Достық үйі – Қазақстан халқы Ассамблеясының айнасы

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйі 2018 жылы Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған болатын.
Қазақстанның барлық этностарын біріктіретін ортақ үй елорданың ең кең даңғылдарының бірі – Бауыржан Момышұлының бойында орналасқан. Астанамыздың «Жерұйық» саябағына қарама-қарсы «Сәукеле» іспеттес ерекше көзтартарлық сәулеті жарасқан үш қабатты ғимарат 5 мың шаршы метр кең аумақты алып жатыр. 

 

Әсем сарайдың тірі табиғат бұрышындағы жайыла өскен өсімдіктер, бір қарағанда, ғажайып ертегі сарайын елестетеді. Достық үйінің бірінші қабатында Қолөнер шығармашылығының орталығы, мәжіліс залы, би залы, студия, кітапхана, медиация кабинеті, костюмер орналасқан болса, екінші қабатында конференц-зал мен этномәдени бірлестіктерге арналған кабинеттер бар.
Әрбір этномәдени бірлестіктің кабинетінде әр халыққа тән өзіндік рух сезіледі. Қойылған жиһаз бен заттардың безендірілуі арқылы белгілі этностың тарихы, мәдениеті мен дәстүрі сыр шертіп тұр.

 

Ғимаратта 22 этномәдени бірлестік орналасқан, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымында: Ғылыми-сараптамалық топ, Қоғамдық келісім кеңесі, Жастардың үйлестіру кеңесі, Аналар кеңесі, медиация, қазақ тілі қоғамы, кітапхана, баспасөз орталығы, «Парасат» қайырымдылық орталығы жұмыс істейді.
Елордадағы Ассамблея орталығы түрлі қалалық құрылымдармен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық келісімді сақтау жөнінде өзара қарым-қатынас орнатқан. Аймақтардағы құрылымдар үшін үлгілік стандарт болатын Даму бағдарламасын да бекітті. Оның бөлімдерінің бірі – астаналық ҚХА-ның негізгі ресурсына айналған Достық үйінің қызметіне арналады. Достық үйінде дөңгелек үстелдер мен концерттік бағдарламалардан басқа әлеуметтік қолдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Достық үйіндегі Аналар кеңесінде тегін түрде қызмет көрсететін түрлі клубтар жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қазақ салт-дәстүрінің қол өнері» клубы, «Fitness Gold» клубы, әлем мешіттерін тігу клубы, тоғыз құмалақ ойынына үйрету клубы, ат спорты клубы бар.
Достық үйінде Қазақстанның дамуына, өз ортасында азаматтарымыздың әл-ауқатының жақсаруына үлес қосып, еңбегімен танылған көшбасшылар, қоғамда лайықты беделге ие болған отандастарымыз қызмет етеді. Олардың басым бөлігі ынтагерлер (энтузиаст), сондай-ақ, өзінің негізгі жұмысымен қатар қоғамдық негізде этномәдени бірлестіктерді басқарып, өз армандарын жүзеге асыратын белсенді азаматтық көзқарастағы тұлғалар болып табылады. Оған қоса өзінің қоғамдық қызметімен көп конфессиялы және көпұлтты мемлекетімізде жалпыұлттық бірлігіміз бен келісімді сақтауға мейлінше ықпал етеді.
Достық үйі жанындағы Ғылыми-эксперттік топ Ассамблеяның консультативтік-аналитикалық органы болып табылады. Тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, этномәдени бірлестіктер мен қалалық ассамблеяның қызметтерін зерттеуге негізделген ғылыми жұмыстарды жарыққа шығарумен айналысады.
Сонымен қатар этномәдени орталықтар атынан тіркелген 16 қоғамдық медиатор жұмыс жасайды. Олар Достық үйінде кеңестік (консультациялық) қызмет түрлерін көрсетіп, медиация институтын насихаттау жұмыстарын дұрыс жолға қойған. Ассамблея негізінде ана тілін, мәдениеті мен тарихын оқып-үйренетін 12 этнолингвистикалық мектеп жұмыс жасайды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігігің Қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму Бағдарламасын орындау бойынша іс-шаралар Жоспары бекітілген. Мұндай бағдарлама тек қана елордалық ассамблеяны ғана емес, жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы интситутын дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама болып табылады. Бағдарламаның негізін Елбасының идеяларын іске асыруға бағытталған шаралар құрайды. Бағдарлама елорда Ассамблеясының аймақтардағы ассамблеялармен тығыз қарым-қатынас орнатуы мен халықаралық деңгейдегі байланыстарының кеңеюін көздейді.
Достық үйі біртіндеп астаналықтар мен елорда қонақтары, балалар мен ересектер бас қосатын демалыс орнына және әрқайсысы қалаған уақытында өзінің көңілінен шығатын іспен айналысуға мүмкіндік беретін сүйікті орталығына айналып келеді.

Дайындаған – Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ