«Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін»

Рақатсыз өтсе де өмір жасым,
Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!

Су да болар ол жолда, тау да болар,
Жаудың оғы, жайған тор, ау да болар.
Мынау пайда, мынасы зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар.

Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңды ерлер де бар.

Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,
Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан.
Жұрт, қолымнан келмесе, өкпелемес,
Барын сақтап, мен аяп, алып қалман.

Ел мұнымды білемін ұқпайтынын,
Көтермеге талғанда шықпайтынын,
Шалыс басып аяқты, жығылғанда,
«Жатқаныңнан тұрма!» деп мықтайтынын.

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін, деп жырлаған екен, Ахмет Байтұрсынұлы атамыз. Бүгінде ол бізді болашаққа шақырып тұр. Ахмет атамыз ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым…
«Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға». Оның бүкіл еңбегінің мәнін бір ауыз сөзге сыйғызып айтар болсақ, ол бас әріппен жазылған ҰСТАЗ, ХАЛЫҚ ҰСТАЗЫ.
Ахмет Байтұрсынұлының атын қазақ баласының естімегені жоқ шығар. Оның әліпбиі мен оқу құралдарын оқып, сол ғылыми еңбектерінің арқасында қаншама адам сауатын ашты, білім үйренді?!..
Ол Қазақстанның әр түрлі облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық жұмыспен айналысты, жарғақ құлағы жастыққа тимей, масаша ызылдап, туған халқын оқуға, өнер- білімге шақырды, өркениетті елдерден кейін қалып, көрінгенге жем болып жүргеніміз біліміміздің, өнеріміздің жеткіліксіздігінен, оқыса, ілгері кеткен елдер қатарына қосылуға талпынса, қазақ халқы да ешкімге есесін жібермейді, әңгіме талаптануда, намыстануда дейді.
Ахмет Байтұрсынұлының туған заманында өскен, әліпбиі мен оқу құралдарын оқып, сол ғылыми еңбектерінің арқасында көздерін ашқан кісілердің бәрі Ахмет атаның атын, халқы үшін сіңірген еңбегін ұмытқан жоқ. Биылғы жыл халқымыздың  көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты  ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толғалы жатыр, яғни мерейлі жыл.
Үкіметтің мерейтойларға байланысты  қаулысына сәйкес 100, 125, 150, 175, 200 жылдықтар ғана  тойлануға жатады. Кейінгі ұрпақ ұлы ғұламаның  туған күнін жадынан  ешқашан шығармаса  дейсің. Оның бір ғана жолы – жыл сайын Ахмет атаның атын атаусыз қалдырмау.
Ахмет Байтұрсынұлы өмірі мен қызметінің тағы бір салмақты саласы оның ақындық, аудармашылық еңбегі. Ол бала кезінен қазақ ішінде көркем сөз құдіреті жоғары саналатынын көріп, естіп, сезініп, ойланып өскені анық.
Рухани жаңғыру – ұлтымыздың ұлт болып ұйысуының, тарихымызды сақтаудың, тұлғаларымызды танытудың, өткенімізді білудің, болашаққа бағдардың, келешекке кемел ғибратты із қалдырудың мәйегі болатын бастама. Бұл бүгіннен бастау алмағандығының тарихи куәгері ретінде Алаш Зиялыларының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп аңсауы ұлт Тәуелсіздігі, сана еркіндігі екендігін аңғарамыз. Себебі ХХІ ғасыр Қазақ халқы үшін, жаңа дәуірдің, еліміздің өркендеуі үшін жаңа Белестің басталған уақыты. Қазіргі таңда Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Мен тәуелсіз мемлекетте туғаныма мақтанамын! Себебі Тәуелсіздік – ол ең қастерлі ұғым. Тәуелсіздігімізді жариялағалы бері көптеген табыстарға қол жеткіздік. Тәуелсіздік – ата-бабамыз аңсаған, армандаған бақыт таңы. Ендеше, әр күніміз арайлы, жүзіміз шырайлы болсын!

Ермек Назым Маратқызы
3 «A» сынып оқушысы.
Ақмола облысы, Жақсы ауданы,
Ешім ауылының
жалпы орта білім беретін мектебі
Жетекшісі: Жолаушина Гульзира
Куанышбековна

ПІКІР ЖАЗУ