Елі үшін жанын қиған ер

9bet_f11Күні кеше Жазушылар одағының салтанат залында Оспан батырдың туғанына 110 жыл толуына орай, «Азаттықтың өшпес  рухы» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашевтің ұйымдастыруымен өткен бұл алқалы жиында Тұрсынбек Кәкішев, Нұрлан Оразалин, Тұрсын Жұртбаев, Түркиядан келген тарихшы ғалым Әбдулақап Қара және тағы басқа тарихшылар мен ғалымдар сөз сөйлеп, Оспан батырдың Ұлттық деңгейдегі батырлығын жан-жақты қырынан ашып көрсетті.

1937-1939 жылдары Кеңес Одағында кең ауқымды репрессия жүргені белгілі. Осындай қуғын-сүргіннің шарпуы көрші жатқан Монғолия мен Қытайдағы Шыңжаң өлкесіне де жетті. Монғолияда Чойболсан, Қытайда Шың Шэсай небір зұлматты, қасіретті оқиғаларды жүзеге асырып отырды. Қытайда да елдің ұйытқысы болардай көзі ашық азаматтарды ұстап жатты. Сондай 300-ге жуық азаматты жиналыс өткіземіз деп шақырып алып, Үрімші түрмесіне қамап, азаптады, көбінің көзін жойып жіберді. Осындай арандатушылық оқиғалар жиілеп кеткен соң, ел арасында толқулар көбейді. Соңында елдің наразылығы өрістей келе, 1940 жылы Шығыс Түркістан қазақтарының Қытай үкіметіне қарсы көтерілісі бұрқ етті. Көтерілісті халық сүйспеншілігіне бөленген көсем-батырдың бірі де бірегейі Оспан Исламұлы басқарды. Ол өзі зор денелі, қуат күші мол, көп сөйлемейтін, дінге берік, айтқан сөзінен қайтпайтын бірбеткей адам болатын. Жастайынан Зұқа батырдың тәрбиесінде өсіп, әскери-соғыс өнерін жетік меңгеріп, қиындық пен қауіп-қатерге мойымай өскен еді.  
Жауға тұтқиылдан соққы беру үшін Оспан батыр түрлі айла-тәсілдерді ойлап тапты. Партизандық соғыстарды ұйымдастырды. Қытайлар Оспанға қарсы танкілерді, әскери ұшақтарды пайдаланды. Оспан танкілер бара алмайтын таудың басына шығып, жасырынады. Техникадан пайда болмаған соң жау жаяу әскерін қаптатады. Сол сәтті пайдаланып, тасада дайын отырған сарбаздар құмырсқадай қаптап келе жатқан басқыншыларды таспен, оқпен атқылап жайратып салады. Сонан соң танкілерін өртеп отырған.
Ел арасында «Оспан қытай ұшақтарын шалма тастап ұстапты» деген сөз тараған. Шын мәнінде, Бәйтік тауының бір сайында ұшақтар қонатын алаң болған. Сол алаңнан ұшақтар жоғары көтеріліп, таудың биік қырқаларынан асады екен. Оспан мергендері осы сәтті шебер пайдаланып, ұшақ таудан аса бергенде, ұшқыштың көзін жойып, ұшақтарды қиратып отырған.
1945 жылы Оспан батыр Іле, Тарбағатай аймақтарының көтерілісшілерімен күш біріктіріп, Шыңжаң өлкесін Қытай езгісінен толық азат етеді. Бірақ жаңа құрылған Шығыс Түркістан респуб-ликасы ұзаққа бармайды. Осы кезде Кеңес Одағы мен Қытай, яғни екі алып империя ауыз жаласып бірігеді де,  бар күштері мен айла-әрекеттерін Шыңжаң өлкесіне жұмылдырып, жаңа республиканы жоюға жұмсайды. Оспан батырды шен-шекпен, орден беріп, өз жағына қарата алмаған соң, көтерілісшілердің арасына сына қағады. Оларды өзара жауластырып, қырқыстырып, бөлшектеп, күштерін әлсіретеді де, қалғандарына қытай әскерін жабады. Оспан батырдың әскерін бірнеше рет қоршап алып, жойып жібермек болғанымен, батыр сытылып шығып кетіп отырады. Оспан батырдың соңына қуғыншы әскер түсіп, үш жыл бойы қудалаумен болады. Оспан батыр тобы Тибет асып, Үндістанға кетуге бел байлайды. Гималай тауынан асқан Алтай қазақтарының көрген азабын ешкімнің басына бермесін. Ұлт азаттық қозғалыстан аман қалған халқын қиын да, алыс сапарға шығарып салып тұрып Оспан батыр: «Жолдарың болсын, мен қашқын атанғым келмейді, жаудан тағы да бір кегімді алып, жағаласып өтемін. Тірі қалсам, арттарыңнан барармын», — деп, шағын серіктерімен аялдап қалады. Бұл 1950 жылдың қоңыр күзі еді. Ақырында Қытай азаттық армиясының күшімен Оспан батырды Тибет маңындағы Хайцай деген жерде қолға түсіреді. 1951 жылы 28 мамыр күні азаттық аңсаған арыс Оспан Исламұлы ату жазасына кесіледі. Он алты батырымен атылады.
К. КӨКТЕМҰЛЫ.

 

ПІКІР ЖАЗУ