Елімнің ертеңі

Қазақ халқы – тамыры тереңге жайылған, тарихы күрделі, тағдыры талай тартысқа түскен халық. Бірақ қазіргі таңда Қазақстан Республикасы дамыған, жоғарғы бәсекелестікке қабілетті мемлекет деп айта алмаймыз және дамыған мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Барлығымыз білетіндей, 70 жыл отар болған еліміз тәуелсіздігін кеше ғана алып, енді ғана аяғынан тік тұрып келеді. Сондықтан да еліміз дамымаған деп сөгу дұрыс емес. Иә, әлеуметтік жағдайымыз дамыған елдермен сәйкесіп, өте жақсы деңгейде болмаса да, тым жаман деп те айта алмаймыз. Мемлекетіміз енді қадам басып жатыр, сондықтан нашар ел деп айту дұрыс емес.

Қазірде елімізді дамытуға үлес қосып жүргендер баршылық, мемлекетіміз түрлі «Болашақ», «Фулбрайт» «Хубет Хамфри» сынды бағдарламалармен шет елдерден білім алып, елге үлес қоссын деген мақсатпен бар жағдайды жасап жатыр. Статистика бойынша алдыңғы жылы 10 мыңға жуық студент шетелге оқуға жіберілген. Алайда, шет елді көрген жас көп жағдайда елімізге қайта оралғысы келмейді.
Шекара асып, басқа елге көшуге құмартып тұрғандар да қаншама. Неліктен олардың таңдауы басқа мемлекеттерге түсті? Себебі ол жер дамыған, менталитеті өзгеше әрі артық жауапкершілікті талап етпейді. Өзім де жат елге миграция жасағысы келетіндердің бірімін. Ондағы мақсатым елімнің кемшіліктері үшін елден құтылу емес, керісінше, маған ашылған жаңалықтарды, жаңа көзқарастар мен эволюциялық ағымдағы дүниелермен әуелі өзім танысып, кейіннен еліме таратқым келеді. Елден кеткім келсе де ұлтымның патриотымын, ұлтымды сүйемін, ұлтым үшін елімді дамытқым келеді. Себебі, ұлтымның қадір-қасиеті мен үшін қымбат, біліктілігі мен білімі – бағалы, көсемдігі мен шешендігі – асыл.
Қонақжайлығы ғажап халықпыз. Кезінде болған саяси-әкімшілік реформалар барысында елімізге көшіп келген өзге ұлт өкілдерін де бөлгеніміз жоқ, бауыр ретінде әрқайсысын қабылдай білдік. Тұрмыста да әрдайым кім келсе де дастарқанымыз жаюлы, ақ ниетімізбен қонақты құдайындай көріп, төрге шығарып, жағдайын жасаймыз. Көрегендігіміз бен ақылымыз да философияның көптеген қырларын ашып бере алады. Халқымның көптеген қырларына таң қаламын. Енді болашағымызды жарқын етер жастарымыз ұлтын сүйіп, елге өз пайдасын тигізсе екен деймін.
Қазақстанның болашағы – ендігі жастар. Ұлтын сүйер азамат елінің әрдайым қамқоршысы болады.

Абтаева Жанерке Орынбасарқызы

ПІКІР ЖАЗУ