Елдің болашағы – жастардың қолында

 

Халықаралық жастар күні – әрбіріміздің жүрегіміздегі жастардың рухы мен еркіндігін, арман-мақсаттарымызды жүзеге асырудағы күш-қайратымызды атап өтетін ерекше күн.
Жастардың қолында тек қана бүгінгі күн емес, ертеңгі болашағымыз да жатыр. Жастар алдына биік мақсаттар қойып, оларды сенімділікпен іске асыруы қажет. Ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» атты өлеңінде нағыз қазақ жастарының қандай болу керектігін, түр-тұлғасын айқын суреттеген. Білім мен ғылым, өнер мен мәдениет салаларын игеруде жастардың орны ерекше. Қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, “Мәңгілік ел” болуына нық қадам бастайды. Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. Яғни, 12 тамыз — Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі.

Бізге дейінгі өткен даналардың қай-қайсысы болмасын жастар мәселесіне немқұрайлы қараған емес. «Адам баласының өмірінде ең үлкен екі байлық бар. Біріншісі, уақыт. Екіншісі, жастық шақ» деген екен. Бұл сөзден білетініміз, кім уақытты тиімді, дұрыс, үнемді пайдаланса, уақытты сырап қылмай, ғылымға, пайдалы жұмысқа, өнер үйренуге жұмсаса, байлық соның қолында дегенді түсіндіреді. Екінші жағынан, жастық шақ үлкен байлық, тамаша мүмкіндік. Адам жас кезінде бойында күш-қуаты тасып тұрады. Батыл да, батыр болады. Ештеңеден қаймықпайды, сескенбейді. Ақыл-ойының да толысып тұрған шағы, жаңалыққа жаны құмар кезі. Тың дүниелерді ойлайды, тосын жаңалықтарды тапқырлайды. Өмірге құштар, зейін-зердесі озық, қиялы ұшқыр болады. Сондықтан жастық шақ өзінің лайығында ақылмен басқарылса, алмайтын қамал, аспайтын асу болмайды.

Өкініштісі, соңғы кезде ішінара жастар барлықтан, байлықтан бастары айналып, уақытарын бос өткізіп, жастық шақты дыр-думан, залалды жақтарға жұмсап заман көшінен қалып, бойларына жағымсыз әдеттер жұқтырып қор болуда. Осы тұрғыдан алып қарағанда қоғам жастардың жалындаған шағын мемлекеттің пайдалы істеріне арнауға жұмылдыру керек. Мемлкет дұрыс бағыт-бағдар беріп, саясатта сергектік танытып жастар өмірін үйлесімді жолға қоюды қолға алып отыр. Міне, бұл құптарлық жоба, қуанарлық жағдай.  Әрқандай бір ел болашағына көңіл бөледі. Болашақ деген жастар, болашақ деген өнер, болашақ деген адал еңбек. Сол себепті жастар саясаты мен жастар ісін тура жолға қоюға мүдделіміз.

2024 жылдың басында республика жастарының саны — 5 759 781 адам. Бұл 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар. «Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесі  Елорданың дамуына өз үлестерін қосуда. 12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай Астанада бос орындар жәрмеңкесі өтті. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн» деген болатын.
Бүгінгі таңда әр аймақ бойынша жұмыспен қамту карталары бекітілген. Жоспарға сәйкес жыл сайын 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Олардың барлығы дерлік жастар мен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар.
Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырған «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» халықты тұрақты жұмыспен қамтудың негізгі көзіне айналып отыр. Себебі жыл басынан бері орталық арқылы 8 мыңға жуық адам өз жұмысын тапқан.

Жыл басынан бері 20 мыңнан астам жастар кәсіби бағдар беру жұмыстарымен қамтылды, 130 мыңнан астамы жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың бағыттары бойынша консультациялық көмек алды.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін ағымдағы жылғы наурыз айында Отбасы банкімен бірлесіп, аудиториясының 60% — ы жастарды қамтыған «9-20-25/Отау» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. 1 мамырдағы жағдай бойынша жас отбасылардан 16 747 өтініш берілді.

Сонымен қатар 18 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін еліміздің 16 өңірінде жылдық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесі 5% , бастапқы жарнасы 10% және 25 жылға дейінгі мерзімі берілген жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда.

«Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Қағидада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жыл сайынғы жинақтау шегін енгізу көзделеді.

Шығармашылық және белсенді жастарды қолдауға қатысты «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының қағидаларына толықтырулар енгізілді. Біріншіден, сыйлықақы мөлшері 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Екіншіден, «Қоғамдық қызмет» жаңа номинациясы қосылды.

Жастар саясатының негізгі бағыттары: жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелерін шешу, бизнес-бастамаларды қолдау, сондай-ақ білім мен мәдениет деңгейін көтеру.

«Zhas project» жобасы аясында биыл ауыл жастары арасында 280 грант бөлініп, бизнес-жобаларын іске асыру үшін NEET санаты іске асырылуда.

Жастардың бизнес-бастамаларын қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру жалғасуда. 2024 жылы 3 млн теңге көлемінде 30 грант бөлу көзделген. Волонтерлік саланы қолдау мақсатында қосымша «Волонтерлік» бағыты қарастырылған.

Жастардың жарқын болашағы, еліміздің өркендеуі үшін маңызды.

 

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ