Домбыра
Ендігі сөз қазақ халқының жан сезімі, жан серігі — домбыра туралы. Домбыра — халық даналығы. Ол халқымыздың өмір тәжірибесі мен табиғат, адам, әлем туралы білімдерін, ескі діни наным-сенімдері мен философиялық көзқарасын бейнелеп, оларды атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырды. Домбыра — көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Тарихтың хатқа түспеген талай беттерін паш етіп, халқымыздың тарихнамасына айналады. Ғалымдар осыдан кемінде 2 мың жыл бұрынғы бейнелердегі қос шекті аспаптың қазақ домбырасымен ұқсастығын айта келіп, оның Қазақстан жеріндегі байырғы көшпелілер арасында ең көп тараған аспаптың бірі болғандығын дәлелдейді. Домбыра дәстүрінің дамуы ХІХ ғасырда шарықтау шыңына жетті. Мәдениетіміздің дәстүрінде көптеген кәсіби күйші-композиторлар қалыптасып, күйшілік дәстүр көптеген мектептерге бөлінді. Бұл күйші-композиторлар өзіндік стильдік ерекшелігімен, қағыс техникасымен, музыкалық тілімен, орындау шеберлігімен оқшауланып, өнерімізде жарқын із қалдырды. Домбыра — әр дәуірде мәдениетімізде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік туғызды. Сондықтан, домбыра да қазақтың жеті кереметі қатарында.
Маған бәрібір
Маған домбыра үйрену