Ежелгі адамдардың Жер туралы түсінігі

14bet_egypt1Әлемнің және Жердің жаралуы, формасы туралы аңыздар мен мифтер әр түрлі халықтарда бір мезгілде емес, әр кезеңдерде пайда болды. Сондықтан олардың дүниетанымдарында айырмашылықтар да, ұқсастықтар да бола береді, қайсысының шындыққа жақын екенін айыру қиын. Бірақ біз үшін негізгі, ең маңызды ұғымдар барлық мифтерде кездеседі: жер кіндігі, төрт құбыла, жоғарыда – көк аспан, төменде – қара жер. Мәселен, ежелгі шумерлердің мифінде жоғарғы құдай Энлилдің жаратуымен аспан мен жер пайда болған. Ал су құдайы Энки «ме»-нің көмегімен (әлемді басқару туралы құдай заңдары) әлемге тәртіп енгізіп, солардың үстінен бақылап отырған.
Ежелгі Мысырда күн құдайы Ра алдымен Шу (ауа құдайы) мен Тефнутты (ылғал құдайы) жаратады, олар өз кезегінде Геба (жер құдайы) мен Нутты (аспан құдайы) туғызады. Дегенімен Раның өзі қайдан пайда болды? Кейінгі мифология бұл сұраққа жауап бермейді, өйткені Ра – жоғарғы құдай. Ал ежелгі мифтерде жауап бар: бастабында Нун деген құдайдың қарамағындағы алғашқы дәуір мұхиты өмір сүрген еді. Кейін оның суы тартылады да, әлемнің кіндігі, негізі болып табылатын алғашқы төбешік пайда болады. Төбешіктің басында жатқан жұмыртқадан (қайдан келгені белгісіз бір қаз басып шығарған) құс кейіпті Ра пайда болады. Мұхиттан Метуэр атты аспан сиыры шығады да, оның төрт аяғы аспан-шатырдың тірегі және төрт құбыланың қызметін атқарады.
Ал, якуттардың, Алтай халықтарының, америкалық үндістердің және кивай папуастардың мифтерінде әлемнің кіндігі, аспан мен жердің өзара бөлінуі, төрт құбыланың ерекшеленуі жайлы нұсқауларды таба аламыз. Мұның бәрі Әлем мен Жердің пайда болуы жайлы модельді көз алдымызға елестетуге мүмкіндік туғызады.
Ал, енді ежелгі түркілердің, бабаларымыздың дүниетанымына келсек, Тәңір, дүниедегі жан иелерін жаратушы, барлығына тіршілік лебін үрлеуші Бас Құдай делінеді. Бірақ Тәңір пайда болғанға дейін ғаламды бұлдыраған тұман, буырқанған мұхит басып жатқан. Күндердің бір күнінде мұхиттың ортасында Ақ Жарық көрініп, одан нұр шашқан алтын жұмыртқа шыққан. Оның ішінде күллі әлемнің болашақ түп атасы Тәңір жаралған.
Тәңір өте ұзақ, миллиондаған жылдар бойы ұйықтады. Ақыры, бір күні оянады да, жұмыртқаның қабығын жарып сыртқа шықты. Жұмыртқаның үстіңгі жағынан Көкті жаратты, ал төменгі бөлігінен Жерді жасады. Көк Жерге құлап кетіп, жер жүзінде тағы да аласапыран орнамау үшін Тәңір олардың арасына асатаяқ – темір қазық қойды. Ол Аспан таяғы – Темірқазық жұлдызы. Тәңір Темірқазыққа Көк жүзін айналып жүретін аспан арғымақтарын – жұлдыздар мен шоқжұлдыздарды байлап тастады.
Жердің қақ кіндігіне әлемдік Сумер тауы (немесе Хан Тәңірі) орналасқан. Бұл – ежелгі түркілердің Олимпі. Онда құдайлар мен біздің ата-бабаларымыздың аруақтары мекен етеді. Таудың дәл ортасында Жер мен Көк түйіседі. Олардың тоғысқан жерінен алтын бұтақты, алқа жапырақты Бәйтерек өсіп шыққан. Бәйтеректің ұшар басы Үлкен Тәңір мекендейтін Жоғарғы әлемге дейін жетеді.
Аңыз бойынша, ежелгі үнділер Жерді пілдің арқасында жатқан жазықтық түрінде елестеткен. Піл үлкен тасбақаның арқасында, ал тасбақа шиыршықталып оралған жыланның үстінде тұрады.
Сондай-ақ 6 мың жылдық тарихы бар хат түрінде сақталған Вавилонның мифтері де қызық. Өздерінің мәдениетін одан да ежелгі халықтардан алған Вавилон тұрғындары Жерді Вавилон қаласының шығыс жағына орын тепкен тау түрінде елестетеді. Олар Вавилонның оңтүстігінде теңіз шалқып жатқанын, ал шығыс жағында асып өтуге мүмкіндік бермеймін тау жатқанын білген. Сондықтан оларға Вавилонды «әлемдік» таудың батыс жағына орын тепкен қала деп ұққан. Тау теңізбен қоршалған, ал теңізге төңкерілген кеседей қатты аспан — өз құрылығы мен суы, ауасы бар деп ойлаған. Аспан құрылығы – бұл Зодиактың 12 шоқжұлдыз белдеуі. Күн әр шоқжұлдызда шамамен бір айдай тұрақтайды. Құрылықтың осы белдеуімен Күн, Ай және бес планета қозғалыста болады. Жер астында өлгендердің жаны құлайтын түпсіз тамұқ. Түнде Күн осы жер астынан Жердің батыс шеті арқылы шығысқа өтіп, күндіз тағы да көкке көтеріледі. Күннің теңіз көкжиегіне батқанын бақылаған адамдар, Күн теңізге батып, теңізден шығады деген түйіндеуге келген.
Ал гректердің Жер туралы ежелгі түсінігін біз Гомердің «Илиада» және «Одиссея» поэмаларынан табамыз. Онда Жерді жауынгерлердің қалқаны сияқты дөңестеу келген диск түрінде елестеткен. Құрылықты жан-жағынан Океан өзені шаяды. Жер үстінде мысты аспан шатыры, Күн сол арқылы жылжиды, ол күн сайын шығыстағы Океан суының астынан көтеріліп, батыстағы сол суға батады.
Көп халықтарда тағы мынандай миф кең таралған: Жер таба нан сияқты жазық, оның алып өгіз мүйізімен көтеріп тұрады. Өгізді – алып балық, балықты мұхит ұстап тұр. Өгіз көтерген затын бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстарған кезде жер сілкінеді деп ұғынған.
Ал адамдар алыс саяхаттарға шыға бастаған кезде дәлел-деректер молайып, Жердің бір тегіс жазық емес, дөңес екені анықталды. Осылайша оңтүстікке жылжи отырып, саяхатшылар оңтүстікте бұрын белгісіз болып келген жаңа жұлдыздарды байқайды. Солтүстікке жылжығанда да сондай құбылыстар байқалады. Жердің дөңестігі алысқа ұзап бара жатқан кемелер арқылы да дәлелденеді. Кеме көкжиектен біртіндеп төмен түседі, алдымен корпусы, одан кейін желкендері, одан кейін олар да көрінбей кетеді. Осы негізде адамдар Жердің шар сияқты дөңгелек екеніне көз жеткізеді.
Әйгілі ежелгі грек оқымыстысы Аристотель (б.э.д IV-ғасырда) Жердің шар кейіптес екенін ай тұтылуына қарап бірінші дәлелдейді: Толық Айға түскен Жердің көлеңкесі қашанда дөңгелек екені тайға таңба басқандай анық еді.
Ақыр соңында ежелгі әлемнің әйгілі астрономы Аристарх Самосский (б.э.д IV-ғасырдың соңы – ІІІ-ғасырдың ортасы.) Күн өзге планеталарымен бірге Жерді емес, Жер және барлық планеталар Күнді айнала қозғалатынына көз жеткізеді. Бірақ оның қолында анық көрсететін дәлелдер аз еді. Ал оған 1700 жылдан кейін поляк оқымыстысы Коперник қол жеткізеді.
Ал бүгінде, ғылым дамығаннан кейін, кейбір құбылыстар арқылы орағытып түсіндіріп жатпай-ақ, Жердің жан-жақты сипаттамасын дәл есептер мен өлшемдер арқылы көз жеткізуге болады.

Интернет материалдары бойынша дайындаған: Кеңес КӨКТЕМҰЛЫ.

1 comment

  1. Жандарбек 8 Сәуір, 2020 at 10:20

    ??????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????
    Осы жерден мына сымайликті тап ?

ПІКІР ЖАЗУ