Егемен елдің ұланымын

Тәуелсіздік – ұлттың, тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Біздің ата-бабамыз армандап, қол жеткізуге талай боздақтарын қиып, өз өмірлерін тәрк ете күрескен, баға жетпес құнды да қасиетті сөз. Тәуелсіздік… Осы бір ғана сөздің астарында қаншама жүрегі елім, жерім, халқым деп соққан, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты жастарымыздың» еңбегі жатыр. Тәуелсіздікте ұрпағым деп қасықтай қаны, шырқыраған жаны қалғанша ұлтарақтай жері үшін, атамекен елі үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың рухы жатыр.

Қазіргі таңда Тәуелсіздік барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді.
Мен көгінде көк байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстан Республикасының ұланымын. Азияның кіндігінде орын тепкен, картадан ойып орын алған, ұлан байтақ жердің иесі, қазақ деген ұлы халықтың перзентімін. Тәуелсіздік таңы атқанына міне 31 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп этностың басын біріктірген Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды.
Мен сияқты өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін тәуелсіздіктің маңызы ұшан-теңіз екендігіне сенімім мол. Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары»,- деп, бекер айтпаған. Сол себепті де әркімге өз туған жері өте қымбат.
«Қазақстан менің туып өскен мемлекетім, менің туған жерім, мақтанышым»,- деп, айтқан кезде әр адамның бойында ерекше сезім билеуі, санада бір сәуле жарқ ете түсуі тиіс. Отанды елестеткенде ел мен жерге деген махаббат оянуы, туған халқың мен туған елдің алдындағы перзенттік парызың жайлы ойлар оралуы тиіс. Ұлтымыздың әйгілі шешені Қазыбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат… Туып өскен – елің қымбат, кіндік кескен – жерің қымбат»,- деп туған жердің қасиетін ерекше бағалаған. Сондықтан әр адам өз елінің патриоты болуы тиіс.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы – Тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық.

Жақұпжан Аяжан, Алматы облысы,
Райымбек ауданы, Текес ауылы,
Қ.Шорманов атындағы орта мектептің
8-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ