ХХІ ғасыр мұғалімі қандай болу керек?

ХХІ ғасыр мұғалімі қандай болу керек?

Ыбырай Алтынсарин атамыз «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» дейді. Мұғалім болу – ерлік. Ұстаз – ұлы тұлға. Халқымыздың мұғалімге берген бағасын, мұғалімге  деген құрметін аңғару үшін мұндай асыл сөздерді көптеп жаза беруге болады. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» дейді. Төр де, барлық құрмет пен абырой да мұғалімдікі. Бірақ мұғалім де осынау қастерлі атқа, қасиетті ұғымға, киелі мамандыққа адал болуы, сай болуы керек. Бұл барлық міндетті мұғалімге артып қою керек деген түсінік емес, ұға білген адамға мұғалімнің тұлғалық қасиеті қандай болу керек деген сұраққа халықтың, ұлтын сүйген ұлылардың берген бағасы. Ал, қазір «ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болукерек?» деген үлкен сұрақ бар. Осы сұрақты алдымен ұстаздардың өзіне қойсақ…

Нұрдәулет Шаймұратұлы, 52 мектеп-гимназия ағылшын тілі пәні мұғалімі, PhD докторант:

ХХІ ғасыр мұғалімі жан-жақты болуы керек. Бұл заманның бізге қойған талабы осы. Ғарыш жылдамдығымен дамып жатқан қазіргі кезде ұстаз жаңа сандық технологияны меңгере алатын қабілетті, креативті,  шығармашыл, білімді, тәжірибелі болуы керек.

Ол тек балаға білім ғана беріп қоймай сонымен бірге ұлттық тәрбиені, адамгершілікті балалардың бойына сіңіре алатын үлгілі тұлға болу керек. Үлгілі дейтініміз тек аузымен орақ ормайтын, өзінің айтқан тәрбиесіне, берген біліміне өзін лайық ұстайтын парасатты,  мәдениетті, кісілігі бар, сөзі мен ісінің бірлігі бар тұлға. Әрі қазіргі болмыс-танымы ерек Z, алдағы альфа ұрпақтың жандүниесін толық түсіне алатындай мықты психолог, әрі оқушының шын сырлас,  жанашыры болу керек. Қазіргі білім жүйесінде жасыратыныы жоқ, тәрбиеге емес білімге көп көңіл бөлініп,  талап етіледі. Негізі осыекі – білім мен тәрбие құндылығы дәнін ұрпақтың бойына қатар еккенде ғана көңіл толатын тұсы көп, «әттеген-айы»  аз білім беру жүйесін құра аламыз.

 

 

Жәрдембек Сүлеймен, «URBAN» елорда колледжінің мұғалімі, магистр:

ХХІ ғасырдың мұғалімі тек өз ісінің маманы ғана емес, ол жан-жақты, әмбебап болу керек.Оқушылардың психологиясын білу керек. Оқушыларға түрлі әдістер арқылы тәрбие бере алуы керек. Қазіргі заманның талабына сай заманауи технологияны игеруі керек.Компьютерлік технологияның дамуымен қатар жасанды интеллектіге сай дамып отырса артық болмайды.

Сонымен қатар мұғалім ұлттық құндылығымызды бала бойына сіңіріп, дәріптеп, шәкірттерді отансүйгіштікке, сыйластыққа тәрбиелей білуі керек. Еліміздің ертеңі – оқушыларға көшбасшылық қасиетпен қатар әрбір сөзіне сауатты, әрбір ісіне жауапты, мәдениетті, қабілетті бола алатындай тәрбие де бере білуі керек.

Тәуекелшіл әрі психолог болу да маңызды. Мұғалім ұғымының өзі өзгеге үлгі-өнеге болу.Алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттеу білу,топтан бөлек, әр шәкіртімен жеке-жеке жұмыс жасауға талаптанса, Z, альфа ұрпақтың тілін табу, жүрекке жеткізе білім беру жеңілірек болады.

 

 

Гүлсара Йылал, Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Волгодоновка орта мектебінің директоры:

ХХІ ғасырдың мұғалімі ең алдымен рухани бай болу керек. Ұстаздың жан дүниесі рухани тәлімге толы болса, шәкірттің де одан үйренері мол болады. Екіншіден,  психолог болу –  алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттеу керек. Өйткені әркімнің қабілеті әртүрлі.  Үшіншіден, заманауи технологияны игерген маман болу керек. Яғни, ақпараттық технологияларды күн сайын түрлі деңгейде қолданса, сабақ мақсатына толық жете алады.

Сонымен қатар тәуекелшіл болу. Жаңа ғасырдың мұғалімі кез келген ауыртпалықты өзіне қабылдай отырып, тәуекелге баруға дайын болу керек. Оның бойындағы осы жетістіктер өзгелерге үлгі болады. Мұғалім ұғымының өзі жан-жақты білімді, интеллигент болу деген сөз!

 

Перизат Мәдетханқызы, Ақтөбе қаласы, N38 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

–ХХІ ғасыр педагогі – бүгінгі қоғам талаптарын ескеріп, өзінің алдына педагогикалық міндеттерді қоябілуімен және шеше білуімен ерекшеленеді. Оқыту мен тәрбиенің озық технологияларын терең меңгерген, білім беру процесін басқара алатын, өз тәжірибесінде педагогикалық жағдаяттарды оқушы тұлғасының дамуына бағыштап жобалай және жүзеге асыра алатын бәсекеге қабілетті, шығармашыл тұлға болуы қажет.

 

Дидар Қайырова, Астана қаласы, Ахмет Байтұрсынов атындағы BINOM мектеп-лицейідиректордың бейіндік оқыту бойынша орынбасары:

–XXI ғасыр мұғалімі икемді, оқушы қажеттіліктерін анықтай алуы керек.Олар оқушылардың Soft Skils жұмсақ дағдыларын дамыту бағытында жұмыс жасай алады. Жеке тұлға, даралап оқытуды жүзеге асыра алады. Талап етумен қатар қызықтыра алады.

Қазіргі заман талабы – функционалдық сауаттылықты жүзеге асыра алады. Оқушыны тиімді, үздіксіз кері байланыс беру арқылы қолдайды. Оқыту траекториясын белгілеп сол бағытта оқушы дамуын қадағалай алады. Жас ерекшеліктеріне сай оқыту құралдарын тиімді қолдана біледі.Әрдайым өзін дамыту үстінде болатын тұлға деп ойлаймын.

 

Сауалнаманы дайындаған: Тілекгүл Есдәулет

 

ПІКІР ЖАЗУ