Ең жақын досым – Кітап

Кітап оқудың адам баласына пайдасы өте көп. Миды дамытады, ойлау қабілеттерін күшейтеді. Оның адамға беретін ақпараты да жеткілікті. «Кітап – білім бұлағы, Білім – өмір шырағы» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Кітап оқу арқылы қоршаған ортамен, айналаңдағы адамдармен қарым-қатынасың да өзгереді. Әр адамның сүйіп оқитын тақырыбы болады. Мен фантастикалық кітаптарды оқығанды ұнатамын.

 

Жақында Нил Гейманның «Коралина» атты кітабын оқып бітірдім. Өте қызықты әрі тартымды шығарма екен. Ал қазір осы автордың «Доброе предзнаменования» деген кітабын оқу үстіндемін. Көп жағдайда Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды жақсы көремін. Ақынның «Аманат» атты өлеңдер жинағын толығымен оқып шықтым. Неге екенін білмеймін, Мұқағали өлеңдерін оқығанда поэзия әлеміне терең бойлап кетемін. Кейде мұзбалақ ақынның рухы қолдап кете ме, өлең жазатын қасиет пайда болды.
Туған тілім – қасиетім, айбарым.
Сен арқылы ертеңімді ойладым.
Сен бар болсаң биік менің мәртебем,
Сен бар болсаң желбірейді байрағым! – деп өлең жазғаным бар Тілдер мерекесіне арнап.
Қазіргі таңда кітап оқу баяғыдай емес, яғни технология басты нәрсеге айналғандықтан ба, бәріміз ғаламтор желісінде отырамыз. Сол себепті біздің алтындай уақытымыз зая кетуде. Осыны аңғарғанымда өзіме пайдалы дүниемен айналысуды жөн көрдім. Менің көздегенім – кітап оқу болды. Алдыма мақсат қойдым. Әрине, басында кітап оқу мен үшін қызық емес болатын, бірақ, кітап оқыған күннен бастап менің пікірім, ойым басқа арнаға бұрылып, әлемге көзқарасым күрт өзгерді. Сондықтан құрбыларыма айтарым, әркімнің өз талғамы бар және де сол талғамына байланысты кітапты таңдап оқығаны дұрыс. Енді оқып жатқан кітабымды аяқтағаннан кейін балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарын оқимын. Әлемдік балалар фильмдерінің ішінде үздік боп танылған «Менің атым –Қожа» Бердібек атамыздың абыройын, жазушылық даңқын аспандатқан керемет туындысы. Бәлкім, кинода бөлек, кітапта басқа шығар. Осы шығарманы оқып, соған көз жеткізгім келеді. Кітап – дүниедегі алтын қазына. Кітап – адамның досы. Кітап – рухани әлемнің көшбасшысы. Құрметті достар, кітап оқыңдар. Мақаламды бір шумақ өлеңіммен аяқтаймын.
Кітапта жатыр бақытың,
Кітап қой менің жақұтым.
Кітап оқуға кетсе ғой,
Ойынға кеткен уақытың!

Таңнұр АСҚАР, Алматы қаласы, №119 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы
Ұстазы: Құдайбергенов Дархан Мамытханұлы

ПІКІР ЖАЗУ