Есім ерекшеліктері
Қай ата- ана болса да, өмірге келген сәбиге ең жақсы есімді қоюға тырысады. Қазақтың салт- дәстүрін зерттеуші ғалымдардың бірі Ю. Бошняков өз еңбектерінде былай деп жазады: «Баланы бесікке бөлерде әркім өз шамасына қарай той жасайды. Бірніші кезекте балаға ат қою мәселесі тұрған. Бұл міндетті сол ауылдың ең беделді адамы орындайды. Ол сәбиді қолына алып, азан шақырып, үш рет балаға есімін қайталайды. Ал, ақ сүйек әулетіне балаға атты құранға қарап, молдалар қоятын болған. Маңдайы нұрлы болып туған бала тіл- көзден аулақ болсын деп, Итаяқ, Күшік, аты затына сай болсын деп, жаһангер қолбасшы,тіпті пайғамбарлардың атын да беретін сәттері жиі ұшырасқан. Бірақ олардың есімін әке- шешесі ер жеткенше жасырын атап жүреді. Себебі, бала ол есімді көтере алмай өліп қалуы ықтимал деп жорыған».
Қазақ халқында балаға ат қоюдың он бес түрлі ерекшеліктері бар. Олар мыналар:
1.Балаға артық саусағына қарай ат қою есімдері: Артық, Артықбай, Қосекен.
2. Балаға тіл- көз тимейді деген ниетпен ат қою: Жаманбай, Ошақбай, Тезекбай т.б.
3. Баланың дені сау, тәні берік болсын деп те ат қойылады:Тасболат, Шымырбай, Болатбай.
4. Баласы шетіней берген үйде ат таңдау жолдары:Аман, Амангүл, Есен, Тоқтар,Тоқтасын.
5. Баланың өмір жасы ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен ат қойылады: Жанұзақ, Жүзбай, Жүзжасар, Мыңбай, Ұзақбай, Өмірбай.
6. Ер сайманы болған ескі қару- жарақ аттарына байланысты да есімдер қойылады:
Қылышбай, Мылтықбай, Найзабек, Садақбай.
7. Елдің ардақты азаматтарының атын солардай батыр, дана босын деген ниетпен ат қою:Абай, Абылай, Ғабит, Исатай, Сәбит, Сәкен.
8. Ерекше белгілеріне қарай ат қою:Қалдыгүл, Меңдігүл, Құдірет, Сүндет.
9. Ислам дінінің негіздеріне орай ат қойылады: Ғали, Жамал, Иса, Мұхаммед, Сүлеймен, Хадиша, Омар, Оспан.
10. Қыз аттарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің де аты қойылады: Айман, Алтын, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Раушан, Шолпан.
11. Мерзімінен бұрын туған балаға ат қою: Лекер, Шалабай, Шалабек.
12. Мақсат- мұратқа жетуді көздеп ат қойылады:Арман, Мақсат, Мұрат, Бақыт.
13.Соңғы балаға ат қою жолдары:Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай
14.Төрт түлік мал, аң, құсқа байланысты ат қойылады: Арыстан, Бота, Бүркіт, Сандуғаш.
15. Ұлы жоқ үйде қыз туғанда қойылатын есімдер:Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлжан, Ұлту.
Қазақ халқының салты бойынша балаға үш күннің ішінде ат қойылуы тиіс.
Аттасымды әлі жолықтырмадым.
Ракайыл ЖҰМАҒАЗИНА,
МБ-тың жас тілшісі.
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы,
Қотыртас бекеті.