Досқа адал, уәдеге берік, неміс халқы

Нұр-Сұлтан қаласында қазақ-неміс орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, «Возрождение» қоғамдық қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы А.Рау, Германия Федеративтік Республикасы Үкіметінің қоныс аударушылар және аз ұлттардың істері жөніндегі комиссары Б.Фабрициус, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Е.Әлімбаев қатысты.

 

Қазақ-неміс орталығының ашылу мақсаты – елімізде тұратын этностардың тілдерін сақтау және Қазақстандағы барлық этностардың этникалық мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға мүмкіндік беретін мәдени бірлестіктерге мемлекеттік қолдау.
М.Әзілхановтың айтуынша, еліміздің немістері басқа этникалық топтармен бірге біздің көп этносты Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосып отыр. Осылайша, «Возрождение» қоғамдық қоры өзінен бұрынғылардың дәстүрлерін дамытады, жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асырады, ұлттық мәдени және рухани мұраның сақталуына үлкен үлес қосады. Сондай-ақ, Қазақстандағы азаматтық қоғамның өміріне белсенді араласу және қазақ-неміс қарым-қатынасын дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде.
– Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, біздің халық Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен келісуінің негізі ретінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті таңдады. Тәуелсіздік жылдарында біздің еліміз әлеуметтік, этникалық және діни нанымына қарамастан барлық азаматтардың құқықтарының шынайы теңдігін қамтамасыз етті, – деп атап өтті М.Әзілханов.


Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар атап өткендей, соңғы жылдары Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты қарым-қатынастар серпінді және жемісті дамуда – тұрақты саяси диалог орнатылды, сауда-экономикалық ынтымақтастық нығайып, кеңеюде, берік құқықтық база құрылды, мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңеюде.
«Қазақ-неміс орталығы өзара байланыс орнататын жаңа орынға айналады, неміс тілін, немістің халықтық дәстүрлерін үйрету арқылы ұлттық бірегейлікті сақтауға және көпұлтты Қазақстанда тұратын әр түрлі этностардың жақындасуына ықпал етеді», — деп қосты А.Рау.

Жалпы немістер ең алғаш Қазақстанға қалай келді дегенге тоқталатын болсақ… Повольже немістерінің елден қуылуы 1915 жылы Николай ІІ жарлығымен іске асырыла бастады. 1937-38 жылдары немістерді Сібірге қоныстандыру жөніндегі идея қайта көтерілді. 1941 жылы 28 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының N 21-60 «Повольже аудандарында тұрып жатқан немістерді қоныстандыру туралы» Жарлығы жарық көрді. Жарлық бойынша әскери биліктен алынған бұлтартпас мәліметтерге сәйкес Повольже ауданында тұрып жатқан неміс халқының арасында мың және он мыңдаған диверсанттар мен тыңшылар бар. Олар Германиядан алынған мәлметтер негізінде Повольже немістері қоныстанған аудандарда жарылыстар ұйымдастырмақшы. Сондықтан Повольже аудандарында  тұратын барлық неміс халқын басқа аудандарға қоныс аудару қажет, оларға жер бөліп беріп, жаңа ауданға орналасуда мемлкеттік көмек көрсетілсін деп шешім шығарды. Оларды орналастыру үшін Новосібір және Омбы обылыстары, Алтай өлкесі, Қазақстан және басқа да республиканың жерлері бөлініп берілді. Жер аударылған немістердің жарымжан тағдырына табиғатынан мейірімді, жаны жомарт қазақтар бей-жай қарамады. Сталиндік колектвтендіру кезінде өз отандастарының 24 пайызын жоғалтқан қазақтар, қоныстанған жерлерінен бірі қылмыстан қуылған немістерді түсінбеулері мүмкін емес еді. «Қиын сағаттағы таныстық, сәтті сағаттағы достыққа жалғасады» деген қазақ мақалы бар.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә Назарбаев 1997 жылдың желтоқсанында ГФР-дағы ресми сапарын қорытындылау кезіндегі өз сөзінде: «ГФР-да бола отырып, Қазақстандағы «неміс мәселесіне» көңіл аудармай кету мүмкін емес. Барлық жерде — Г.Колмен сұхбаттасу кезінде, Бундестагта, сонымен қатар министрлермен болған сұхбаттасуларда бұл мәселе ұдайы талқыланып отырды. Ұлты неміс біздің азаматтардың Қазақстанда қалуына Германия жағы өз қызығушылықтарын білдірді. 1997 жылы 7 мың қазақстандық неміс ГФР-нан өз үйлеріне, біздің республикамызға қайтып оралды», -деді. Демек, «Тілі басқа, тілегі бір, түрі басқа жүрегі бір» неміс халқын қазақ халқы сонау қиын-қыстау соғыс жылдарында жат санамай, бауырына басқан бауырмалдығы жылдар өте етене жақын қимастыққа ұласып, бүгінде қоян-қолтық, терезесі тең, ынтымақ-ырысы жарасқан бауырлас халыққа айналуына себеп болып отыр.
Немістер табиғатынан ұлттық бірегейлік пен темірдей тәртіпке бейім халық. Герман халықтары үнді-еуропалық тіл тобына жататын неміс тілінде сөйлейді. Немістер ділі мен ұлттық дәстүріне берік, достыққа адал халық.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ,
арнайы «Мөлдір бұлақ» үшін

ПІКІР ЖАЗУ