдарды биік құрылыстан лақтырып, шашылған сүйектерін тамашалап, мәз-мейрам болатын. Һұд осы қауымнан болса да бір Құдайға құлшылық ететін ізгі әулеттен еді. Алла Тағала Ад қауымына ескерту жасау үшін, Һұдқа құдайы әуез арқылы: «Өз қауымыңның ішіне қорықпай бар! Сен арқылы оларға мұғжизалар көрсетемін» деген сәлем жіберді. Пайғамбарлық қонған Һұд патшаның қарсы алдына барып зор дауыспен: «Тек Алла Тағалаға құлшылық етіңдер! Нұқ қауымы пұтқа табынғаны үшін жойылды» деді. Адтың патшасы Халжан, баласының көптігі мен қисапсыз байлығын айтып, Һұдтың нәсихатын құлағына да ілмей, ашулы қарсы сөздер айтты. Һұд бұған қатты қапаланып, қолын көкке көтеріп, Алла Тағалаға жалбарынды.
Осы сәттен бастап Ад қауымының әйелдері бала тумайтын бедеу халге түсті. Ад қауымы бұл қасі-реттен де сабақ алмады. Һұдтың көрсеткен желді қалаған жағына бұратын, тақыр жерді көз алдында көгалдандыратын ғажайып мұғжизаларына сенбей мазақ етті. Бұдан кейін құрғақшылық болып бау-бақшалар сарғайып, аштық жайлады. Һұд оларға Алладан кешірім тілеуін насихат етті. Бірақ, олар байлықтан туған рақат әдеттерінен бас тартқысы келмеді. Ақыры аспанды бұлт торлады. Олар жаңбыр келеді деп қуанды, бірақ бұл апат дауылы еді. Һұд: «Құдайға бет бұрыңдар!» деп жанашырлықпен тағы ескертті. Олар: «Сенің сөзің бос сөз, енді жаңбыр жауады» деп қасарысты. Меңіреу қауым соңғы ескертуге де селт етпеді. Сәр-сенбі күні дауыл күшейіп, боран ағаштарды түбірі-мен қопарып, адамдарды қу сабан секілді аспанға көтеріп әкетті. Жеті күн жалғасқан азап желі Адтың тұрған қаласын, олар болмағандай құм төбелерге айналдырды. Құдайға арқа сүйеген Һұдтың әулеті ғана құдірет күшімен аман қалды. Бұл оқиғалардың қасиетті Құранда баяндалуы – кейінгі замандағы қауымға да дәл сондай ескерту деп білген жөн.

Абай Мауқараұлы

ПІКІР ЖАЗУ