ЕЖЕЛГІ САҚ ДӘУІРІНДЕГІ БАЛАЛАР АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ
Меңдібай Әбілұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
Балалар, сендер қазақ халқының ауыз әдебиетінің, соның ішінде эпостық жырлардың бірі «Қобыланды батырдың» ежелгі сақтар мен ғұндардың заманында дүниеге келгенін білесіңдер ме? «Қобыланды батыр» жырының қазақша жиырма тоғыз нұсқасы бар, біздің аталарымыз бен әкелеріміз «Қобыланды батыр» жырын оқып, бойына күш-қайрат жинаған. Екінші дүниежүзілік соғыста жауға деген өшпенділігін осы «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Алаңқай батыр», т.б. қиссалары оятқан.
«Жазушы Сафуан Шаймерденов «Қазану сөзінің төркіні» атты ғылыми — танымдық мақаласында Қобыландыны V-ІV ғасырларда өмір сүрген, сақтардың Қазану деген батырын өлтірген дейді, ал белгілі ғалым Қ. Жұмалиев 1968-жылғы орта мектептің 8-сыныбына арналған оқулығында С.Шаймерденовтің тұжырымын қолдағанын айтады. Қ.Жұмалиев Қобыланды батыр жөніндегі аңыздар, ертегілер сақ, Бабыл заманынан бері бар дейді. Аңыздың түпкі тегіне келетін болсақ ежелгі Бабыл патшасы Ассур-Банипал сақтардың Қазану деген батырын өлтірген, қазақ аңызының сол Қазанмен байланысы бар деген». Мұны филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» атты кітабында жазып қалдырған.
Балалар, «Ежелгі сақтар ұлысы қалай пайда болды, олар қай жерді мекендеді, тұрмыс-тіршілігі қандай болды?» деген сұақтардың көлденеңдеп шыға келуі заңдылық. Бұл жөнінде ғалым аталарың Немат Келімбетов «Ежелгі дәуір әдебиеті» деп аталатын кітабында түркілердің арғы тегін «сақтар-көшпенділер» деп атаған. Ғалым атамыздың мына сөзіне назар аударайық: «Ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтар-қазіргі Қазақстан, Орта Азия мен Шығыс Түркістан жерін біздің заманымыздан бұрынғы (қысқаша-б.з.б.) бірінші мыңжылдықта мекен еткен ежелгі тайпалар. Көне грек тарихшылары сақтарды «скифтер» немесе «азиялық скифтер» деп те атағаны мәлім. Ал парсылар сақтарды кезінде «сақ», «сақа», «саға» деген. Осыған орай, сақтар елін «Сахстан» деп те жазатын болған» (19-бет) дейді. Ал сақтардың этникалық құрамы туралы: «Біздің заманымыздан бұрынғы ІХ-ІІІ ғасырлар аралығында сақтардың этникалық құрамын қалыптастырған көптеген тайпалар болғаны көне тарихтан жақсы мәлім. Олар: кемерлер, массагеттер, асылар, дахтар, т.б. тайпалар…» (19-бет) деп жазған.
Ал, сендер ежелгі түркілердің «кемерліктер», «массагеттер», «сақ-тар» деп аталатын тайпаларының қай жерді мекен еткенін білесіңдер ме? Немат атамыздың жазуы бойынша: «Сақтардың Еуропаға қоныс аударған алғашқы легін тарихта «кемерлер» немесе «кемерліктер» деп атап кеткен. Өйткені олар біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-І ғасырларда-ақ, Қара теңіз жағалауын, яғни теңіз «кемерін» өздеріне мекен еткен. Еуропаға алғаш көшіп барған сақтардың осы тобы Қара теңіз бен Азов теңізі аралығында көшіп-қонып жүріп, мал бағумен айналысқан көшпенділер болған» деп ой соқпағына түссе, «Геродоттың жазуы бойынша, Арал теңізі мен Каспий теңізі жағалауын мекендеген сақ тайпаларын «массагеттер» деп атаған…» дейді. Немат атамыз одан әрі: «Қазіргі Қазақстан жерін сол көне дәуірлерде мекен еткен сақтар тайпасын «асылар» деп атайды. Асылар негізінен Асы өзенінің аңғарынан бастап, Талас, Шу, Іле өзендері аңғарларында мал бағып, егін еккен. Бұл тайпаның негізгі мекені Жетісу өлкесі болған…» десе, сақ тайпаларының бірі дахтар туралы: «Дахтар Арал теңізі мен Сырдария жағалауларында, Каспий теңізі мен Әмудария аралығында ұлан-байтақ өлкеде көшіп-қонып жүрген көшпенділер еді…» дейді.
Немат атамыз сақтардың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін «Тәңірлік дәуір әдебиеті» деп атап, осы дәуірде қалыптасқан поэзияны «Сақтардың қаһармандық дастандары» деп атайды.
Алып Тарғытай (Тарғытай патша) туралы қазақ ғалымдары Ә.Қоңыратбаев, Н.Келімбетов, Т.Жұртбай, Ж.Дәдебаев, С.Қалиев, К.Есмағамбетов, М.Иманғазинов, ақын, әдебиетші Ж. Көкбөрі т.б. ғылыми-зерттеу мақалалар жазды. Жазушы І. Есенберлин «Алтын Орда» роман-трилогиясында Тарғытай туралы пікірін білдірсе, жазушы, күйші Т. Әсемқұловтың «Тұмар падиша» атты кинороманында Тарғытай патшаның ордасы туралы айтылады.
Сақтардың қаһармандық дастандары балалар мен жеткіншектердің ой-өрісін кеңейтіп, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Көне дәуірлерде сақтар балаларды өжеттік пен өрлікке, адалдық пен әділдікке, ерлік пен қаһармандыққа баулу арқылы туған жерді жатжұрттықтардан қорғап қалуда ұлтжанды болуға, төзімділікке, жауға қатал болуға тәрбиелейді.
Сақтардың ауыз әдебиетінің асыл маржаны «Күнге мадақ» атты жырында:
Біз тұлпарлары қанатты,
Мәңгілік жарыққа, —
Күнге сыйынамыз.
Күн жарық шашқанда,
Күн жылу шашқанда,
Жүз мыңдағандар,
Құдіретті сезінеді.
Сақ дәуірінен жеткен жаңылтпаштар балалардың ойлау дағдысын тереңдететіні белгілі.
«Алтын жебені Анар алысқа атты,
Анар алтын жебені барысқа атты»,
немесе:
«Ай, Алтынтай,
Анау Алтынтау, қай Алтынтау?
Мынау Алтынтау қай Алтынтау?
Анау Алтынтаудағы Алтынтай қай Алтынтай?
Мынау Алтынтаудағы Алтынтай қай Алтынтай?», сондай-ақ:
«Арқарлы таудан арқар ізде,
Арқарды Арқарлы таудан ізде.
Арқарлы тауда арқарлар көп,
Арқарлар Арқарлы тауда көп» – деп, айтылатын жаңылтпаштарда баланың әрбір сөзді анық, неғұрлым түсінікті етіп айтуға бейімдейді.
Ежелгі сақ дәуірінен жеткен балаларға арналған әңгімелердің де бала тәрбиесіне оң ықпал ететін әсері жоқ емес. «Алтын», «Бірлік бар жерде береке бар», «Анар мен Мұнар», «Шырақ батырдың түсі», «Заринаның қырық қызы», «Сақ қызы Күнсұлудың хикаясы», «Қобыз үні» атты ертегілер мен аңыз әңгімелер балалар мен жеткіншектерді әділеттілікке, бірлікке, сыртқы жауларға қарсы күресте ерлік пен елдікті қатар алып жүруге үндейді.
Қазақ әдебиеті тарихын зерделеу барысында ғалымдарымыз «Балалар ауыз әдебиеті» деп арнайы тоқталмаса да, балаларға арналған қаһармандық дастандарға, аңыздар мен мифтік әңгімелерге ой түсірді, ғалымдардың назарын осы салаға аударды.
Әсіресе балалар әдебиетіне сұранып тұрған «Шу батыр», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Шынар гүлі туралы ертегі», «Қызғалдақ туралы аңыз», «Шырақ батыр», «Сақ қызы Күнсұлу туралы аңыз», көне мифтер т.б. ауыз әдебиетінің үлгілері «Ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті» атты саланы зерттеп, зерделеуге жол ашып берді.
Жеті-сегіз буыннан құралған, көктен күш-қуат тілеген сақтардың қаһармандық дастаны балалардың зердесіне дереу қона қояды. Шу батырдың сыртқы жауларға қарсы жанталаса күресі балаларды қызықтырып, дастанды одан әрі оқуға жетелеп отырады:
Ашуланды Көк Тәңірі,
Бетін бұлтпен бүркеді.
Қаһарлы дауысы гүрілдеп,
Жарқ-жұрқ етіп от шашты.
Көлде жүзген қаз-үйрек,
Пана таппай шуласты.
Бөкен, арқар, киіктер,
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Жолбарыс пен арыстан,
Сүңгіді қалың қамысты.
Шайқасқа шықты Шу батыр,
Бермеу үшін намысты.
Лек-лек жасақ тоғысты,
Аспан мен жер қағысты…
Н. Келімбетов «Шу» дастаны туралы: «Сөйтіп, «Шу» дастанында батырдың көңіл-күйін, ішкі психологиясын тікелей суреттемей, оны пернелеп айту әдісімен, табиғат құбылыстарын сөз ету жолымен жеткізіп отыр» деп жазды.
Немат Келімбетов аталарың сақтардың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін «Тәңірлік дәуір әдебиеті» деп атап, осы дәуірде орын тепкен поэзияны «Сақтардың қаһармандық дастандары» деп тұжырым жасайды.
Сақтардың қаһармандық дастандары балалар мен жеткіншектердің ой-өрісін кеңейтіп, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Көне дәуірлерде сақтар балаларды өжеттік пен өрлікке, адалдық пен әділдікке, ерлік пен қаһармандыққа баулу арқылы туған жерді жатжұрттықтардан қорғап қалуда ұлтжанды болуға, төзімділікке, жауға қатал болуға тәрбиелейді.
«Томирис» дастанында сақ патшайымы Тұмардың қаһармандық істері сипатталады. Ал, «Шырақ» дастанында сақтар еліне кенеттен шабуыл жасаған парсы әскерлерін сақ жігіті Шырақтың шөлге алдап апарып қырып салғаны, басқыншылардан солай кек алғаны баяндалады. Тұран елінің билеушісі Алып Ер Тоңға туралы жырланатын «Алып Ер Тоңға» дастаны туралы Н. Келімбетов: «Қалай болған күнде де, Алып Ер Тоңғаның тарихи тұлға екені, ежелгі сақтарды билеген әмірші болғаны, Тұран мен Иран арасындағы соғыста сақ әскерін басқарғаны анық» деп жазды.
Күллі әдебиеттің бастау көзі-балалар әдебиеті. Қазақ балалар әдебиетінің тарихы-қазақ әдебиеті тарихының құрамдас бір бөлігі. Осы орайда балалар әдебиетінің тарихын зерделей отырып, өскелең ұрпаққа ежелгі ата-бабаларымыздан қалған рухани мұраның дәнін ұрпақ санасына егу-біздің парызымыз.
Балалар, сендер ежелгі сақ дәуірінен ғасырлардан ғасырларға көктей өтіп, біздің заманымызға жеткен, балаларға арналған әдеби жәдігерліктерді оқысаңдар ежелгі көне дәуірде өмір сүрген ата-бабаларымыздың ерлік пен қаһармандықты сүйетініне көздерің жетеді. Балаларды туған жерді сыртқы жаулардан қорғауға, еңбеккер, білімді болуға баулыған.