Еңсеңді көтер, өз тіліңде сөйле

«Адамға екі нәрсе керек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі»,-деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, кез келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тәлімі мен тәрбиесінің түп тамыры да – ана тілі.Тіл болмаса, адамзаттың тірлігінде мән-мағына болмайтыны белгілі.Демек, қандай да бір ел үшін тілдің орны ерекше.
Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану – әрқайсымыз үшін парыз.Тіл – халықтың жаны.Тіл құрыса халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс – соның айғағы. Ал біздің мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру.
Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да, жалпақ тіл. «Қазақ» сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. «Қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық һәм анық болар еді, егер біздің қазақтар соны аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе»,-деп қазақтың біртуар ғұламасы Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, қазақ тілі – сөздік қоры мол, бай тіл. Бірақ осындай әдемі тіліміз бола тұра қадірін түсініп, қастерлемей, өзге тілде сөйлейтіндерімізді қайтерміз? Басқа тілді білу – мақтаныш әрі заман талабы. Бүгінгі күні телеарналарда, басылымдарда тіпті көше бойында жарнамалар жиі кездеседі. Нарықтық заман талабы болған соң одан бас тарта алмаймыз. Оған ешкім де қарсы емес. Алайда, сол жарнамаларда , әсіресе, қазақша жазбаларында түрлі қателер өріп жүретіні де жасырын емес. Осындай кемшіліктерді болдырмас үшін қазіргі ғылым мен техникалық өндірістің дамыған шағында ана тілді жетік білудің алатын орны орасан зор.Әрине, көп тілді білсек көкжиегіміз кеңейіп,көптеген дамыған мемлекеттермен қарым-қатынас жасайтынымыз анық. Өзге тілді қажетімізге жаратып,халықтың пайдасына шешілетін әрекет жасағанымыз әлбетте дұрыс, бірақ орыс тілі мен ағылшын тілін сән көріп, өзіміздің ана тіліміз, қазақ тілін шұбарлап сөйлеуіміз әсте керек емес.
«Мен үш нәрседен қорқамын:Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысшалап сөйлесіп тұрғанынан қорқамын»,-деп қазақтың маңдайына біткен бағы, ержүрек, қайтпас қайсар азаматы Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақ қазақпен тек таза өз ана тілінде сөйлесуі керек. Иттің өзі итше үреді, иттің мысық болып мияулап жүргенін көрдіңіз бе? Жоқ! Сол себепті саналылығымызға сын келтірмей ана тілімізде сөйлей білейік. Осылай әрекет етсек қана түбінде қазақ тілі басымдыққа ие болады. Мұны билік жасамайды. Қазақ халқының күшеюімен тарих өзі жасайды. Ол үшін тілді таза ұстайық, тілімізді өзге тілмен араластырмайық, әдеби кітап оқиық, өз сөзімізді мағыналы етіп жеткізейік, ең бастысы – бір-бірімізбен қазақша сөйлесейік. Әлемдегі дамыған елдердің санатына енуді көздеген болсақ ана тіліміздің қадіріне жете білейік! Бүгіннен бастап, дәл осы сағаттан бастап ана тіліміздің келешегін қолға алып, үлес қосайық! Себебі, жарқын болашақ мына біздің қолымызда!

Жаным ЕРІК, жас тілші, Ақтөбе облысы, 11-сынып оқушысы
Жетекші: Сарсенова Ақгүл Корешокқызы.

ПІКІР ЖАЗУ