Димаш ата ұлағаты:

Біріншіден үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсырет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма.

* * *
Адам болған соң, жақсылыққа ұмтыласың. Бақытты болсам, абырой-атаққа жетсем дейсің. Үміт ілгері жетелейді. Сол жолда оқып, білім алады екенсің. Ел қатарлы еңбек етіп, тер төгесің. Ізденесің. Талпынасың. Таласатын да, тайталасатын да кез келеді. Таусылар шақ, мұңаяр тұс аз болмады. Бірақ жасымадым, салымды суға жібермедім. Қуанышың қойныңа сыймай жүрген күн келді. Асып, тасымадым. Жоғарыда айтқандай шүкіршілік жасадым. Сап-сап көңілім деп, өзімді-өзім сабырға шақырдым. Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралатын ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.

* * *
Рас, мен де жұмыр басты, екі аяқты пендемін. Өткен күндерге ой жүгіртіп, әрбір қадамымды таразыға салған жайым бар. Шығыс даналығы: басқыштың төменінен бір-бірлеп басып қана жоғары шығуға болады дейді. Мен биікке осылай көтерілдім. Баз біреулердің:
Жанашырың болмаса
Жатпен жалғыз жүрмеңіз.
Қостаушыңыз болмаса,
Біле тұрып, білмеңіз, — деген сөзіне иланған емеспін, иландырғым да келмейді.

* * *
Жақсыны да көрдім, жан ауыртқан күндерді бастан кешірдім. Ол менің ғұмырым, бірақ бұл өмірді халықтан бөле-жара қараған емеспін. Бозбала шағымда қара бастың қам-қарекеті болса болған шығар, бірақ ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсат елмен еншілес болды, халқым. Саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым, соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден танбаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Сондықтан дүние қайта айналып келмей-ақ та қойсын, мен басқаша істейтін едім деп жұлқынбай-ақ қояйын.a

ПІКІР ЖАЗУ