Ер Жәнібек батыр
Үстіміздегі жылы Ер Жәнібектің туғанына 300 жылдығы халықаралық көлемде аталып өтілуде. Астана қаласында Бейбітшілік және Келісім сарайында Халықаралық ақындар айтысы өтті. Ақмола облысындағы әйгілі Қоянды жерінде үлкен ас беріліп, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының, Ортабұлақ аулының жанындағы кесенесі мен ескерткішінің маңында үш күнге созылған мерейтой шаралары өтті. Батырдың үш ғасырлықтойына арналған іс-шаралар әлі де жалғасуда.
Жәнібек Бердәулетұлы 1714 жылы дүниеге келіп, 1792 жылы өмірден озған. Оның ел қорғаудағы ерен ерліктеріне қарай есімінің алдына «Ер» деген атау қосылып, «Ер Жәнібек» атанған.
Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» еңбегінде Керей Жәнібек батыр деп ерекше атап, Абылай заманында батыр болғанын айтқан. Ер Жәнібек бейнесі Бұқар жыраудың толғауларында көрініс тапқан. Атақты ақын Ақыт Үлімжіұлы «Ер Жәнібек» атты дастан жазған.
Жәнібектің әкесі Бердәулет жастай дүние салғандық-тан, Жәнібек нағашысы Қазыбек бидің қолында тәрбиелен-ген. Қазыбек би жиені Жәнібекті алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ақыл мен жігері бар жан деп танып, бетінен қақпай баулыған. Жылқышылармен бірге жылқы баққан Жәнібек жастайынан батыл, қарулы болып өскен.
Абылайханның сенімді батырларының бірі болған Ер Жәнібек жоңғарларға қарсы қол жинап, қазақтың сайын
даласын сақтап қалуға айрықша үлес қосқан. Оның батыр-лық ерліктері жайында ел аузында көптеген аңыздар бар.
Ер Жәнібектің шайқастардан тыс үш ерлігі — жаңбырлы түнде бейіттің бет ағашын әкелуі, жыланның басын қыршып алуы, шешек шыққанда, жарасы жазылғанша қол тигізбеуі.
Алматы қаласындағы «Қалқаман-2» ықшам- ауданында «Ер Жәнібек Бердәулетұлы» атты көше бар.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында батырдың ескеркіші тұр. Ескерткіштің биіктігі — 9 метр, артында тұрған мұнарасының биіктігі — 45 метр.
Ер Жәнібек: «Майдандасып жау түсіруді ерлігім деп санамаймын, қаптаған жаумен шайқассаң найзаның ұшымен, тұлпар аттың
күшімен, қайратыңа әдіс-амалың-ды қосып жеңесің. Сен оны алма-саң, ол сені алады. Талай-талай қан майданды бастан кешірдім, тар жол, тайғақ кезеңдерден өттім, майданда жау түсірмей қайтқан жерім жоқ, оның қайсы-сын ерлікке санарсың? Бірақ өмі-
рімде қапияда кезігіп, қас-қағым-ның арасында өткен үш түрлі жағдайға тап болдым. Сонда менің жүрегім түршігіп көрмеді. Кейбіреулер қорқамыз дейді екен, мен қорқудың не екенін білген жан емеспін. Соғыста жеңілгенің — ақыл-айлаң мен күшіңнің кемдігі, соғыста жеңгенің сол екеуінің артықтығы. Ал күтпеген жерден жаныңа қысым келгенде қабағыңды шытпай, қалт ойнап, қапысын тапсаң, ерлік, жүректілік деген сол» — деген екен.
(Материалдар Жәди Шәкенұлының «Жәнібек батыр» кітабынан, ғаламтор беттерінен алынды.)