Ел-Анасынан бата алған бала
Кішкентай шәкірт Кенжехан Спандияр Найманұлы талантты, тапқыр, еңбекқор, өнерге құштар шәкірт. Ол Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылы, Жамбыл атындағы орта мектептің 1-сынып оқушысы. Қолдан әртүрлі ойыншықтар жасағанды ұнатады.
Түрлі-түсті пигураларды әдемілеп түрлендіреді. Әсіресе, қуыршақ фильм кейіпкерлерін жасағанды, әралуан ойыншықтарды пішіндегенді жаны сүйеді. Оның басты қызығушылығы сазбал-шықпен (пластилинмен) жұмыс жасау. Жасаған заттарының арасынан автокөлік, жеңіл машина, танк, ұшақ, жауынгер дейсің бе, не іздесең табасың. Өзі көріп өскен жан-жануарды, өсімдіктерді бірінен бірін арттырып формасын айнытпай жасап шыққанда қайран қаласың. Оның қолы епті, қиялы жүйрік, зеректігі өз қатарынан озық. Басқалардан өнері басым тұратын Спандияр сыныбының мақтанышы.
Жуықта дарынды бала Спандия оқитын мектепке «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры, қаламгер, қоғам қайраткері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері, «Жамбыл облысының құрметті азаматы», Еланасы Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедиция сапарымен барды. Мектептегі ұстаздар қауымы және оқушылармен ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылық бойынша кездескен болатын. Әне сол кездесуде ұстаздарының таныстыруымен, Сәуле апасы дарынды баланың жұмыстарын көріп тәнті болды. Саусағынан өнер тамған жеткіншектің талабына дем беріп, ақ батасын ақтарып, маңлайынан сүйді. Болашағына үлкен сеніммен қарап, білімге құлшындырып, өнерге талпындырды. Осылайша шебер бала Спандияр Найманұлы Еланасының ықласпен берген батасын алды. Бізде талапшыл өспірімге өнерде өрге жүзе бер деп, ақ жол тілейміз!…
Нұргүл Дарханқызы, «Мөлдір бұлақ»