Дзю-дошылардың ірі табысы

11bet_f36Жуырда Алматыда дзю-додан Әлем кубогының кезекті кезеңі аяқталды. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет мәртебелі сайыстың кезеңін жалпыкомандалық есепте ұтып алды. Қазақ шығыс күресі шеберлері Алматы төрінен 3 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлдені олжалап, ерлеген еді.
Бұл сынға әлемнің 25 елінен 150-ге тарта спортшы келген. Әлем кубогының алғашқы күні зайсандық спортшы Гүлжан Иссанова қарсылас шыдатпады. Ресейлік Е.Чераметованы, украиналық И.Киндерсканы кілемнен ығыстырған ол шешуші белдесуде бразилиялық Мария Алтхаменді алып ұрды. 81 келіде Ислам Бозбаев та өзіне қарсы келген өзбек З.Арсылановты, серб  А.Нефедовты, бразилиялық Н.Елиасты ұтып, финалға шықты. Ал ақтық белдесуде ирандық Наджад Әмірді жеңіп, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, 66 келіде Наурызбек Майлашов та қарсылас шақ келтірмеді. Алдымен өзбек М.Фармановты, қырғыз И.Баялиновты, осы салмақтағы ел чемпионы Сергей Лимді жарыстан шығарды. Финалда Наурызбек ресейлік Якуб Шамиловты (жастар арасындағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері) айқын басымдықпен ұтты.
Екі спортшымыз күміспен күптелді. Асхат Телманов жартылай финалда жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Елдос Сметовты ұтып, ақтық сында моңғол Амартушин Дашдавааға есе жіберіп алды. 73 келіде Ринат Ибрагимовтың да жеңістен үміті мол еді. Бірақ соңғы белдесуде тәжік Расул Бөгиевтен оңбай ұтылды.
Бес спортшымыз – Сергей Лим (66 кг), Елдар Зарыпханов (73 кг), Ержан Шинкеев (+100 кг), Келбет Нұрғазина (53 кг), Ғалия Үлментаева (78 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл әлемдік сайыстағы Қазақстан спортшыларының жеңісін ерлер құрамасының бас бапкері Асхат Жаткеев: «Бұл біздің әлем кубогындағы ең ірі табысымыз» деп бағалады.
Өз тілшімізден.

ПІКІР ЖАЗУ