Достықтың құны

8bet_f13Шегірдің кеңшардың  жылқысын баққанына көп жылдың жүзі болды. Сол ауылға сыйлы кісінің бірі. Орта бойлы, толықша келген, екі бетінде қан ойнап тұрады. Жасы алпысқа келіп қалғанымен, әлі күнге  дейін асау  жылқыларды өзі бас білдіре береді. Осыдан екі жыл бұрын аудан орталығына барған кезде, «кавказ» тұқымдас үлкен күшік сатып алған болатын. Сол ит  өзінің жан жолдасы десе болады. Екеуі бір-бірін қатты түсінеді. Шегір тауға жылқы аралауға шыққан кезде иті де қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, Шегір қайда жүрсе, төбеті де сонда. Бір-біріне бауыр басып кеткені соншалықты, Шегір итке байқатпай шығып кетсе де, сол жерден төбеті тауып алады. Кейінгі кезде қасқырлар ауылға үйір бола бастады. Төбеттің үрген дауысынан-ақ, қасқырлар бұл жаққа аяқтарын баспайды. Қалған ауылдың қойларын немесе басқа малдарын қасқыр тартып немесе жеп кетті деп жатады. Осы төбеттің арқасында Шегірдің мал басы аман. Осыны айтып Шегір көп жерде мақтан тұтады.
Қысқа қарай малшылар соғым сояды, кезек-кезек соғым басына шақырады. Қыстап отырған қашарлардың арасы 3-4 шақырымнан аспайды. Шегір қос айғырды жегіп шанамен жүрген кезде, төбеті шанаға мініп алады. Шегір үйге кіргенде, шананың үстінде жатады. Бір күні 10-12 шақырым жердегі бір жекжаты келін түсіріп, кемпірі: «Ол жақта жастар болады, сен болсаң үйге кіріп кетесің, біреу-міреу мылтығыңды алып қояды ғой. Жаныңда төбетің бар, құдай сақтар, мылтықты тастап кетсейші». «Оның да дұрыс шығар». Шегір мылтығын кемпіріне ұстата салды да, тартып кетті. Төбеті шанаға секіріп мініп алды. Кешке малды жайғастырып, ауылдың кісілері  келіп,  келіннің бетін ашқанда, түннің біраз уақыты болып қалыпты. Шегір далаға шығып қараса, жердің беті аппақ қар, ай күндізгідей жап-жарық. Екі айғыры, қашан қайтамыз дегендей, тарпынып тұр екен.
Екі айғыр жолға түсісімен ауылға қарай  ағызып берді. Шегір шанаға жақсылап жайғасып отырып алды, ал төбеті жанында жатыр. Үлкен төбеден  асып түскені сол-ақ екен, айғырлар елеңдеп пысқыра бастады. Шегір жан-жағына қарап еді, ештеңе байқай алмады. Осы кезде төбеті шанадан бір түсіп, бір міне бастады. Артына бұрылып қараса, оншақты қасқыр бұларды қуып келе жатыр екен. Шегір аттардың басын барынша жіберіп, қамшының астына алды. Төбеті де шанадан бір түсіп, бір мініп болар емес. Қасқырлар қалатын емес, қайта жақындап қалды. Шегірдің қолында қамшыдан басқа ештеңе жоқ. «Қап-ай! Бағана қос атар мылтықты бекер тастап кеткен екем!» — деп, өкініп қалды. Алыстан қыстақтың жарықтары жылтылдап көрінеді. Қасқырлар жақындап келіп қалды. Біреуі қатарласа келіп, аттың шабынан алатын түрі бар. Осы кезде Шегір жанында жатқан төбетті итеріп, шанадан құлатып жіберді. Қасқырлар төбетті бас салды. Төбет те оларға бой беретін емес. Олар алысып жатқанда, Шегір ұзай бастады. Артына қарап қояды, қуып келе жатқан қасқыр жоқ. Екі айғыры аман-есен қыстауына алып жетті. Шегір келе сала, айқайлап, көмекшісін шақырды.
— Ол көрші ауылға соғым басына кеткен, – деді кемпірі.
 — Әкел әкеңді… сен ғой, бағана мылтықты тастап кет деп зар қақтың. Бізге қасқыр шапты, төбет сол жерде қалды.
— Ойбай? Қайда барасың, көмекшің де жоқ, ол келсін, содан соң барасыңдар, — деп кемпірі жібермеді.
Жақын арада көмекші келе қоймады. Шегірдің көзі таң атқанша ілінбеді. Итінің жағдайы не болды екен? Соншама қасқыр жабылып талап өлтіріп тастаған шығар? Таң атты, көмекшісі келді. Шегір дүрсе қоя берді:
— Қайда жүрсің, мал-жайды иесіз қалдырып, мен саған сеніп кеткен жоқпын ба?
Көмекші болса өзінше ақталып жатыр:
— Құдай сақтасын, біздің төбет тұрғанда, бұл жаққа ештеңе бола қоймас.
   Шегір өздеріне қасқыр шапқанын, төбет солармен таласып қалғанын айтты.
— Ондай болса мен үйге барып, мылтығымды алып келейін, сіз де киініп, мылтығыңызды алып шығыңыз, — деп көмекші үйіне жүгіріп кетті. Шегір де үйге кіріп, мылтығын алды. Кемпірі сырттан үйге кіріп келіп:
-Сүйінші! Төбетің аман, қораға кірді, бірақ сау жері жоқ, қып-қызыл қан» — деді.
Шегір шыдай алмай, далаға жүігір шығып, төбетін құшақтай беріп еді, төбеті арс етіп Шегірдің алқымынан алды. Содан Шегір етпетінен түсіп, о дүниеге жүріп кетті. Төбеті Шегірдің үстіне құлап, қайтып тұрған жоқ. Көріп тұрған кемпірі шыңғырып жіберді, көмекшісі әйелімен атып шықты. Қораның ішінде қанға боялып Шегір жатыр, оның үстінде – төбеті, екеуі де өліп жатыр. Не болғанын көршісі түсінбей қалды. Аң-таң.
 Шегірдің кемпірі бір кезде есін жинап алған соң, «Кеше қасқыр аттың шабынан ала жаздаған кезде, Шегір жанында отырған төбетті шанадан итеріп жібергенін айтты. Мынаны көрдің бе? Иттің иттік істегінін», — деді кемпір.
— Ойпырмай! Қандай ақылды, әрі кекшіл ит еді! – деп қалды көршінің әйелі.
— Қой, не деп тұрсың! – деп, әйеліне көмекші дүрсе қоя берді. Ертеңіне ел-жұрт жиналып, Шегірді жерледі. «Қой, итті де жерлейік, нағыз достың өзі ғой. Қиын-қыстау, басына іс түскен кезде, «досты сатуға – болмайды» — деп, көпшілік итті де жерледі.

Жақсылық ДОСАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Тараз қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ